Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы ретиналды камераға қол жеткізді. Бұл аппарат дәрігерлерге жаңа туған нәрестелердің көзіндегі кінәраттарды, соның ішінде шала туған шақалақтардың ретинопатиясын дер кезінде анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталықтағы заманауи диагностикалық құралдар AYALA қайырымдылық қорының «Әлемді көремін» жобасын жүзеге асырудың және Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен ынтымақтастық туралы мәміленің арқасында алынып жатыр.
Бұл – AYALA қайырымдылық қорының Қазақстанның медициналық орталықтарына алып берген жетінші ретинальды камерасы. Қор биыл, яғни 2024 жылы осындай диагностикалық құрылғыларды Ақтөбе мен Атыраудағы Перинаталдық орталықтарға алып беруді жоспарлап отыр.
Үндістанда жасалған FORUS NEO ретиналды камерасы офтальмолог дәрігерге тіпті реанимация жағдайындағы, тіпті жаңа туған нәресте ӨЖЖ аппаратына қосулы болған кезде де баланы диагностикалауға мүмкіндік береді – мұндай мүмкіндік басқа аппараттарда жоқ. Камераны пайдалану әдісі қарапайым әрі ноутбукпен үйлеседі, онда кішкентай пациенттер туралы барлық ақпарат, ретинопатияны диагностикалаудың фотосуреттері мен бейнеқұжаттары түгел сақталады. Дәрігерлерге диагностика кезінде, емделгенге дейін және емделгеннен кейін ата-аналарға көз торындағы өзгерістерді көрсетіп отыруға көмектеседі.
AYALA қайырымдылық қоры «Әлемді көремін» жобасын үш жыл үзбей жүзеге асырып келеді. Тиімді қайырымдылық тәсілдері арқылы Қор отандық офтальмолог дәрігерлерге Қазақстанның 17 перинаталдық және ғылыми орталықтарында 4,5 мыңнан астам жаңа туған нәрестені диагностикалап және осы орталықтарды 26 дана диагностикалық және лазерлік жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесті. Қор сатып әперген жабдықтардың арқасында ретинопатия бойынша тәуекел санатындағы шала туған балаларға 100% скрининг жасалды
«Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жыл сайын 8,2 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді, оның ішінде дене салмағы өте төмен 800 шақты сәби бар. Ретиналды камера бұл орталықтың офтальмологтарына жедел де дәл диагноз қоюға және қажетті емді уақтылы ұсынуға көмектеседі, соның арқасында жүздеген бала соқырлыққа душар болудан құтыла алады», дейді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
AYALA қайырымдылық қоры 2021 жылдың мамырынан бастап Денсаулық сақтау министрлігімен Меморандумға сәйкес «Әлемді көремін» жобасын жүзеге асырып келеді. 2023 жылдың қазан айында Қор Алматы қаласы ҚДСБ Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығымен де Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жобаны іске асыру барысында ретинопатияға байланысты Қазақстанда шала туған балалардың көру қабілеті бойынша мүгедектігі 0,6 пайызға дейін азайды.