• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2024

«Қарызсыз қоғамды» қалай құрамыз?

165 рет
көрсетілді

Халықтың шамадан тыс несие алуы – көкейкесті мәселе. Миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Мамандардың айтуынша, еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аза­мат­тар­дың қаржылық сауатын арт­ты­ру­дың маңызын атап өтіп, «Amanat» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырған еді.

Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін жоба жалғасып келеді. Биыл 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйренеді. Таяуда курстан өтуге тілек білдірген азаматтардың алғашқы легін оқыту жұмысы басталды. Айта кетейік, былтыр жобаға 8 өңірдің тұрғындары ғана қатыса алса, енді тұрғылықты жеріне қарамастан барлық ниет білдіруші оқуға жазыла алады. Осы аптада 6 мың адам оқыту курсынан өтеді.

Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленеді. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа неғұрлым жауап­­­ты қарауға үйретуге мүмкіндік береді.

«Биыл қаржылық сауатты мектеп қабырғасынан бастап арттыруды қолға аламыз. Сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңірінде партиямыздың филиалдары жанынан «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда кез келген адам қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес ала алады. Бүгінде әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жет­пей­ді. Сонымен қатар курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу. Жалпы, былтыр 65 мыңнан астам отандасымыз қаржылық сауатын арттырды. Енді оны 750 мың адамға жеткізуді көздеп отырмыз», деді ол.

«Қарызсыз қоғамға» қатысушылардың 58 пайызы – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін несие рәсімдейді.

«Адамдар несиені жағдайы жақсы болғаннан алмайды. Мәселен, көмір сатып алу үшін несие рәсімдеген адамдарды да кездестірдік. Яғни азаматтар қарапайым қажеттілігін өтейді. Алайда несие отбасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етеді. Тіпті жобаға қатысушылардың бірі қарызға белшесінен батқандықтан, ағайын-туысы да одан сырт айналғанын айтты. Сондықтан қаржылық сауатты арттыру – ауадай қажет», деді ол.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев, «Halyk Bank» басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев және тағы басқалар сөз сөйледі.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда қанатқақты режімде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша партияның аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.