• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Ақпан, 2024

Кереку демографиясына дем берген жоба

148 рет
көрсетілді

Еліміздің солтүстік аймақ­та­рында еңбек күшін, яғни халық­тың санын реттеу – мем­ле­кеттің маңызды стратегиясы. Кейінгі жылдары Кереку өңірі жыл сайын бөлі­нетін кво­таны сәті­мен орындап, қо­ныс аударушылардың кө­ңі­­лін тауып келеді. Был­тыр­­­дың өзінде аймаққа 3 352 адам көшіп келген.

«Қуатты аймақтар – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы аза­мат­­тардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ұлттық жобаның мақсаты – халықтың негізгі қыз­меттерге тең қолжетімділігін қам­тамасыз ету, тұрғын үй-комму­нал­дық жағдайды, көлік байланысын жақ­­­сарту және елдің транзиттік әлеуеті мен халықтың ұтқырлығын арт­тыру.

Жоба аясында Ертіс-Баян жері­не қоныс аударғандардың бірі – Шолпан Ермаханова. Ол ұлымен бір­ге былтыр Қызылорда облысынан Павлодар қаласына көшіп келді. Шолпан Ғаниқызының мамандығы – кітапханашы. Мұнда ол бірден жұмысқа орналасқанын айтады.

– Кітапхана жүйесінде 10 жылдан астам тәжірибем бар. Бұл жаққа келуіме ұлымның аллергиялық ауруы­­­­ себеп болды. Дәрігерлер әр­түрлі ем­деу шарасын қолданып көр­ді, бірақ ешбір ем-дом көмек­тес­пе­ді. Ақыры ұлымды қарап жүрген дәрі­гер­дің ұсынысы бойынша климаты жайлы өзге өңірге қоныс ауда­­руға бел будық. Астана немесе Пав­лодар қалаларының бірін таң­да­уым керек болған. Керекуді құп көрдім. Достарым арқылы оң­түс­тік өңірлерден ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы барын білдім. Павлодар қаласына көшіп келген соң «Мансап орталығына» хабарласып, көші-қон бағдарламасына қатысуға ниет таныттым. Мені бірден С.Торай­­­ғыров атындағы облыстық кі­­­тап­­­­ха­наға жұмысқа алды. Кейін С.Баязитов атындағы балалар оқу орта­­­лы­ғына ауыс­тым, – деп бөлісті өзі жайында Ш.Ермаханова.

Айтуынша, 5 жыл бойы ал­лер­гия­­сы қинап келген ұлы мұнда қо­ныс аударғалы дертінен жазыла бастапты. Денсаулық жағдайы жақсарып, қазіргі күні бокс үйір­ме­сіне барып жүр. Мәшһүр Жүсіп атындағы мек­тептің 7-сыныбында оқитын жасөспірім өзіне достар тауып үл­гер­ген.

Шолпан Ғаниқызы мұнда келге­ні­н­е өкінбейтінін жеткізді. Тұрып жатқан пәтерінің жалдау ақы­сының басым бөлігін бюджет көте­реді. Отбасына көшіп келгені үшін субсидия да төленген. Енді жағдайы жетсе, банк арқылы пәтер сатып алуға бел байлады.

Оңтүстіктен келгендер қата­рын­­да кәсібін жолға қойып үлгерген жандар да баршылық. Мысал үшін, Нүрия Манатова сонау Алматы қаласынан қоныс аударған. Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік не­гіз­де­ріне оқытуды тә­мамдап, кәсіп­керлікке қадам басты. Бизнес жос­парын түзіп, «Ұлт­тық стильдегі фото және бейнетүсірі­лім­дер үшін этнофото­студия» ашуға бизнес грант иеленді.

«Бұл жақтағы жұрттың ұлттық салт-дәстүр мен киімге, түрлі бе­зен­дірулерге деген қызығу­шы­лы­ғы жоғары екенін біліп жатырмыз. Мемлекеттің қолдауымен өзім­нің жеке студиямды ашып, қа­зір көп­­шілікке фото және бейне­тү­сі­ру қызметін көрсетемін. Фото­ай­мақ­тағы декорация ұлттық үлгіде жабдықталып, безендірілген. Той-томалақтарда фотоаймақтар құра­мыз, киімдер ұсынамыз. Бас­тысы, тұрақты тұтынушылар қалып­та­сып келеді. Керекуге көшіп келге­ні­ме өте қуаныштымын. Жаңа тұр­ғы­лықты жерімде барлық қажетті төлемді алдым, кәсібімді аштым. Ең бастысы, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жатырмын», дейді Нүрия Нұртайқызы.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың дерегінше, адамдарды ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында өңірге 2017-2023 жылдар аралығында жұмыс күші артық өңірлерден 17 838 азамат (3738 отбасы) қоныс аударған. Көшіп келген азаматтар облыс бойынша барлық аудан-қалаларда шоғырланған. Квота көле­мі жыл сайын ұлғайып келеді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2017 жылы өңір 468 адамды қабылдаса, былтыр 3352 адам көшіп келген.

2024 жылы Павлодар облысына сырттан келетін қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға 3505 адамға квота бөлініп отыр. Оның ішінде қандастарға – 902, ішкі қоныс аударушыларға 2603 квота бөлінген.

«Көшіп келушілерді облыстың барлық қаласы мен ауданында (3 қала, 10 аудан) орналастыру жос­­парланып отыр. Павлодар облысына медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы, қызмет көр­се­ту және мәдениет салаларына маман­дар қа­жет. Мұны көші-қон барысында ескеретін боламыз. Қоныс аударушыларды ынта­ландыру мақсатында 2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алу үшін баспана құнының 50 пайызын құрайтын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қар­жылық көмекке құқығы бар эко­но­­микалық ұтқырлық сертификаты ен­гізілді. Жыл қорытындысы бо­йынша Павлодар облысында 542 отбасына тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық серти­­фи­каттары төленді», дейді А.Дисюпова.

Былтыр тұрғын үймен қамта­ма­сыз ету мақсатында 542 отбасына ұтқырлық сертификаты беріліпті. Жалпы, көші-қон бағдарламасының қағидалары мен талаптары қоныс аударып келіп жатқандардың көңі­лі­нен шығатындай-ақ. Жергі­лікті жұмыспен қамту органдары еңбек­пен қамтып, бір жылға баспанасын жалдап беріп, тіпті ипотекаға пәтер алса, алғашқы жарнасын да төлеп, түрлі көмек қолдарын созып отыр.

Өңірлік статистика департаменті былтыр желтоқсан айында Павлодар облысында тұрып жатқан халықтың саны 754 369 адамға жеткенін хабарлады. 2023 жылғы қаңтар-қараша айларында халықтың табиғи өсімі 2 839 адамды құраған. Мұндай оң өзгеріс кейінгі жылдары кеңінен байқалып отыр. Көші-қон бағдарламасының керегесі кеңейер болса, теріскейдегі халықтың саны бұдан да еселене түсеріне шүбәміз жоқ.

 

Павлодар облысы