Кәсіптік білімнің сапасы жұмысшы мамандар біліктілігіне тікелей әсер етеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 772 колледж бар. Экономикамыз колледж түлектеріне көбірек мұқтаж екені анық. Статистика бойынша жұмыс берушілердің 79 пайыздан астамы жұмысшы біліктілігін қажет етеді. Олар жабылып қалған жұмыс орындары мен жылыстап бара жатқан дағдылар арасындағы кеңістікті жояды. Ел дамуының бір бағытына айналар маман дайындайтын колледж тыныс-тіршілігін білу үшін Астана қаласындағы «Басқару» колледжіне бардық.
Колледждің жұмысшы мамандарды дайындайтын нысаны қаланың шет жағында орналасқан. Нысанды айнала кәсіпорындар қоршап тұр. Бір қарағанға теория мен тәжірибенің арасында алшақтық болмасы үшін арнайы жасалғандай көрінеді. Негізгі басымдық еңбек нарығын тізгінде ұстай отырып, білім беру қызметтерінің сапасын тұрақтандыруға қойылған. Заманауи білім беру ордасында 59 оқу кабинеті, 13 шеберхана, 4 зертхана, 12 компьютерлік сынып, 1 лингофондық құрал-жабдықпен жабдықталған компьютерлік сынып, жалпы ауданы 208,9 шаршы метр болатын екі акт залы, 70 орындық оқу залдарынан тұратын екі кітапхана бар.
«NOCN» Халықаралық бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Тим Докинз кәсіптік техникалық білім беру сапасын қамтамасыз етудің стандарттары мен тәсілдері туралы айтқаны ойға оралып отыр. Оның пікірінше, түлектердің біліктілігі мен жұмысқа дайындығы арасында алшақтық бар. Бірақ бұл мәселенің шешімі ретінде тағылымдамадан өтудің дуалды моделін ұсынған. Яғни оқытудың теориялық бөлімі білім беру ұйымында, ал практикалық бөлігі өндірісте өтеді. Дуалды оқыту біз келген колледждің оқу бағдарламасында да бар екен әрі оны тиімді түрде іске асырып жатқанын көзімізбен көрдік. Мұндай оқыту туралы үшжақты шарттар мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген. Электрмен қамтамасыз ету, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, шаштараз өнері, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандары білімін халықаралық әдіспен шыңдап жүр.
– Бүгінде техникалық кәсіби білім өте маңызды. Біздің колледж оқу-өндірістік шеберханалары мен инновациялық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда білім алушылар теориялық білімін бекітіп, кәсіби біліктілігін арттыра түседі. 13 мамандық бойынша оқытамыз. Колледждің серіктес ұйымдары да көп. Бұл түлектердің жұмыс орнын дұрыс табуына көмектеседі. Мұндай сабақтастық оқу орындарының барлығына ауадай қажет. Себебі біз экономикаға мамандар дайындаймыз. Сондықтан сапаға баса мән береміз. Ұжымның кәсібилігі бірінші орында тұрады. Сосын білім мен практиканың байланысына жіті назар аударамыз. Дуалды оқытудың әртүрлі әдістерін тексеріп көріп, студенттерімізге бағыт-бағдар беріп жүрміз. Колледжде жүріп-ақ өзінің кәсібилігін арттырып, қосымша қаржы тауып жүргендер де бар. Одан кейінгі естен шығаруға болмайтын бір жайт – жайлылық. Бұл – өзекті дүние. Біздің ұстаным – білікті мұғалім, білімді студент, – дейді колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Нақия Әленова.
Әдетте колледж студенттердің бойында қатты дағдылар (hard skills) көп дамиды. Яғни техникалық ойлау жүйесінен аспай қалып жатады. Бірақ оқу бітіргеннен кейінгі өмірге дайын болып, ел ісіне араласуы үшін жұмсақ дағдылар да (soft skills) қажет. Біз көбіне маманнан гөрі адам қылу маңызды екенін естен шығарып жатамыз. Асылында, сыни тұрғыдан ойлай алатын, ісін саралай алатын адам да, маман да ауадай қажет. Осы ойлардың жетегімен 72 жастағы оқытушы Пану Хамзаеваға бардық. Ол мұнда тарих пәнінен сабақ береді. Кабинетіне барсақ 52 жылдық тәжірибесі бар ұстаз оқу жоспарларын пысықтап отыр екен.
– Қазіргі кезде балаларға қойылып отырған негізгі мақсат – өздігінен ізденіп, білім алу. Біз олардың барынша жан-жақты, тапқыр болғанын қалаймыз. Өз салаңды жетік меңгеріп, білікті маман болған жақсы. Бірақ адам бойындағы игі сезімдер мен даналық көзін естен шығармауымыз керек. Біз балалар оқуға түсісімен осы жағына мән береміз. Айталық, алдыма келген әр топты Сәкен Сейфуллиннің музейіне апарамын. Сәкен ұсталар шақта баласы 1 жасқа толып жатқан екен. Соны ойлап, қонаққа деп ақ дастарқан сатып алады. Бірақ сол мезетте ұсталып кетеді. Сол жайылмай қалған ақ дастарқанның қадірін балалардың ақ көңіліне құйғым келеді. Сонда балалар музейден «Мұғалім, біз өмірде болып жатқан көп дүниеге мән бермейді екенбіз. Біз тіпті қалай ел болғанымызға да бейжай қарайды екенбіз», деп шығады. Колледж студенттеріне мұндай да тәрбие керек, – дейді Пану Хамзаева.
Білімде жалғыз жүріп жол табамын деген адасады. Сондықтан да әртүрлі оқу орындарымен ынтамақтастық орнату маңызды. «Басқару» колледжі де осы талаптың үдесінен шығып отыр. Айталық, Ресейдің Қазан қаласына барып, өзара меморандумға қол қойған. Тараптар өзара сенім негізінде білім алмасуға уағдаласқан. Бұл студенттердің өзге де оқу бағдарламасын көріп-танысуына жол ашады. Осындай мүмкіндікке ие студенттермен де таныстық. Айта кететіні, біз жүрген дәліздің барлығы көркем бұйымдар мен әсем картиналарға толы. Оның бәрі осында оқитын балалардың қолынан шыққан. Колледждің ішкі жағдайы туралы білу үшін білім ордасындағы студенттердің президентін де сөзге тарттық.
– Колледж маған қатты ұнайды. Мектепте компьютерлік ойындарға қызыға бастадым. Уақыт өте келе радиодетальдармен таныстым. Содан соң осы колледжді таңдадым. Оқу орнының жайлылығын, жақсы пікірлер мен ұстаздардың білім деңгейін ескере отыра таңдадым. Бізге жетіспейтін дүниелер де бар. Мысалы, әрбір сала мамандықтарына арналған зертханалардың аздығы. Бірнеше салада оқитын студенттер бір зертханада білім алуға мәжбүр. Сол жағы реттелсе, жақсы болар еді. Көңіл көншітерлік дүниелер де жетерлік. Жастар ісі жөніндегі комитет өз ісін жақсы атқарып жатыр. Оған дән ризамыз. Қалалық деңгейде өтетін әртүрлі жарыстарға белсенді түрде қатысып келеміз, – деп шынын айтты Петр Сыпченко.
Колледжге көбіне әлеуметтік жағдайы төмен, отбасында қиындықтарға көп ұшырасатын балалардың баратыны жасырын емес. Оны біз де көзімізбен көрдік. Отбасылық жағдайына байланысты оқуға келмейтін, сабаққа бейжай қарайтын балаларды айтпағанда, қаржы жағынан қиындық көріп жатқандар да көп. Осыны ойлағанда, 2025 жыл тезірек болса екен дейсің. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарды 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтармен 100 пайыз қамту көзделгені еске түседі. Одан бөлек оқуға ынтасы жоқ, тәртіпке көнбейтін балалар да бар. Олармен психологтар жүйелі жұмыс жүргізеді екен. Расында да, «Қиын оқушы» ұғымы педагогтер арасында кең таралған. Педагогикалық тәрбиесі қиын балалар – оқуға, еңбекке, қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалар. Бұл мәселенің шешімін педагог ғалымдар көп іздеді. Әркім өз бетінше шешуге тырысты. Дегенмен көбінің ойы тәрбиені отбасы жағдайын зерттеуден бастау керек дегенге тоқайласты. Отбасында қолайлы қарым-қатынас орнатса, бала қалыпқа келеді. Мұны қазақ «Отан – отбасынан басталады» деп бірауыз сөзбен айтып кеткен. Бұл тәсілді колледж мұғалімдері де қолданады екен. Бөлім меңгерушісі Нұргүл Әбілқасованың айтуынша, колледж қызметкерлері қаншама отбасылық жағдайы қиын балалардың өмірін бір жолға салған. Сол себепті үнемі осы жағдайды назарда ұстап отырады.
– Колледжімізде жұмысшы мамандықтарын дайындаймыз. Олардың ішінде электрмен жабдықтау, тігін ісі, радиотехника, элетроника және телекоммуникация, шаштараз сынды мамандықтар бар. Оқу орнына көбіне көпбалалы отбасынан шыққан, жағдайы төмен отбасында тәрбиеленген студенттер түседі. Сондықтан олармен тығыз жұмыс істейміз. Бұл айтуға ғана оңай. Кейбір ата-аналар балаларын ұстаздарға тапсырып, оларды екінші ата-анасы ретінде қабылдап жатады. Бұл дұрыс емес. Әрбір ата-ана баласы үшін толық жауапкершілік алуы шарт. Біз қолымыздан келгенді жасаймыз. Кейде ісіміз оңғарылып, нәтиже шығып жатады. Колледжге түскенде тәртіпке көнбейтін, қиқар балалардың кетерінде түбегейлі өзгергенін де көрдік. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі, – деді Нұргүл Әбілқасова.
Біздің елде ғана емес, жалпы әлемде COVID-19-дан кейін кәсіптік білім беруге көбірек көңіл бөліне бастады. Сол себепті де осы бағытты тереңдете түсетін пәнаралық зерттеу әдістері, теориялық негіздер және статистикалық модельдер де зерттеліп жүр. Кейінгі жылдары біз кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері жолығатын оқу қиындықтарын жақсы түсіндік. Көптеген мемлекеттің кәсіптік білімі пандемиядан кейін жаңа кезеңге өтті. Біздің де өтер шағымыз туғандай. Орта кәсіптік білім «төменгі санатқа» жатпайтынын ұғынатын сәт те келді.