• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Көрме 11 Ақпан, 2024

Бейнелеудің бірегейлері

149 рет
көрсетілді

Өскемендегі Өнер музейінде «Уа­қыт палитрасы» атты көр­ме ашыл­ды. Көрермен наза­рына ХХ ғасырдың екінші жар­тысы мен ХХІ ғасырдың ба­сын­дағы Қазақстан сурет­ші­ле­рінің түпнұсқа туындылары ұсынылған.

Еліміздің ең алғашқы кәсіби сурет­шілері өткен ғасырдың 60-70 жылдары бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы кезінде шынайы социалистік және заманауи авангардтық бағытта жұмыс істегенін білеміз. Демек, мұндағы әр туынды құнды мұра. Әсіресе, халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1969 жылы акварель бояуымен жазған «Есік көлі» пейзажы музейдің ең құн­ды жәдігері. Суретші ә деп қолына қыл­қалам алғанда-ақ, пейзаж жанры мен акварель техникасына ден қойған. Сонымен қатар қазақ қыздарының ара­сынан тұңғыш шыққан суретші Айша Ғалымбаеваның суық, жылы түстерді үйлестіре жазған натюрмортына көпшілік таңдай қаға ұзақ қарасты.

Залға айналдыра қойылған кар­тиналардың қай-қайсысына қа­расаңыз да, сонау заманның рухын се­зіндіреді. Өнерді түсінген, түй­сін­ген жанды бейне бір алпысыншы жылдарға жетелеп әкететіндей әсері бар. КСРО Халық суретшісі Гүл­файрус Исмаилованың «Алма» атты әйел портретіне қараңыз. Сол заман­дағы қазақ әйелдерінің бүкіл мінез-болмысын бір ғана әйелдің пор­третімен бере білгендей. Жалпы, облыстық Өнер музейінің қорында Г.Ис­маилованың үш туындысы сақ­талған. Сондай-ақ есігін айқара ашқан «Уақыт палитрасы» атты көрмеге бейнелеу өнері саласында ойып тұрып орын ала­тын қылқалам шеберлері Са­ли­хит­дин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Бах­тияр Табиев, Мағауия Аман­ж­олов, Бек­сейіт Түлкиев, Ерболат Төлеп­баев сынды суретшілердің де баға жет­пес жұмыстары қойылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы