Прокуратура жүргізген арнайы іс-шаралардың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы күмәнді мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қадағалау органының баспасөз қызметі құрылыс бөлімінің қызметкерлері балабақша құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізгенін айтты. Жобаның құны 1,7 млрд теңгені құрайды. Тек қолдарында жер теліміне құқық белгілейтін құжаттары болмаған.
«Тағы бір жағдайда, Қызылжар және Уәлиханов аудандары әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары ашық конкурстың орнына баға ұсыныстарын сұрату арқылы 107 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырмақ болған», деп хабарлады облыс прокуратурасы.
Айыртау, Мүсірепов және Қызылжар аудандарының жергілікті билігі сапа сертификаты жоқ спорт алаңдарына мемлекеттік бюджеттен 148 млн теңге жұмсауды жоспарлаған.
Барлық сатып алулар тоқтатылды. Қызметкерлер тиісті жауапкершілікке тартылады.