• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Ақпан, 2024

Кеңес жұмысының бағыты талқыланған сапар

135 рет
көрсетілді

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Сон­дай-ақ бірқатар жоғары лауазымды тұлғамен консультациялық келіссөз жүргізді. Аталған елдегі іскерлік және ғылыми топ өкілдерімен әңгімелесті.

С.Лавровпен әңгімелесу ба­ры­сында АӨСШК кеңістігінде бо­лып жатқан үдерістер, осы алаң­­ды одан әрі дамыту перс­пек­­тивалары, сондай-ақ Ресей­дің АӨСШК-ге қатысуы мен үлесі талқыланды. Министр Ресей­дің Кеңес жұмысына қол­дау көрсететінін растады. Өз кезе­гінде Қ.Сарыбай Ресейдің АӨСШК аясындағы қызметін, Кеңес­ті нығайтуға және оны толық­қанды халықаралық ұйым­ға айналдыруға бағытталған көптеген бастамасын жоғары бағалады.

Бұдан кейін Қ.Сарыбай Ресей Сыртқы істер министрінің орын­басары Андрей Руден­ко­мен, Сыртқы істер министр­лігі­нің Азия-Тынық мұхиты ынты­мақтастығы директоры Алексей Овчинниковпен кездесті. Екі­жақты әңгіме барысында VI саммит кезінде қабылданған ше­шімге сәйкес АӨСШК транс­­формациялау жұмысын жүз­е­ге асыру жолдары, оның келе­шегі және кезеңдері егжей-тегжей талқыланды. Кездесуде АӨСШК-нің заманауи геосаяси ортадағы бірегей рөліне ерекше мән берілді. Сонымен қатар икемді көзқарасы да ерекше атап өтілді.

Тараптар жүзеге асырылатын реформаларға қатысты көз­қарасы мен ұстанымы ор­тақ екеніне назар аударып, жүр­гізіліп жатқан жұмыстарға көңі­лі толатынын жеткізді. АӨСШК-нің биылға жос­пар­ланған іс-шаралары талқы­ланды. Атап айтқанда, Астанада өтетін волонтерлік қозғалыс мәселелеріне арналған АӨСШК Жастар кеңесінің отырысы тал­қыланды. Сондай-ақ Кеңес­тің қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша министр­лер кездесуіне дайындық барысы сөз болды. Бұдан бөлек, 2024 жылдың екінші жартысында өтетін Іскерлік кеңес пен Бизнес форумның отырыс­тары әңгіме арқауына айналды. АӨСШК аясындағы өзара іс-қимылдың басқа да өзекті мәселелері қозғалды.

Ресей Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Алек­сандр Панкинмен кездесуде Кеңес перспективалары тал­қыланды. Еуразия құрлығын­дағы көпжақты механизмдер мен халықаралық ұйымдардың өзара әрекеттесуінің қалыпта­сып келе жатқан желілік құры­лы­мы сөз болды. Тараптар АӨСШК-нің өзара байланыс­ты дамытудағы маңызды рөлі, соның ішінде экономикалық, технологиялық, гуманитарлық, мәдени және басқа да байланыс­тарды нығайтудағы орнына назар аударды.

Бас хатшы Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Ми­хаил Богдановпен кезде­суінде Батыс Азия аймағындағы ахуалды талқылап, қақтығысты бәсеңдету және тұрақтылық келісіміне қол жеткізу үшін мүд­делі тараптар арасында диа­лог орнатудағы АӨСШК әлеуетін талқылады.

Ресей Сыртқы істер ми­нистр­лігі Екінші Азия депар­таментінің директоры, Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабуловпен әңгіме барысында Кеңеске мүше мемлекет Ауғанстанды халық­аралық қатынастар жүйесі­не қайтару бағытында пікір ал­масты. Ұйымның осы елге кө­мек­тесу жөніндегі халықаралық күш-жігерге үлесі айтылды.

Қ.Сарыбай сондай-ақ АӨСШК талдау орталықтары фо­­румында Ресей атынан өкіл­дік ететін Халықаралық қаты­настар жөніндегі Мәскеу мем­лекеттік институтының жанын­дағы Қытай, Шығыс Азия және ШЫҰ орталығының директоры Александр Лукинмен кездесті. Ұйымның мүше-мемлекет­терін ғылыми-талдамалық қам­та­масыз ету мақсатында тұрақ­ты өзара іс-қимыл алаңын белсен­діру бойынша нақты шаралар мен бастамалар талқыланды.

Сапар барысында АӨСШК бас хатшысы «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі федералдық корпорациясы» АҚ бас директорының орынбасары Никита Бансекин және осы ұйымның Халықаралық қызмет дирекциясының басшысы, АӨСШК Іскерлік бас­қар­ма төрағасының орынбасары Павел Кондрашовпен кез­дес­ті. Оты­рыс барысында АӨСШК Іскер­лік кеңесі қызметі­нің әртүрлі аспектілері, сессия­аралық кезең­дегі қызметінің мазмұны, ұйым елдеріндегі шағын және орта бизнес өкілдерінің халықаралық ынтымақтастығын қолдауға бағытталған жаңа бастамалар қозғалды.

Бас хатшы Қ.Сарыбай Ресейдегі жетекші бұқаралық ақ­парат құралының бірі «Рос­сийская газета» басылымына кең көлемде сұхбат берді.