• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Ақпан, 2024

Орман шаруашылығы саласында түйткіл көп

168 рет
көрсетілді

Мәжілісте орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында салаға қатысты өзекті мәселелер мен түйіні тарқамаған мәселелер талқыланды.

Негізгі мәселе бойынша Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, мемлекеттік орман қорының ауданы 30,9 млн гектарды құрайды. Соның ішінде орманмен көмкерілген 13,7 млн гектар жер бар. Ел аумағының орманмен қамтылуы 5 пайызды құрайды.

Министр келтірген мәлі­мет­терге сүйенсек, 2023 жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарды құрай­тын 810 орман өрті тір­кел­ген. Соның ішінде орманмен көм­к­ерілген алаң – 61,1 мың гек­тар. Жалпы, орман өрті­не негі­зінен найзағай (498 оқиға), же­ке және заңды тұлғалардың кінә­сі (30), ауыл ша­руашылығы жері­не от қою кезінде бақы­лау­дан шығып кетуі (87) себеп болатын көрінеді.

«Өткен жылы Абай облысы орман қорының аумағында екі ірі орман өрті болып, олар Ертіс өңірі орманының 63,5 мың гек­тарын қамтыды. Орман шаруашылығы жү­йесінде радио-телефон байланысын пай­да­лануға негізделген орман өрттеріне әрекет ету схемасы қолданылады. Бұл шұғыл шешімдер қабылдауға кері әсерін берді.

Өрт шыққаны туралы барлық ақпарат Алматы қаласындағы Қазақ ормандарды авиациялық қорғау базасы жанындағы Республикалық диспетчерлік пунк­тіне жиналып, Орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ниесі комитеті мен Ми­нистр­лікке беріледі. Сол жерден ірі орман өрттерін сөн­діру кезінде жедел шешімдер қабыл­­данады. Өрт қауіпсіздігі қағи­даларына сәйкес өрт сөндіру жұмыстарын орман басшысы немесе орман мекемесінің директоры басқарады. Ал өрт жағдайы қиындаған кезде өрт сөндіруді орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның өкілі басқа­рады», деді Е.Нысанбаев.

Сала басшысының айтуын­ша, табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін күшейту мақсатында Уәкілетті органдар мен ұйымдардың табиғи өрттерге қарсы өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

«Алгоритм мемлекеттік орман күзеті мен Төтенше жағдай­лар министрлігінің қызмет­кер­лері жағдайды бағалап, қосым­ша күштер тарту шешімін қабылдауды көздейді. Бұл Алго­рит­ммен Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әуе кемелері мен бөлімшелерін жұмылдыру, сондай-ақ жағдай қиындаған кезде кезең-кезеңі­мен әрекет жасау мәселесі айқындалды.

«Табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін күшейту мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтен­ше жағдайлар министрлігінің бірлес­кен бұйрығымен Табиғи өрттерге ден қою кезінде уәкілетті органдар мен ұйым­дар­дың өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіл­ді. Алгоритмде мемлекеттік орман күзе­тінің қызметкерлерінің де, ТЖМ қызметкерлерінің де жағдайды бағалау және орман өрті туындаған жағдайда қосымша күштер тарту туралы шешім қабылдауы көзделеді», деді Е.Нысанбаев.

Министрдің сөзіне сүйсенсек, орман өрттерін дәлме-дәл және уақтылы анықтау, орман шаруа­шы­лығына цифрландыруды енгізу мақсатында «Орман өрт­терін ерте анықтау жүйесі» жобасы әзірленген.

«Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллектіні қолданып бағдарламалық қамтамасыз етуде тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Жобаның аясында әртүрлі көзден алынған деректерді топтастыру арқылы өрттерді ерте анықтауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг жасау үшін бірыңғай Ситуациялық орталығын құру жоспарланған. Оттың шығуын анықтау 30 шақырымға дейінгі радиуста айналып қарайтын бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады.

Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» резерваты мен «Көкшетау» ұлттық паркінде енгізілді, сондай-ақ осыған ұқсас жү­йелер «Бурабай» ұлттық паркінде, «Медеу» табиғи пар­кінде бар. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде жетілдіре түсуді қажет ететін тек бейнеба­қылау жүйесі орнатылған.

«Бурабай» ұлттық паркінде енгі­зілген жүйе өз тиімділігін көр­сетті. Мәселен, бұдан бұрын ор­ман өрттерінің орташа ауданы мұнда 80 га болса, жүйе енгі­­з­іл­геннен кейін аумақ 1,5 гек­тарға дейін қысқарды. Өрт­терді ерте анықтау жүйесі рес­пуб­ликалық және жергілікті дең­гейдегі объектілерде кезең-кезеңі­мен енгізіліп Ситуациялық орталыққа қосылып отырады», деді Е.Нысанбаев.

Баяндамашы былтырғы өрттер орман мекемелерінің материал­дық-техникалық базасының төмен­дігін, сондай-ақ орман ша­руа­шылығы қызметкерлерінің әлеу­меттік қорғалуының әлсіз­дігін көрсеткенін атап өтті. Осы мәселені шешу үшін Министрлік ор­ман шаруашылықтарын мате­риал­дық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірлеген екен.

«Жоспарда барлық кезең­ге 68,6 млрд теңге сомасына шығыстар көзделген. Бұл сома­ға мыналарды сатып алу жос­парланып отыр: 1 082 арнайы көлік құралы (өрт сөн­діру машиналары, тракторлар, патруль­дік машиналар); өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арнал­ған 948 тіркеме және қосым­ша жабдық (дискілі тырмалар, соқа­лар, тіркемелер, цистер­налар, т.б.); орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату; орман мекемелерінің аумағында 102 өрт-бақылау мұнарасын салу.

2023 жылы министрлік­тің табиғат қорғау ұйым­дарын материалдық-техникалық қам­тамасыз етуге 13,4 млрд теңге бөлінді. 337 арнайы көлік құралы, 655 қосымша өртке қарсы жабдық сатып алынды. «Семей орманы» резерватына арналған жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 арнайы көлік құралы сатып алынды. «АқЕртіс» қоғамдық қоры 5 шағын өрт сөндіру кешенін, өрт сөндіру көлігіне арналған 15 қозғалтқышты, 20 мотопомпаны және 4 өрт сөндіру көлігін берді», деді Е.Нысанбаев.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдар­ламасының техникалық көмегі аясында 330 радио стансасы мен 150 автомобиль антеннасы алынды. Жергілікті атқарушы органдар өткен жылы орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге қаражат бөліп, оған 20 өрт сөндіру, 76 патрульдік автокөлігі мен 147 трактор сатып алынған.

«Азаматтық қорғау саласын­дағы бірінші кезектегі шаралардың Кешенді жоспарының шеңберінде 16,7 млрд теңге, оның ішінде Экология министрлігі үшін 9,1 млрд және жергілікті атқарушы органдар үшін 7,6 млрд теңге жоспарланған. Министрліктің 2024 жылға арналған бюд­же­тін қалыптастыру кезінде материалдық-техникалық жарақ­тандыруға 5,4 млрд теңге бөлінді, бірақ «Семей орманы» резерватында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге көзделген 4,1 млрд теңге қаражаты қолдау таппады.

Табиғат қорғау мекеме­лері­нің қол­даныстағы арнайы көлік­терінің 60% есептен шы­ғаруға жататы­нын ай­та кеткен жөн. Орман шаруашы­лық­тарының материал­дық-техни­калық базасын нығай­туға жергілікті ат­қарушы органдарда биыл қара­жат көзделмеген.

Премьер-министрдің бірінші орын­басарының 2024 жылғы 24 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, министрліктің табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру стансалары үшін: 108 өрт сөндіру көлігін, 79 шағын орман өрт сөндіру кешенін, 37 трак­торды лизингке сатып алу мәсе­лесі пысықталып жатыр. Мем­лекеттік орман қорын авиация­мен патрульдеуге нормативті ұшу са­ғатына жеткілікті (нормаға сәй­кес 9 024 сағат) 7,7 млрд теңге қарас­тырылған», деді Е.Нысанбаев.

Үкімет сағатында көтерілген мәселеге байланысты қосымша баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин саладағы күрделі түйткілдер әлі толық шешімін таппағанына назар аударды.

«Бүгінгі баяндамадан Прези­денттің тап­сырмаларын орындау жұмыстары бас­талғанын кө­ріп отырмыз. Алайда осындай ахуалға алып келген кейбір жүйе­лі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын. Егер оларды түзе­туді қазір қолға алмасақ, алда­ғы уа­қытта өрттердің қайталануы әб­ден мүмкін. Өйткені алдағы жаз ай­лары қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан да­йын­дықты қазірден бастауымыз керек.

Бірінші, өртке қарсы күресу­дің әлемдік озық тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өрттің шығуын ерте анықтау және оған шұғыл ден қою – өртті жедел әрі уақтылы сөндірудің бірден-бір мүмкіндігі. Үкімет сағатына дайындық аясында комитеттің бір топ депутаты тәулік бойы орманды автоматты режімде бақылайтын орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне барып қайттық. Жүйені енгізу кейінгі 3 жылда өрттер ауқымын 4 есеге (84,4 гектардан 20,4 гектарға дейін), өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есеге (30 ми­нут­тан 10 минутқа дейін) төмендетуге мүмкіндік берген.

Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оларды заманауи талапқа сай жетілдіру керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген. Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа Үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруы қажет», деді Е.Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, екін­шіден ормандарда өрт қауіп­­сіздігін қамтамасыз етуде анық­талған жүйелі кемшілік­тер қатарында орман шаруашы­лық­тарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету әлі де өзекті болып отыр және шұғыл шешуді қажет етеді.

«Бүгінгі көрмеде ұсынылған ақпараттан біз өрт сөндіру арнайы көліктерінің паркі мен орман шаруашылықтары жабдық­тарының сын көтермей­тініне көз жеткіздік. Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмады. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80-жылдары шығарылған көліктер­ден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Салдарынан 2023 жылы орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға қорық да­йын болмай шықты.

Прокуратураның мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының орман шаруа­шылықтарын жабдықтау 40 пайыз деңгейінде. Қазіргі таңда 6,8 миллиард теңге қажет ететін 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдықтар қажет, 44 өрт сөндіру бекетінің 5-уі техниканың бұзылуына байланысты жұмыс істемей тұр», деді Е.Жаңбыршин.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, кейінгі екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал жалпы шығын шамамен 384 млрд теңгені құрап отыр.

«Үшіншіден, орман заң­на­масының сақталуына мем­лекеттік бақылауды жүзеге асыратын Орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпай отыр. Кейінгі 2 жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объек­тілерінде 80-нен астам тексеру жоспар­ланғанымен, тек 1 тексеру жүргізілген («Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар басқармасы» ММ). Басқаша айтқанда, комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және нақты мәселелерден хабарсыз деуге болады. Бұл кешенді тексеру жоспарларын жасау кезінде комитет басшылығының өзекті әрі маңызды мәселелерді ескермейтінін және осы салада қалыптасқан жағдайдан бейхабар екенін көрсетеді», деді Е.Жаңбыршин.

Төртіншіден, орман меке­ме­лерінде кадрлар жетіспейді. Мысалы Шығыс Қазақстан облы­сының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл – нормативтің 70 пайызы.

«Орман өрттерін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қол­данылатын елдермен ын­ты­мақтастық орната оты­рып, олардың тәжірибесін зер­делеу және қолдану қажет. Олар – Түркия, Оңтүстік Корея, Кана­да, Балтық елдері және басқалар. Сондай-ақ «Болашақ» бағ­дар­ламасы аясында орман саласы мамандықтарымен жо­ғарыда аталған елдерге жас­­тарымызды оқуға жіберу қа­жет. Біздегі ақпаратқа сәйкес «Болашақ» бағдарламасымен бірде-бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған», деді Е.Жаңбыршин.

Бұдан бөлек, депутат орман саласын дамытуға ғылымның іс жүзінде толық қатыс­пай отыр­ғанын атап өтті. Орман аумақ­тарын өртке қарсы жабдық­тауда орман ішіндегі инфрақұрылымды жаңалау және салу басты рөл атқаратынына назар аударды. Сондай-ақ ағаш көшеттерін егуге қатысты түйткілдерге тоқталды.