• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Зерде 07 Ақпан, 2024

Жамбылдың бір суреті Америкадан табылды

7828 рет
көрсетілді

АҚШ астанасына оқуға келгелі менің ең көп баратын жерім – қаладағы үлкен кітапханалар. Осы сапарға аттанғандағы мақсатым бойынша кітапханалар мен архивтерден қазақ туралы деректер іздеуден жалықпаймын, нәтижесі де жаман емес. Небәрі үш айда халқымыз туралы деректері бар жиырмадан астам көне кітап пен сурет қоржыныма түсті.

Солардың бірі – 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шық­қан «Кеңестер Орта Азияда» кіта­бы. Ұлыбританиялық зерт­теу­ші Зелда Коутес пен Уиллиям Коу­тес бірлесіп жазған бұл кітап сол кездегі кеңес одағында­ғы рес­публикалардың жағда­йын баян етеді. Тұтас бір тарауын Қазақ­станға арнаған зерттеуші­лер қа­зақ еліне келген алғашқы сә­­тін былай толғайды: «Ташкент­тен Алматыға келгенімізде бізді жылы ауа, басын ақ қар шал­ған асқар тау, айбынды қала қарсы алды. Ұшақтан төмен қарап, жоталарға көз салдық, бірінен-бірі биіктеп бара жатқандай се­зілді. Оларға жақындаған са­йын пішінін өзгертіп, бізді бау­рай түсті», дей келе, Алматы қа­ла­сының арғы-бергі тарихы мен қазақ жеріне алғаш пойыз келген сәтті суреттейді. Сонымен бір­ге айналасын әсем гүлдер көм­­керген Алматыда 140-тан астам ағаштың түрі бар екенін де қа­ғыс қалдырмайды. 1946 жылы қала­дағы жоғары оқу орындарын­да оқи­тын студенттердің саны 10 мың­­ға таяу екенін де жазады.

«Қазақстан Үкімет үйінде қала басшысы және өзге үкімет мүшелерімен әңгімелестік, қала­ның архитекторлары да бірге отыр­ды. Қазақ үкіметінің біз кездес­кен өкілдері негізінен орта жастағы кісілер екен. Олардың арасында бір ғана әйел кісі бар, оның ұлты – қазақ, он бір жастағы қызы бар, өзі әскери институтта лектор әрі Ғылым академия­сында жұмыс істейді, КСРО Жоғары кеңесінің депутаты. Біз одан осыншама көп жұмысқа қалай төтеп беретінін сұра­ғанымызда, ол әр істі жүйелі атқарып, күн сайын өз сайлаушыларынан келген хаттармен тұрақты жұмыс істейтінін жасырмады».

Қазақстанның өндірісі, экономикасы, мал шаруашылығы, мектеп, аурухана, ғылым мен техника туралы деректер, санақ­­тар арқылы сол кездегі ел жағдайы­нан хабардар етеді. «1914 жылы халық­тың сауаттылық жағда­йы екі пайыз­ға да жетпейтін, елде 2000 мек­теп қана бар еді, оқу жа­сындағы 150 000 оқушының 450-і ғана орта мектепте оқиды» деген дерек келтіреді. Бұл – хал­қы­мыздың кешегі оқу-ағарту жағ­дайынан мәлімет беретін ақпа­рат­тың бірі.

Ал жырау Жамбыл туралы ке­ңінен жазып, оның өмірі, өне­рін оқырманға тәптіштеп тү­сін­діргісі келгендей. «Қазақ хал­қы­ның Абайдан кейінгі ұлы ақы­ны, ол да патша шенеуніктері мен жер­­гілікті бай-манаптардың қысы­­мына ұшыраса да, бақыт­ты өмір өткізді деуге болады. Жам­­был ақын дүниеге келген жыл­­­­дары қа­зақ халқының жазба әде­­биеті әлі қалыптаспаған еді. Оңтүстік Сібір мен Орта Азия­ны кең жайлаған қазақ халқы қысы-жазы ұлан-ғайыр далада әрі-бері көшіп жүр­ді. Ол кезде қалалық өр­­кениет пен егіншілік оларға мүл­­де жат болатын. Керісінше, олар алда­рына үйір-үйір жылқы са­лып, қорасын қоймен толтырды. Әне, сондай сайын сахара тө­­сінде олардың ауыз әдебиеті да­­­мып, ұзақ жыр-дастандар ауыз­дан-ауызға тарады. Біз сөз етіп отыр­­ған – Жамбылдың суырып сал­ма ақындық қасиеті, оны алдымен өз руының, сосын күллі қазақтың мақтанышына айналдырды, ке­йін Қазақстан кеңестік респуб­лика болған соң, ол КСРО ақыны ретінде кеңінен таныл­­ды». Зерт­теуші-ғалым осы кітабын жа­зар­да Жамбыл жырау туралы дерек­терді молынан ақтар­ған сияқты. Ол тіпті жыраудың өз ғұ­мы­рында жарты миллион­нан астам өлең шығарғанын тілге тиек етеді. Сосын жыраудың 1938 жылы «Менің айналамда өмір өзгеше түске енді, мен осындай күннің келерін өлеңдерімде айт­қанмын, міне, өмір жаңаша бас­талды. Тіпті мен өмірге қайта кел­гендей күйдемін, енді кәдімгі жиыр­ма жасымдағыдай жыр­­лай бере­мін», деген сөзінен үзін­­ді кел­тіріп, ақынның жаңа өмір­ге деген көзқарасын оқырманға жеткізеді.

Осы тұста авторлар Жамбыл жыраудың бұрын біз көрмеген бір суретін кітабына кірістіреді де, суреттің астына «Қазақстан­ның халық ақыны Жамбыл» деген түсініктеме береді. Жыраудың киіз үйінің алдында төрт жігіт­пен бірге домбыра шертіп отыр­ған көрінісі даланың соңғы жы­рауының кескін-келбетін көз ал­дымызға әкелді. Аталған сурет бойынша Жамбыл атын­да­ғы музейдің қазіргі директоры, Жам­был Жабаевтың неме­ресі Сал­танат Тезекбайқызы Жам­бы­ло­­ваға хабарласып, мән-жайын сұра­дық. «Бұл сурет негізінен ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрын түсі­рілген болуы керек, ол кісінің сурет­тері өте көп, бірақ мынау өз­геше сурет екен. Өйткені бұл жер­де отырған кісілер де –  бізге таныс адамдар. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Ор­манов, Жам­был атамыздың әде­би хатшы­сы болған. Ал ақ жей­делі, жерде жан­тайып жатқан – атамыздың аудар­машысы, хат­шысы Павел Нико­лаевич Куз­нецов, ар жағын­да отырған кісі Қадыр Хасенов. Атамыздың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тілі­не аударған. Оң жақ­та жантайып жатқан кісі – менің әкем Тезек­бай Жамбылұлы. Ал киіз үй­дің босағасында отыр­ған – атамыз­дың ұлы Қожаштың қызы Діл­дәхан тәтеміз. Ол кісі сек­сен жастан асып қайтыс болды. Біз бұл суретті көріп, қуанып қал­дық. Атамыздың 1936–1945 жыл­дар аралығындағы суреттері біз­ге жеткен, ал оның алдын­да­ғы кезден 1913 жылғы бір сурет қана бар, осы жылы Романовтар әуле­тінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты Жетісу өңі­рінен 15 ақынды ақ патшаны мақ­тап, өлең айтасыңдар деп ша­қырған екен, сондағы суреті сақ­талған. Мен 1981 жылдан бастап атамыздың атындағы музейде жұ­мыс істеп келемін, ғылыми қыз­меткер, қор сақтаушы болып қыз­мет атқардым. 2018 жылдың аяғынан бері Жамбыл атындағы му­зейдің директоры болып жұмыс істеймін, бұл суреттің бізде қалай сақталмай қалғанын білмеймін».

Жамбыл жыраудың ұрпақтары осылай деген соң, біз бұл суреттің бұрын жарияланбаған тың дүние екеніне көзіміз жете түскендей бол­ды. Сөзімізге дәлел болатын тағы бір түйін – авторлар Жамбыл жы­раудың аталған суретіне еш­қан­дай сілтеме жасамаған. АҚШ-та ба­сылып шыққан ғылыми ең­бек­терде ғалымдар әр сурет пен әр сөй­­лемге сілтеме беріп, де­рек­­­ті қайдан алғанын ашық түр­де жа­­риялайды. Ал бұл сурет­те он­­дай ештеңе кездеспеді. Со­ған не­гіз­­деліп, бұл суретті зерт­теу­­­шілер өздері түсірген болуы мүм­­кін деген болжам айтамыз. Мей­­лі қалай болсын, Жамбыл сын­­ды ғасыр бойын өлеңмен әр­леп, қазақ атын әлемге жеткізген ғұ­ла­малардың кескін-келбеті бейне­ленген деректер алып Амери­ка­да­ғы кітапханалардан табылып жат­қанының өзі бір ғанибет емес пе?

 

Вашингтон