Қабақтың үстінен ұшқан қыран қалықтап келіп, қашқан қоянды тегеурінімен ілсе, қаршыға мен ителгі ұшқан оқтай көктегі көгершіндерді теуіп түсіріп жатты. Мұндай сәтте ХVІІ республикалық бүркітшілер біріншілігіне жиналған жұрт қиқу қосып, «әп, бәрекелді» дескен-ді.
Биылғы қыста Бозанбайдың төрінде құсбегілердің сайысы екінші рет өтті. Қарашада халықаралық деңгейде ұйымдастырылса, бұл жолы тек Қазақстан қырандарының қырағылығын анықтайтын сайыс болды. Ақпандағы ақ боранға қарамастан, еліміздің әр өңірінен 70-тен астам бүркіт пен 40-тан астам қаршыға және ителгі әкелінді. Бес күнге созылған сайыстың алғашқы күні саңқылдатып құс көтерген құсбегілер таныстырылып, жеребе тартылды. Қасқыр ішік, саптама етік, түлкі тымақ киген бүркітшілер келе жатқанда, рухың асқақтап, арқалана түсетінің рас. Президент те ұлттық сипаттағы дүниені кеңінен дәріптей түсуіміз керек деді емес пе?! Ал Бозанбай ауылы құсбегілер ортасына айналып келе жатқалы қашан. Оның үстіне елімізге ғана емес, әлемге белгілі бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасы сонау Моңғолиядан осы ауылға қоныс аударды. Әріге үңілсек, Бозанбайда Өзбек Манапов деген әккі құсбегі өткен. Оның құсбегілігі туралы кеңес өкіметі тұсында Жапонияның журналистері де келіп репортаж жасаған екен. Соған қарағанда, Бозанбай құт қонған, құс қонған қасиетті мекен секілді.
– Құсбегілік өнерге қызығушылық артып келеді. Ел көлемінде көптеген жарыстар өтіп жатыр. Соның ішінде соңғы кезде Шығыс Қазақстанда құсбегілік өнер қанатын кеңге жайып келеді. Биыл екінші рет еліміздің құсбегілері Бозанбайда бас қосып отыр. Бұл ауылда елге белгілі бірқатар бүркітшілер тұрады. Ол да Шығыста құсбегілік өнердің дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Білесіздер ме, бұл ауылда тағы бір кішкентай бүркітші қызымыз тұрады. Есімі Айзере. Осының бәрін ескеріп ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионатын Бозанбайда өткізуді жөн көрдік. Жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысады, – дейді
ҚР «Құсбегілік» бүркітшілер федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.
Жарыс нәтижесінде, сонау Атыраудан ат арытып келген құсбегі Сармат Әбдікәрімұлының қыраны жарыстың чемпионы атанды. Екінші орынды алматылық Аян Сейітжан қанжығасына басты. Жүлделі үшінші орынды павлодарлық Алан Ысқақовтың бүркіті тегеурінге ілді. Сонымен қатар қаршыға мен ителгі ұшырғандардың да жүлделері анықталды.
– Боран қыранның қанатымен ере жүретін табиғи құбылыс. Қар, боран аңшылар үшін қиындық емес. Қалай болғанда да нағыз қырандар финалға шығып, жеңіске жетті. «Шығыс Алтай» бүркітшілер федерациясын бірнеше жыл басқарып, өңірде құсбегіліктің дамуына өзіндік үлесімді қостым. Енді Шығыс пен Абай бөлініп жатыр. Алдағы уақытта да әкімдік қолдау көрсетіп отырса, мұндағы бүркітшілер жемісті жұмыс істейді, – деп, бүркітші Тәттімбет Кәпұлы сенім білдірді.
Бозанбайға жаңа қоныс аударған құсбегі Нұрғайып Ырысұлының айтуынша, болашақта бұл ауылда бүркітшілер орталығы ашылады. Орталық құсбегілікпен ғана шектелмейді, сондай-ақ ұлттық өнерді, салт-дәстүрді насихаттауға бағытталады.
Сөйтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзге жуық құсбегі Қалба сілемінде қырандарын қалықтатып қайтты. Иә, қолға қыран қондырған бүркітшілер құс қана көтеріп жүрген жоқ, ұлттық рухты да биіктетеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы