Кеше Йоханнесбург қаласында футболдан ХІХ әлем чемпионаты жалауын көтерсе, Астана уақыты бойынша кешкі сағат 20.00-де теңбіл доп додасының алғашқы кездесуі өтті. Жарыстың шымылдығын А тобына түскен ОАР мен Мексика құрамалары ашты.
Жалпы, биылғы чемпионатқа көпшілік “жұлдыздарсыз жарыс” деген баға берсе де, оның қызықты да тартымды өтетініне жанкүйерлердің көбі сенімді.
Биылғы чемпионатты “жұлдыздарсыз жарыс” болатынын жоғарыда айттық. Дегенмен, жарысқа Дэвид Бэкхем, Рио Фердинанд, Михаэль Баллак, Роналдо мен Рональдинью және басқа да аяқдоп шеберлері қатыспаса да Месси, Робиньо, Торрес, Иньеста, Деку, Хави, т.б. бір-екі футболшының жасындай жарқылдайтыны сөзсіз.
Енді сөз реті әлем рекордтарына келгенде, мына мәліметтерді таныстыра кетсек, артық етпес деп ойлаймыз. Бүгінде Бразилия командалар арасында ең көп әлем чемпионы атанған құрама атанып отыр. Ол бас жүлдені бес рет жеңіп алды. Бұл елдің құрамасына қатысты айтатын тағы бір нәрсе, Бразилия сапында атақты Пеле жалғыз өзі ғана үш дүркін әлем чемпионы атанған. Эдсон Арантес ду Насименту өзінің алғашқы добын 1958 жылы Уэльс құрамасына 17 жасында соғыпты. Ал 5 күннен кейін хет-трик жасаған ең жас футболшы болды. Тағы 5 күн өткен соң, ол финалда гол соққан ең жас ойыншы атанды. Бұл кездесуде Бразилия Швециядан 5:2 есебімен басым түскені белгілі. Ал оның отандасы Кафу мергендік шеберлігімен емес, команда сапында ең көп жеңіске жеткен футболшы болды. Ол өзі өткізген ойындардың ішіндегі 16 кездесуде жеңіске жетті. Бразилияның Марио Загало есімді маманы футболшы және бапкер ретінде үш дүркін чемпион атанды. Оның жерлесі Луи Фелиппе Сколари жаттықтырған Бразилия және Португалия командалары 11 кездесуді жеңіспен аяқтады.
Германияның бұрынғы жартылай қорғаушысы Лотар Маттеус әлем чемпионаттарында ең көп ойын өткізген футболшы болып отыр. Ол 25 кездесу өткізген. Ал оның отандасы Хельмут Шен бапкер ретінде ұлттық құраманы 25 рет алаңға алып шыққан. Италияның қорғаушысы Паоло Мальдини алаңда ең ұзақ уақыт өткізген футболшы атануда. Ол жасыл алаңда барлығы 2 217 минөт болды. Ресейлік Олег Саленко бір кездесуде ең көп доп соққан футболшы ретінде тарихта қалды. Саленко 1994 жылы Камерун қақпасына 5 доп соқты. Дегенмен кездесу 6:1 есебімен аяқталғанымен, Ресей 1/8 финалға шыға алмады. Әлем чемпионатында ең нәтижелі мундиаль 1998 жылы болды. Сол кезде Францияда өткен жарыста 171 доп соғылды.
Ал кешегі өткен алғашқы ойынға келсек, ол аса тартысты өтті. Кездесудің алғашқы бөлігінде мексикалықтардың аздаған аумақтық басымдығы байқалғанымен, кейін келе алаң иелері де ауық-ауық азу көрсетумен болды. Сөйтіп ойынның екінші кезегінің 54-інші минөтінде есеп ашып, алға шыққан еді. Бірақ оңтүстікафрикалықтар жеңіс добын ұстап тұра алмады. Кездесу аяқталуға шамамен 11 минөт қалғанда мексикалықтар есепті теңестіріп кетті.
Дастан КЕНЖАЛИН.