Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға!» атты бірегей жоба басталғанын хабарлаған едік. Міне, алғашқылардың бірі болып Аят Сисенов деген азамат Қазталов ауданы Болашақ ауылдық округі Жаңатаң елді мекеніне қоныс аударды.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған жоба аясында Орал қаласынан бір көш ауылға бет түзеді. Отағасы Аят Сисенов отбасылы, 5 баласы бар. Балаларының екеуі – мектеп жасында болса, үшеуі – одан да кіші. Аят кейінгі 5 жыл бойы Орал қаласында пәтер жалдап тұрған екен. Көпбалалы отбасы Қазталов ауданы әкімінің шақыруын құп алған.
– Өңірімізде қолға алынған бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес нысандарының санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселесін шешуге қолдау көрсету. Біз Қазталов ауданының 8 елді мекеніне адам шақырып отырмыз. Яғни аудандағы Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші секілді шағын ауылдардың екінші тынысын ашу үшін жылдың басында арнайы жұмыс тобы құрылды. Көшіп келем деген азаматтарға аталған елді мекендерден жұмыс, тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылады. Жұмыс тобы Орал қаласында тұрып жатқан 13 отбасымен сөйлесті. Нәтижесінде, 4 отбасы ауылға көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Айта кетейік, жоғарыдағы елді мекендерге жеке инвестор есебінен үй салу жоспарланған. Көшіп келуге ниетті азаматтарға жергілікті демеушілер есебінен ұсақ малын және ірі қара малын беру, 1 млн 476 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға болатыны жөнінде түсіндіріп жатырмыз, – дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Аят Болатұлының туған ауылына қайта көшуі аудандағы ерекше оқиғаға айналған. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың өзі Орал қаласына арнайы барып, Сисеновтер әулетімен жүздескен. Аяттың ауылға қоныс аударуға және ауыл экономикасының дамуына үлес қосуға деген ізгі ниеті үшін ризашылық білдіріп, нақты көмек берілетінін айтып, уәде берген.
Сонымен Аят Сисеновтің отбасы Жаңатаң ауылында бірден баспаналы болады. Отағасы ауылдағы ауызсу стансасына оператор, ал әйелі мектепке жұмысқа орналасады. Бұған қоса жергілікті меценаттар ерулік ретінде жаңа ауылдасының қорасына 2 ірі қара және 5 қой кіргізбек ниетте.
Батыс Қазақстан облысы