8 ақпан сағат 02:20-да Алматы қаласы, Медеу ауданындағы Тау Самалы шағынауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай болды. Аталған аумақта лай көшкіні жүріп, 4 адам іздестіріліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Лай көшкіні шағынаудандағы бір үйді толық, екінші үйді ішінара басып қалған. Авариялық-құтқару тобы мекенжай бойынша тұратын 4 адамды іздестіріп жатыр.
Топырақтың лайлануы салдарынан болған техногендік сипаттағы лай көшкен жерге қала әкімі Ерболат Досаев келді.
«Негізгі басымдық – іздеу-құтқару жұмыстары. Үйде болған адамдарды іздеу бойынша жұмылдырылған топтың жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», деді Ерболат Досаев.
Лай көшкіні басып қалған баспананың көршілері үйде 4 адамнан тұратын 1 отбасы болғанын айтты.
Әкімнің тапсырмасы бойынша оқиғаның себептерін анықтау және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды.