Апта басында отставкаға кеткен Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау ісі Премьер-министр лауазымына кандидатураны бекітуден басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісі және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов осы партия атынан Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс екенін айтты.
Талқылауға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров қатысты.
Осыдан кейін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысқан Президент Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтып, бұл жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.
Батыл шаралар қабылдау қажет
«Баршаңызға мәлім, бүгінгі Қазақстан – халықаралық қоғамдастықта абырой, беделі бар мемлекет. Бұл еліміз үшін зор жетістік деп сеніммен айтуға болады. Шетел саясаткерлері және сарапшылары Қазақстан Орталық Азияда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және жалпы экономиканың көлемімен көш бастап тұрғанын мойындайды. Бірақ біз еліміздің әлеуетін одан әрі арттыруымыз керек. Бұл – алдымызда тұрған биік мақсат. Сондықтан босаңсуға болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мұның бәрі жеткіліксіз екені анық. Қазақстанды озық елге айналдыруымыз керек. Бұл – жай ұран емес. Бұл – біздің нақты жоспарымыз.
Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, барлық іс-әрекетіміз әділетті Қазақстан құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңа сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді.
«Осылайша, біз озық даму жолына түсіп, ұлттық экономиканы шын мәнінде жаңа деңгейге шығарамыз. Қазір еліміздің Салық және Бюджет кодекстері Мемлекеттік сатып алу және мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соның бәрі мен жариялаған жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс. Сонымен қатар алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.
Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие», деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа экономикалық жағдайды ескеріп, кез келген қауіп-қатерге төтеп беру үшін Үкіметтің өзі де толық қайта жандануға дайын болуға тиіс екенін атап өтті. Соның арқасында өзекті мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, нағыз реформаторлық шешімдер қабылдауға тиіс.
«Жалпы, Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше Әлихан Смайыловтың отставкасы туралы өтінішін қабылдадым. Әлихан Асханұлының басшылығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады.
Өткен жыл экономикалық даму тұрғысынан жақсы көрсеткіштермен аяқталды. Қазір алдымызда өте ауқымды, биік мақсат тұр. Сондықтан дереу жұмысқа кірісу қажет. Егер біз бес жылдан кейін экономикамызды екі есе ұлғайтамыз десек, жаңа экономикалық модель қажет. Әлеуметтік экономикалық дамуға жаңа көзқараспен қарау керек. Соған байланысты Үкіметтің қаржы-экономикалық блогі өзгереді. Жаңа тұлғалар тағайындалады», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
«Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын. Сіздер келісім берген жағдайда, Үкіметтің жаңарған құрамы табысымызды сақтай отырып, Қазақстанды сапалы даму жолына шығару үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түйіні тарқамаған мәселелер жетерлік
Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», ЖСДП, «Ақ жол», ҚХП, «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйледі. «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс депутаттарын Үкімет басшысына ұсынылған кандидатураны қолдауға шақырды.
«VIII шақырылымдағы Мәжілістің жұмысына да бір жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде «Amanat» фракциясы табандылық танытып, көптеген маңызды заңға бастамашылық етті. Үкіметпен бірлесіп елдегі ауқымды реформалар мен Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Былтыр «Amanat» партиясы сайлауда көпшіліктің басым дауысына ие болып, Мемлекет басшысының ұсынысымен бірінші рет Премьер-министр лауазымына кандидатура ұсынды. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп, партияның да халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Осы ретте Үкіметтің жұмысын фракция және барша Мәжіліс депутаттары жіті бақылап, нақты талап етіп отырды.
Жалпы, бұрынғы Үкіметтің жұмысын мінсіз деп айтуға келмес. Қоғам тарапынан да, біздің тарапымыздан да біршама негізді сындар айтылды. Сыртқы саясаттағы экономикалық санкциялардың күшеюіне, әлемдегі инфляцияның тұрақтамауына қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделе білді. Мысалы, экономиканың өсімі 5,1 пайызды құрады. Елімізге 28 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Маңызы зор әрі саяси ашықтықты білдіретін «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жер қойнауын әділ пайдалану сияқты жаңа заңдарды Смайылов бастаған Үкіметпен бірлесіп қабылдадық», деді Е.Бейсенбаев.
Депутат өз сөзінде жаңа Үкіметке Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған маңызды міндеттер жүктелетінін жеткізді.
«Біз өз тарапымыздан Парламенттегі көпшілік фракция ретінде жан-жақты қолдау көрсетеміз. Президент 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге арттырып, 450 миллиард долларға жеткізетін экономиканың тұрақты өсімін кем дегенде 6-7 пайыз деңгейінде ұстап тұру жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан экономикалық өсім сапалы және қарапайым азаматтардың нақты табысының артуына әсер етуге тиіс. Жаңа Үкіметтің алдында үнемді бюджет саясатын ұйымдастыру және ынталандырушы жаңа Салық кодексін қабылдау міндеті тұр», деді Е.Бейсенбаев.
Фракция жетекшісінің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қарыз және оған қызмет көрсету көлемі артып келеді. Сондай-ақ Үкіметтің бюджет тапшылығын және басқа да шығындарды жабуда Ұлттық қордың қаражатын пайдалануын тоқтатуға шақырды. Осыған байланысты жаңа Үкіметтен жақын арада нақты іс-шаралар жоспарын күтетінін жеткізді.
«Бұл ретте заңсыз тәркіленген активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жан-жақты күресті күшейту жұмысын үйлестіру қажет. Фракция атынан біз ұсынып отырған кандидат осы күрделі мемлекеттік тапсырманы орындай алатынына сенеміз», деді Е.Бейсенбаев.
Сондай-ақ елімізде ондаған жыл бойы қордаланған бірқатар өзекті мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, баспана кезегінің көптігі, су тапшылығы, жылу мәселесі, медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшілік секілді проблемалар жетерлік.
«Жасақталатын жаңа Үкімет осы секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты тез арада ширатуы қажет деп есептейміз. Алдағы уақытта Үкіметтің жұмысы фракция тарапынан бақылауда болып, оның әрбір шешімі депутаттар тарапынан нақты сұралады. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай, қолды болған активтерді қайтару бойынша маңызды заңды қабылдадық. Енді жаңа Үкіметтің алдында елден шығарылған миллиардтаған қаржыны қайтарып, ел игілігіне пайдалану міндеті тұр.
Әріптестер, көріп отырғандарыңыздай жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр. Елдің артқан аманатын, Президенттің қойған міндеттерін, депутаттардың білдірген сенімін ақтау жауапкершілігі тұр. Сондықтан Премьер-министрдің кандидатурасына біздің фракцияның атынан Олжас Абайұлы Бектеновті ұсынамыз. Мәжіліс депутаттарын ұсынылып отырған кандидатты қолдауға шақырамын. Осыған орай, барлық билік өкілдері бірігіп, Президенттің қойған міндеттерін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікпен атқаруымыз керек», деді Е.Бейсенбаев.
Түбегейлі экономикалық серпіліс жасайтын сәт
«Respublica» партиясы Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдады. Пікірталас кезінде сөз сөйлеген фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
«Экономикалық даму бағытындағы қол жеткізген көрсеткіштер оң болғанымен, қарқынды өзгерістер байқалмайды. Үкімет инерциялық даму қаупін еңсере алмады. Бұл ретте әлем елдері де бір орнында тұрған жоқ. Бәсекелестіктің қарқыны үдеп барады. Уақыт өте аз. Мұнай бағасының жоғары болуы, басқа да «мүмкіндіктер терезесі» тарылып барады. Мұндай жауапты да тарихи кезеңде ел экономикасы антикризистік қана емес, әлдеқайда қуатты, ұтымды, жедел іс-әрекеттерді қажет етеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтқан еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету мәселелеріне ерекше көңіл қоюымыз керек. Экономиканың дамуын қамтамасыз ететін іс-шараларға қаражат бюджетте жеткіліксіз. Бірақ «бюджет – мәселенің түбірі емес, салдары ғана». Мәселенің түп-төркіні, сол қазынаны толтыратын экономиканың әлеуетінде болып тұр», деді А.Қожаназаров.
Депутаттың айтуынша, дамыған шет елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі ішкі жалпы өнімнің 35-50 пайызын құрайды. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазіргідей 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуы керек еді.
«Осындай табыспен елде ең төменгі жалақы 85 мың, ал ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді. Сондықтан экономикалық өсім мен бюджетті толықтырудың жаңа қайнар көздерін зерделеу қажет. Әйтпесе нашар немесе өте нашар шешімдер арасында таңдау жасалып отырады. Үкіметтің жаңа құрамы өткеннен сабақ алып, өз қызметін жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Қаңтар қасіретінен кейін Үкіметтің экономиканың барлық саласында құрылымдық өзгерістерге бағытталғанына қарамастан, Үкіметтің отставкасы көптен күтілді. Өйткені Үкімет 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің екі есе өсуіне берік негіз жасады деп айтуға болмайды», деді А.Қожаназаров.
Осы орайда, Президент көрсеткен жаңа экономикалық модельдің аясында еліміздің артықшылықтарын пайдалана отырып, түбегейлі экономикалық серпіліс жасаудың маңызын алға тартты.
«Біз, «Respublica» партиясының фракциясы, ұсынылған Премьер-министрдің кандидатурасын қолдай отырып, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатының жақсаруы мен ел экономикасының жандануына бірлесіп аянбай еңбек етуге дайынбыз. Біздіңше, жаңа Премьер-министрдің орталық және өңірлік деңгейде жұмыс істеу барысында жинаған мол тәжірибесі қасиетті атамекеніміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айрықша ықпал етеді деп сенеміз», деді А.Қожаназаров.
«Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перушаев та Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – парламентаризм институты негізгі шартының бірі.
«Олжас Абайұлы көп жыл экономикалық пен жемқорлыққа қарсы қызметімен айналысқаннан кейін, біз әрине, ол бұл жұмыстарды жаңа дәрежеге шығарады деп үміттенеміз. Әсіресе монополиясыздандыру, де-олигархизация, де-оффшоризация, Қазақстаннан заңсыз шығарылған капиталдарды елге қайтару бағыттарына жаңа серпін береді деген үмітіміз зор.
«Отандық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің партиясы ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін жаңа Үкіметтің Президент Қ.Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында айтқан экономикалық саясаттағы революцияны түпкілікті жүзеге асыруы аса маңызға ие. Яғни банктік-шикізат парадигмасынан қазіргі заманғы, өнімді және технологиялық экономикаға көшу», деді А.Перуашев.
Депутаттың айтуынша, Үкіметтің алдында осындай міндет жүктеліп отыр. Сондай-ақ ол жаңадан тағайындалған Премьер-министрдің жеке қасиеттері атқарушылық тәртіпті қалыптастыратынына сенім білдірді.
«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев та Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, «Ауыл партиясы» Үкіметтің алдына бірінші кезекте ауыл тұрғындарын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін толғандыратын мәселелерді қойған.
«Біз партияның ұстанымы әрқашан Президент тапсырмаларымен сәйкес келгеніне ризамыз. Диқандарымыз былтыр қиын жағдайға тап болғанда, «Ауыл» партиясы егін жинауда қиналған шаруаларды қолдау мәселелерін көтерді. Шаруа қауымы кем дегенде 300 миллиард теңгеге жуық шығынға ұшырады. Сол кезде «Ауыл» партиясы Үкіметке сауал жасаса да, өкінішке қарай, ешкім құлақ аспады. Шаруаларға көп қиындық туғызған мәселелер енді жаңа Үкімет қарауына өтеді. Жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп зор үміт артамыз», деді С.Егізбаев.
Осы орайда, депутат агроөнеркәсіп кешенінің проблемаларын атап өтті. Мәселен, сала қаржылық тұрақсыз және техникалық жабдықталуы төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу, тасымалдау және өткізу жүйесі дамымаған, тікелей импортқа тәуелді.
«Бірақ бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған маңызды мәселе – көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы өткізу. Бұл – ауылдың келешек әл-ауқатының іргетасы. Құр айқай емес, өмір шындығы. Дегенмен барлық деңгейдегі жауапты мемлекеттік органда тұқым қорының сапасы мен көлемі, техниканың дайындығы, минералды тыңайтқыштар мөлшері, шаруаларды қолдауға арналған қаржы ресурстары туралы сұрақтарға әлі нақты жауап жоқ. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде егін егу науқаны басталып, Үкімет белгіленген мерзімнен кешігіп қалды деп айта аламыз.
«Ауыл» партиясы әрқашан сындарлы, конструктивті позиция ұстанған, сондықтан да бүгін, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз ұсынып отырған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кандидатурасын бірауыздан үлкен сеніммен қолдайды. Біз жаңа Премьер-министр мен жаңа Үкімет мүшелері Президенттің тапсырмаларын дереу орындайтын және Парламент депутаттарының, оның ішінде 8 миллионға жуық ауыл тұрғынының мүддесін қорғайтын «Ауыл» партиясы депутаттарының ұсыныстарын ескеретін, құлақ асатын, қажет шешімдерді тез қабылдайтын, ықпалды Парламентке есеп беретін мықты Үкімет болатынына үміт артамыз», деді С.Егізбаев.
Екі партия қалыс қалды
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов Үкімет басшылығына ұсынылған кандидатурасына дауыс беруден бас тартты. Оның сөзіне сүйенсек, Премьер-министрді тағайындау – аса маңызды шешім.
«ЖСДП фракциясы, бір жағынан, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен және шектен тыс бюрократизммен күресті күшейту бағытын түсінеді. Президент және Парламент сайлауы кезінде сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше екпін берген едік. Сондай-ақ жақында қабылданған заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңды ескере отырып, біз бұл тұрғыда Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдаймыз.
Дегенмен Қазақстанда көптеген проблемалық және резонанс тудыратын мәселе сақталып отыр. Мәселен, жылу-энергетика саласына назар аударсақ та жеткілікті. Ішкі жалпы өнім өсімінің оң көрсеткіштері мен инфляцияның төмендеуіне қарамастан, халықтың көпшілігі мұны байқамайды да, сезбейді де. Халықтың әлсіз топтарын баспанамен қамтамасыз ету, несиенің көптігі, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелері секілді түйткілдер шешімін таппай отыр», деді А.Рақымжанов.
Фракция жетекшісі осы тұрғыдан алғанда аталған мәселелерді шешуге жаңаша көзқарас қажет екеніне назар аударды. Бұрынғы Үкімет іргетасын қаламаған жаңа экономикалық бағытты құру үшін серпінді бастама керек екенін жеткізді.
«Премьер-министрлікке ұсынылған кандидатқа қатысты күмәніміз бар. Әлбетте, бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ ЖСДП фракциясы дауыс беруден қалыс қалады», деді А.Рақымжанов.
Қазақстанның халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Олжас Бектеновтің кандидатурасына дауыс бермейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы Үкімет Жолдауда айтылған реформаларды орындаудың жаңа экономикалық тәсілін ұсынуға тиіс еді.
«Бірақ уақыт көрсеткендей, Үкімет экономикалық өзгерістерді ішінара жақсарту әрекеттерімен шектелді. Бұл тәсіл Сіз жариялаған экономикалық реформаның мәніне түбегейлі қайшы келеді. Жаңа Премьер-министрдің экономикалық реформаны жүргізуде шешуші рөл атқаратынына сенгіміз келеді. Бұл ретте Үкімет басшысы жаңа экономикалық модельді іске асыру тетіктері тек экономикалық саладағы қайта құрумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар белсенді әлеуметтік саясатты да көздейтінін түсінгенін қалаймын.
Экономикалық өсу қарқынын шын мәнінде арттыру үшін шағын және орта бизнесті басқарудың, ұйымдастырудың және ынталандырудың жаңа, тиімді тәсілдері қажет. Бұл, ең алдымен, салық жүйесіне әсер етуі керек. Неліктен бұл маңызды? Өйткені мемлекеттің экономикалық саясатының нәтижесі дәл әлеуметтік салада жүзеге асады», деді М.Магеррамов.
Осы орайда, депутат жаңа Үкімет басшысына инвестициялық саясатқа деген көзқарастарды қайта қарауды ұсынды. Санға емес, түпкі нәтиженің сапасы мен тиімділігіне назар аударуға шақырды.
«Баға – экономикалық саясаттың маңызды құралы. Біздің ойымызша, баға белгілеу мәселесінің шешілмеуі экономикалық реформаны жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатады. Өнімдердің, тауарлардың және қызметтердің бақылаусыз кетуі жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың жоғарылауын сезінуге мүмкіндік бермейді.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан халықтық партиясының фракциясы Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасынан қалыс қалу туралы шешім қабылдады. Қазақстан Халық партиясы фракциясының шешімі – Үкіметке көзқарастарды өзгертетін, жаңа формаларды ескі мазмұнмен толтырмайтын уақыт жеткенінің белгісі. Жаңа Премьер-министр шешуші әрекетімен күмәнімізді сейілтпейінше, ұстанымымыз өзгермейді», деді М.Магеррамов.
Содан кейін депутаттар жаңа Үкімет басшысының кандидатурасын дауысқа салды, 69 депутат қолдап, жетеуі қалыс қалды. Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.
Жаңа Премьер-министрдің уәдесі
Жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
«Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», деді О.Бектенов.
Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. Атап айтқанда, мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу шеңберінде Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат – басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектінің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту – аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», деді О.Бектенов.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан сөз алып, депутаттарға ұсынысын қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ еліміз өте маңызды, тіпті шешуші кезеңге жақындап қалғанын атап өтті.
«Таяу келешекте Қазақстан қандай мемлекет болады, оның аймақтық және әлемдік қоғамдастықта атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген аса маңызды сұрақтар тұр. Қазіргі бәсекеге толы, түрлі жанжалға ұшыраған тұрақсыз, бұлыңғыр әлемде Қазақстан күшті, болашағына сеніммен қарайтын ел болуы керек. Оның бәрін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз, парызымыз деп айтуға болады. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің атқаратын рөлі ерекше», деді Қ.Тоқаев.
Осы орайда Президент жаңа тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектеновті жаңа лауазымымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. «Мен Президент ретінде депутаттардың жұмысын мұқият қадағалап отырмын. Мәжіліс шын мәнінде ауқымды, маңызды жұмысты, ең алдымен халық үшін қажетті жұмысты абыроймен атқарып келеді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.