Осыдан бірер күн бұрын ғана ауыр атлетикадан Ташкентте шымылдығы түрілген Азия чемпионатында 67 кг салмақта өнер көрсеткен Сайрамкез Ақмолда күміс медальді иеленсе, кеше Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір медаль түсті.
81 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Александр Уваров 156 кг-ны жұлқып, 190 кг-ны серпе көтеріп, қоссайыстың қорытындысы бойынша 343 килограмдық көрсеткішпен күміс медальді иеленді. Отандасымыз Солтүстік Кореяның саңлағы Ри Чонг Сонгтан ғана қалып қойды. Чемпионның нәтижесі – 369 (169+200) кг. Түрікменстанның толағайы Гайгысызу Тораев қола жүлдені иеленді. Оның көрсеткіші – 337 (148+189) кг.
Естеріңізге сала кетейік, Уваров былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілді. Қытай елінде жерлесіміз 348 (154+194) кг-лық зілтемірді еңсеріп, үшінші орынды еншіледі.