Бурабайдағы IQanat мектебінде елдің түкпір-түкпірінен келген 600-ге жуық ауыл баласы білім алады. Отандық кәсіпкерлердің көзі түскен оқу ордасына Тимур Турлов ғажайып ғимарат сыйға тартты. Планетарий, амфитеатр және дыбыс жазу студиясы бар жаңа кампустың құны – 2,7 млрд теңге.
Жаңа корпус спорт, ғылым және өнер әлемін еркін аралатуға қауқарлы. Себебі онда планетарий, 400 орындық амфитеатр, IT және STEM зертханалары, 7 мың кітап қорына арналған кітапхана, хореография және фитнес залдары, шахмат клубы, қыш бұйымдары мен бейнелеу өнері шеберханалары, коворкингтер, тіпті дыбыс жазу студиясы бар. Мұның бәрі алдын ала оқушылардан алынған сауалнама негізінде салынған. Ал білім нысанының жобасы Финляндия, Дания, АҚШ елдеріндегі мектептер сәулетінің халықаралық тәжірибесіне сай салынған. IQanat оқу ауылындағы алғашқы үй «Freedom House» деп аталды.
– Еліміздің басты байлығы – адамдар. Бір адамның өзі көп нәрсені жасай алады, ал бәріміз бірге үлкен белесті бағындыра аламыз. Еліміздің болашағы сіз бен біз қаншалықты білімді болатынымызға және елге деген сүйіспеншілігіміздің нақты іс жүзінде көрініс беруіне тікелей байланысты. Қазіргі кезде осында оқитын балалар біздің елімізді жақсы жаққа өзгерте алады. Олардың көпшілігі бизнесте, ғылымда, мемлекеттік басқаруда, өнерде, спортта жетістікке жете алатынына сенімдімін. Ал мұнда алынған білім белгілі бір өнеге-үлгіге айналып қана қоймай, теңсіздік мәселесін шешуге елеулі үлес қосады, – деді 2019 жылдан бері «IQanat» жобасының қамқоршысы Тимур Турлов.
Жаңа кампуста мектеп оқушылары да, IQanat олимпиадасының ақтық сынына жеткен ауыл балалары да көкжиегін кеңейтеді. Мұнда олимпиададан кейінгі үш жылдық бағдарламаның қатысушы 1700 ауыл оқушысы үнемі мектепке қарқынды курстан өтуге келіп тұрады. Мектеп оқушыларына да қосымша білім алатын, өз қабілеттерін ары қарай жетілдіретін жер керек. Елде жоқ ерекше корпус осы игіліктерге жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің білім-ғылымға қолдау көрсетіп, жағдай жасауы – тамаша үдеріс. Бұл – дамыған елдерде ертеректе жолға қойылған үрдіс. Жобаның бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев кәсіпкерлер білімге бағытталған бастамаларды қолдауы керек деген мәселе көтерді. Оның айтуынша, жастардың елге қызмет ету деген ойын гүлдетіп, үнемі суарып отыруымыз керек. Пайдасы орасан осындай жобалар жасасақ, келешек ұрпақтың тағдыры, табысы мен білім деңгейі де мүлде басқа болады. Қамқорлық көріп өскен бала өз ауылының дамуына да әсер етеді, қаржылай көмек көрсетеді. Жалпы, мұның бәрі жақсылықтың жағасында мультипликативті нәтиже көрсетеді.
– Кәсіпкерлердің ұзақмерзімді және ауқымды игіліктерді бастауға деген шынайы ниеті болса, білім беруге инвестиция салу керек. Барлық ниет танытушылар біздің бастамаға қосыла алады. Осылайша, біз ұлттың дамуына ең үлкен үлес қосамыз. IQanat – отандық кәсіпкерлер жобасы. Ізгі қоғамдастығымызға атсалысушылар саны бүгіннің өзінде 150-ден асады. Бұл дегеніңіз, балық емес, қармақ береміз. Мәселен, IQanat мектебін мысал етсек. Біз қолдайтын балалар өздері ер жеткенде елге қызмет етуге, мұқтаж адамдарға, отбасыларға қолұшын созуға асығатыны анық, – дейді А.Рахымбаев.
Айта кетейік, биыл жоба үшін ерекше жыл болмақ. «IQanat – Мың бала» ретінде аталып, қор бағдарламаларымен балалардың рекордтық саны қамтылмақ. Ауыл балаларының өрісін кеңейтіп отырған «IQanat» мектебінің қанаты талмаса, әлі талай белестерді бағындырып, биік ұшары анық.