Таяуда «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаржы институты және Өнеркәсіпті дамыту қорының директорлар кеңесі мен топ-менеджменті мүшелерінің арасында басқосу өтті. Онда банк жұмысының негізгі бағыттары бойынша есептер мен жоспарлар тыңдалып, 2024-2033 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы талқыланды. Басты назар елдегі экономиканың шикізаттық емес секторын, инфрақұрылымды және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды одан әрі дамытуды қолдау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделіп отыр.
«Құжаттағы басты басымдықтарды ескере отырып, дамудың үш бағыты белгіленді. Банктің ел экономикасына қосқан үлесін ұлғайту және банк активтерін басқарудың тиімділігі мен тұрақты дамуы айқындалды. Бұл Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі белгіленген міндетке қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», дейді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ экс-басқарма төрағасы, ҚДБ директорлар кеңесінің басшысы Нұрлан Байбазаров.
Аталған тұрақты дамуға қатысты бірінші бағытта, банк әлеуметтік-экономикалық әсері мол, орта және жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығаруға зер салып, өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар импортты алмастыруды қамтамасыз ететін және экспорттық әлеуеті бар жобаларға қолдау көрсете отырып, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға қаржылай құралдар ұсынатын болады. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – жалпы ел экономикасын дамытудағы жеке сектордың рөлін нығайтуға көмектеседі.
Осы міндеттерді іске асыру үшін ҚДБ инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды орта және ұзақмерзімді несиелеуді, ағымдағы қызметті несиелеуді, синдикатталған қаржыландыруды, лизингтік мәмілелерді қаржыландыруды, кепілдіктер беруді және банкаралық қаржыландыруды қоса алғанда, құралдардың кең спектрін пайдаланатын болады.
2033 жылдың соңына қарай ҚДБ-ның мақсаты Өнеркәсіпті дамыту қорының құралдары арқылы 3,1 трлн теңгені қоса алғанда, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 9,3 трлн теңге сомасында инвестиция бөлуге тиіс. Бұл ретте банктің несиелік қоржыны құрылымындағы орта және жоғары қайта өңдеу тауарларын шығару жобаларының үлесі 2033 жылға қарай кемінде 30%, ал инфрақұрылымдық жобалардың үлесі 35%-ды құрауы шарт. Осылайша, нақты қолдаудың арқасында кәсіпорындар өз қаржылық көрсеткіштерін жақсарта алады. Мәселен, банк мақсаты іске асқан жағдайда қолдау көрсетілген кәсіпорындардың түсім көлемі 2024-2033 жылдары 5,17 трлн теңгеге дейін өсіп, экспорттық түсім көлемі 2 трлн теңгеден асуға тиіс деген болжам бар.
Екінші бағыт – ҚДБ қоржынының қаржылық тұрақтылығы мен жоғары сапасын сақтауды, жобаларды кейіннен қаржыландыру үшін қорландыру базасын ұлғайтуды білдіреді. Осы бағытты іске асыру нәтижесінде банк активтерінен несиелік және лизингтік қоржындардың үлесі 2033 жылға қарай 77%-ды құрауға тиіс. Банк қаражат тарту үшін ішкі және халықаралық капитал нарығында белсенді жұмыс істеуді жалғастырады.
Үшінші бағыт – осы жылға дейін банк қызметіне ESG-қағидаттары түгел енгізіліп, осы арқылы тұрақты даму саласындағы белгіленген халықаралық келісімдер мен көрсетілген стандарттар талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Бүгіндері әлеуметтік жауапты ұйым ретінде ESG енгізуде өзінің «Жол картасын» іске асыруды қолға алды.