Күні кеше Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «National Geographic» журналының «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» атты фотокөрмесі ашылды. Әлемнің түкпір-түкпірінде қырағы фотографтардың назарына іліккен түрлі таңғажайып сәттер мен жабайы аңдардың суреті көрген жанды табиғатпен етене жақындастыра түседі.
Көрмеде «National Geographic» журналының беттерінен таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған. Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен дайындалған бұл көрмеден «National Geographic»-тің Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және басқа да ең танымал фотографтардың түсірген суреттерінен құралған тұмса табиғатқа деген айрықша көзқарас байқалады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көрменің ашылуымен құттықтап, аталған журналдың бүгінгі күні атқарып жатқан игі істерін атап өтті.
«Мен «National Geographic» журналына «ерікті елші» ретінде қолдау көрсетіп тұрамын. Бүгінгі көрменің ерекшелігі – жабайы табиғат көріністері. «National Geographic» журналының негізгі миссиясы – адамның табиғатты, планетаны тануына, түсінуіне көмектесу. Шын мәнінде адамзат тарихында біз табиғатпен гармонияда өмір сүргенбіз. Өкінішке қарай, өндірістік революция басталғанда сол тығыз гармонияны жоғалтып алдық. Әсіресе қазір біздің балаларымыз виртуалды цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр, көп жағдайда табиғатты түсінбейді. Адамның табиғатты түсінбеуінен қоршаған ортаға қатысты экологиялық проблемалар басталады. Қоқысты дұрыс жинамау секілді күнделікті мәдениетімізден үлкен мәселелер жинақталады. Бір кездері «National Geographic» пластик тақырыбын алғашқы көтергендердің бірі болды. Сондықтан бүгінгі көрменің маңыздылығы – келешек ұрпақтың табиғатпен байланысын үзбеу, жабайы табиғаттың қандай керемет екенін балаларымызға түсіндіру», деді министр.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «National Geographic Society» түрлі саладағы зерттеу жобаларына жыл сайын гранттар бөлетіндігіне, оны ел азаматтары да, соның ішінде фотографтар да жеңіп алып, елімізде керемет зерттеулер жасауға болатынын айтты. Мұндай көрме жастарды өзіне де, қоршаған ортаға да пайдалы, игілікті істерге шабыттандыратынын атап өтті.
Көрмеде ұсынылған суреттерге қарасақ, жабайы аңдардың табиғатпен біте қайнасқан тыныс-тіршілігін көреміз. Өмір үшін күрес, ажал таяп келгендегі аңның қорқынышы немесе төлін қорғаған ананың алпауыт күші сияқты ерекше фотоларды көруге болады. Ұйымдастырушылар бұл фотокөрмеден Жер планетасын аман сақтап қалу миссиясына бір қадам жақындауды көздейді.
Аталған көрмені ұйымдастырушы, «National Geographic Qazaqstan» журналының бас редакторы Еркін Жақып мұнда қойылған суреттің әрбірінің астарында үлкен оқиға бар екеніне, әр фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де, мақсаттарынан айнымай, қайталанбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.
«Осыдан 8 жыл бұрын осы күні «National Geographic Qazaqstan» журналының алғашқы нөмірін шығарған едік. Сонда «Әлемді өзгерткен 50 үздік фото» көрмесін осы музейде ұйымдастырдық. Көрермендердің ыстық ықыласы мен жоғары бағасы бізді шабыттандырып, осы ағартушылық бағытта тұрақты түрде әлемдік деңгейдегі фотокөрмелерді өткізуді ұйғардық. Содан кейін «Тағам болашағы», «Киіктер», «Ақжайықты аялайық», «Алыс та жақын Америка», сирек, жойылып бара жатқан аң-құстар туралы «Фотоараша» көрмелерін ұсындық», деді Е.Жақып.
Айта кетейік, бұл журнал өзінің миссиясы ретінде әлемнің 3 мыңнан астам зерттеушісін маңызды жобалары мен зерттеулерін қазақтілді аудиторияға тұрақты түрде қолжетімді етіп келеді.
«Сол арқылы қазақтілді жастардың, өскелең ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Әрбір фотографтың әлемдік деңгейде орны бар, олардың әрқайсысы зерттеуші және баяндаушы рөлін атқарады. Әр фотографтың өз стилі мен көзқарасы бар. Мәселен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле сынды фотографтардың бірі буйвол шабуылынан жамбасын сындырса, екіншісі 20-дан астам сынық алып, ұзақ терапия алды. Ал Майкл «Ник» Николс 35 жасына дейін тұмса табиғатты түсіремін деп, 25 рет безгекпен ауырған. Сондықтан әр фотограф осындай қиын азаптарға төзуге дайын», дейді журналдың бас редакторы.
Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева өздерінің «National Geographic»-пен 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да осындай қызықты көрмелердің ұйымдастырылатынына сенім білдірді. «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде 25 ақпанға дейін жалғасады.