Алакөл ауданының Ақжар ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Заман талабына сай материалдық-техникалық базаларымен жабдықталған ғимарат қос қабатты, аумағы 8 мың шаршы метрді құрайды.
Енді мұнда ауыл жастары мен жасөспірімдерінің бос уақыттарын тиімді өткізуіне мүмкіндік бар, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға жағдай жасалған. Мұнда 20-ға жуық үйірме, атап айтқанда, хореография, домбыра, вокал, көркемсөз, сурет, т.б. жұмыс істеп, 12 штаттық бірлікке сәйкес тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Оқырмандарға арналған ауыл кітапханасы да Мәдениет үйінің ішінде орналасқан.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне барған аудан әкімі Алмас Абдиновтің айтуынша, Алакөл ауданында 16 мәдениет үйі, 23 кітапхана, 2 музей және 1 архив халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді. Солардың қатарына енді 150 орынды тағы бір жаңа мәдениет үйі қосылып отыр.
«Ауданымызда мәдениет саласының дамуына бағытталған көптеген игі шара жүзеге асырылуда. Мұның өзі болашаққа салынған сенімді инвестиция деуге болады. Алдағы уақытта Жағатал, Жайпақ ауылдарына блокті-модульдік мәдениет үйін орнатуға бюджеттен қаражат бөлінді», деді аудан әкімі А.Абдинов.
Аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдірген ардагерлер кеңесінің мүшесі Тұрсынхан Ахметов «Бүгін – біз үшін көптен күткен қуанышты күн. Ұзақ жылдан бері жаңа Мәдениет үйі ашылса деп жүргенбіз. Бұрын балаларымыздың бос уақытын өткізіп, өздерін дамытуға арналған арнайы орын болмап еді. Енді міне, балаларымыз түрлі үйірмелерге қатысып, өнерін шыңдайтын болады. Жаңа Мәдениет үйі халық игіліне қызмет ете берсін», деп құттықтау тілегін жеткізді.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметшінше, Ақжар ауылы – аудан орталығы Үшарал қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақжар округіне 3 елді мекен – Ақжар, Қоңыр, Майлышат ауылдары қарайды. Жалпы халық саны – 2 170 адам, соның ішінде 540-ы – жастар.
Жетісу облысы