Осыдан он жыл бұрын қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы сол кездері еліміздегі ұтымды әлеуметтік бастамалардың бірі болғаны рас. Жобаның негізгі мақсаты жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беру еді. Өкінішке қарай, қазір бұл бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді.
Ақпарат көздеріне қарағанда, түлектердің 17 пайыздан астамы ғана бағдарламада көрсетілген келісімге сәйкес өз міндеттерін орындайтын болып шықты. Жоба ережесі бойынша олар оқуын тәмамдағаннан кейін сол өңірде қалып, үш жыл жұмыс істеуге тиіс. Алайда оңтүстік аймақтардан солтүстік және шығыс өңірлердегі жоғары оқу орындарынан грант алған студенттердің көбі оқуы аяқталғаннан кейін туған жеріне қайтып кетеді. Осы мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев арнайы депутаттық сауал да жолдаған еді.
Үкімет басшысына бағыттаған депутаттық сауалында сенатор 2020 жылға қарай жоғары оқу орындарын аяқтаған 8,9 мың бағдарламаға қатысушының 3,2 мыңы (немесе 35,8%) талап етілген үш жылдық мерзімде жұмыс істемегенін алға тартты.
«Осыған байланысты бағдарлама операторы «Қаржы орталығы» АҚ 3,2 мың жұмыссыз түлекке мемлекет тарапынан олардың оқуына жұмсалған қаржыны өндіруді талап етіп, сотқа дейінгі өтініштер берді. 1,9 мың іс бойынша дауларды соттан тыс шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сотқа 603 адамға қатысты талап арыз берілді, қазірдің өзінде 534 істі сот орындаушылары жүргізіп жатыр», дейді Әлішер Сатыбалдиев.
Сенатор «Серпіннен» туындап отырған бұл мәселенің бірнеше себебін атап өтті. Біріншіден, бағдарламаның бастапқы мақсаты жұмыс күші тапшы солтүстік пен шығыс өңірлердегі сұранысты оңтүстік жастарының көмегімен толтыруды көздегеніне қарамастан, түлектерге оқу орнын бітіргеннен кейін жатақхананы босатуға тура келеді. Өйткені жатақханада тек оқу мерзімі аяқталғанға дейін тұруға рұқсат етілген. Сонымен қатар лайықты жалақымен жұмыс табу да қиын мәселе. Екіншіден, түлектер жұмысқа жіберілетін кәсіпорындарда іс жүзінде бос жұмыс орындары жоқ, салдарынан олар жұмыссыз, ақшасыз, баспанасыз жақындарынан жырақта қалады.
Бағдарламаға қатысқан түлектердің жартысына жуығы – 4,2 мың адам еңбек өтілін аяқтау бойынша өз міндетін орындамаған. Бірақ бұл заң бұзушылық болып саналмайды. Өйткені бұл оқу мерзіміне декреттік демалыс немесе магистратурада оқуды жалғастыру кіреді. Осылайша, тек 1,6 мыңға жуық бағдарлама қатысушысы жаңа жерге үйреніп, үш жыл бойы жұмыс істей алды. Мұндай түлектердің үлесі 17,4 пайыз ғана.
«Серпін» бағдарламасы – Үкімет қабылдаған ішкі көші-қон саясаты стратегиясының бір бөлігі. Әу баста көзделген мақсат та сол – халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударту. Талапкерлерге гранттар, отбасыларын қоныстандыру мен жұмысқа орналастыруға бюджеттен ақша бөлінеді. Алайда, шын мәнінде, көші-қон жағдайы шенеуніктер жоспарлағандай емес, «халықтық» сценариймен жүріп жатыр. Ел ішінде жастардың дені жұмыс табуға, жалдау ақысы немесе ипотека төлеуге мүмкіндігі жоғары жерлерге көшуін жалғастырып келеді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары алдағы жылдарға жасаған болжамдарында 2030 жылға қарай жалдамалы жұмыс күшіне ең жоғары сұраныс оңтүстік өңірлер мен мегаполистерде болатынын айтып отыр. Бос жұмыс орындарының жалпы көлеміндегі осы өңірлердің үлесі – 47,8 пайыз. Яғни еліміздегі әрбір екінші бос жұмыс орны оңтүстікте немесе Астанада болса, тек солтүстік облыстарда сұраныс бар болғаны – 14,1, орталық және шығыс өңірлерде 21 пайызды құрайды.
Халық саны көп ірі мегаполистер мен оңтүстік өңірлердегі бақылаусыз урбанизация жағдайы алдағы алты жылда тек нашарлай түседі. Орталық мамандары Астанада халық саны – 33,6 (2022 жылмен салыстырғанда), Алматыда – 19,4, Шымкентте 23,5 пайызға артады деп болжап отыр. Республиканың шығыс және солтүстік өңірлерінде керісінше, халықтың көшуі жиілеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі көші-қон үрдістері қолайсыз екенін ашық мәлімдеп отыр. Бақыланбайтын урбанизация демографиялық және еңбек теңгерімсіздігін арттырады. Мемлекет алдағы уақытта да оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға күш пен ресурстарды салуды жалғастыруға ниетті.
«Серпін» бағдарламасының тиімділігі төмен болса да жалғаса береді. Қазіргі уақытта жобаны түзету нұсқасы қарастырылып жатыр. Оның ішінде міндетті тағылымдамадан өту мерзімін үш жылдан екі жылға дейін қысқарту және гранттан кейін тағылымдамадан өтуге болатын өңірлер тізімін кеңейту мәселелері бар. Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының түлектерін әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету ұсынысы да пысықталып жатыр.
Депутаттық сауалға жауап берген Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсынылатынын алға тартқан. Сертификат жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үй сатып алу үшін 50 пайыз қаржылық көмек көрсетіп, 2024-2025 оқу жылында мамандықты тегін алуға мүмкіндік береді.