Германияның Дрезден қаласында шорт-тректен Әлем кубогінің кезеңдік сайысының шымылдығы түрілді.
Қазақстанның белді спортшыларының бірі Әділ Ғалиахметов 1 000 метр қашықтықтың финалында бақ сынады. Мәре сызығын үшінші болып қиып өткен қандасымыз қола медальды мойнына ілді. Әділ тек Оңтүстік Кореяның қос саңлағы – ересектер мен жастар арасындағы әлем чемпионы, Дүниежүзілік Универсиаданың үш дүркін жеңімпазы Пак Дживон мен көптеген халықаралық додада дара шыққан Чан Сунвудан ғана қалып қойды.
500 метрлік сайыста тәжірибелі Денис Никиша көмбеге бірінші болып жетті. Алайда төрешілер «ережені өрескел бұзды» деген желеумен жерлесімізді бас жүлдеден айырды. Соның кесірінен Денис бесінші орынды қанағат тұтты.