Наурыз айының басында Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте дзюдодан Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Бұл жарыста Қазақстанның 26 балуаны бақ сынайды.
Ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жуырда ғана Парижде өткен додада күш сынасқан шәкірттерінің барлығын да осы сынға қосуды құп көрген екен. Францияның астанасында біздің жігіттердің арасынан 100 кг салмақтағы Нұрлыхан Шархан ғана жеңіс тұғырына көтеріліп, қола медальді иеленді. Қалғаны ұтылды. Сөйтіп, Ташкентте Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Есет Қуанов, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов (73 кг), Абылайхан Жұбаназар, Руслан Мұсаев (81 кг), Айдар Арапов, Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Бекзат Шағатаев, Нұрлыхан Шархан (100 кг), Ерасыл Қажыбаев, және Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) ел намысын қорғайды.
Ерлан Алпысбаев жаттықтыратын әйелдер командасы Grand Slam турнирінде мындай құрамда өнер көрсетеді: Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева (48 кг), Балнұр Әбдешова, Толғанай Әбеуова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Есмигүл Куюлова, Кристина Сотникова (63 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Аруна Жангелдина, Маргарита Гриценко (78 кг), Кәмила Берліқаш және Назгүл Маратова (+78 кг).