Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота көлемін бекітіп, бөледі. Биыл бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,23%-ын құрады, дәлірек айтқанда, 22 мың бірлік көлемінде белгіленді.
2024 жылы шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді. Атап айтсақ, бірінші санаттағы басшылар және олардың орынбасарлары қызметі үшін – 906 рұқсат, екінші санаттағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары қызметіне 5 054 рұқсат берілді. Рұқсаттардың негізгі бөлігін үшінші санаттағы мамандар мен төртінші санаттағы білікті жұмысшылар құрап отыр, бұған тиісінше 10 786 және 2 888 бірлік белгіленді. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 366 адамға дейін жұмыс күшін тартуға болады.
Бұған қоса 2024 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарын тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3,1%, яғни 271,3 мың бірлік көлемінде белгіленген.
Осы орайда 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге ШЖК тарту үшін 14,5 мың рұқсат бергенін және ұзартқанын айта кеткен жөн. Бұл қайта бөлінген квотаның 78,5%-ын (18 мың) құрады. Сонымен қатар былтыр үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарын тартуға 305,8 мың бірлік квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 295 261 рұқсат берді.
Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 183 шетел азаматы жұмыс істейді.