Қыстың соңғы айы Шығыстағы жұртты әбден әбігерге салды. Марқакөл өңіріне жарты метр қар жауса, Үлкен Нарын мен Зайсан аудандарында қарғын су қауіп төндірді. Күре жолдарға көшкін түсіп, көлік қозғалыстарына шектеу қойылды. Артынша аяз көтерілді.
Зайсан ауданында ауа температурасының күрт жылынып, түнде жауын-шашынның түсуінен таулы жерлерде қар ери бастаған. Еріген қар суы сай-саланы қуалай ағып, аудан орталығындағы қос көшемен гүр етіп өткен. Үйді-үйлерге су кірмегенімен, жергілікті билік дереу техникаларды жұмылдырып, тосқауыл қоя қойған. Тілсіз жауға сенім жоқ. Әр сала техникаларын шығарып, өздері білек сыбана алдын алу жұмыстарына кіріскен. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар қызметкерлері, полицейлер, шекарашылар бір кісідей аз уақыт ішінде техникалардың көмегімен тасқынға тосқын қойды.
– Еріген қар суы ауыл көшелерін аралай ағып жатқанымен, тұрғын үйлерге қауіп төнген жоқ. Жағдай тұрақталды. Жұмыстар тікелей бақылауымда, – деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.
Дәл сол секілді Үлкен Нарын ауданы, Жұлдыз ауылына да еріген қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндірген. Анықталғандай, Амангелді көшесіндегі бір тұрғын үйдің ауласында су жиналған. Жедел қимылдаған мамандар мотопомпа көмегімен көлкіген суды сорып, қауіпті сейілтті. Есеп-қисаптарына қарасақ, 40 текше метр су сорылып, су басады-ау деген тұстарға 30 тонна көлемінде қиыршық тас төгілді. Сонымен қатар Көкбастау ауылындағы Абай көшесіндегі үш аулаға қарғын су жайылған. Абырой болғанда, суды ауыл басынан бұрып, далаға қарай бағыттаған.
Үйді-үйлерге бүгін қауіп төніп тұрмағанымен, көктем қалай боларын кім білсін?! Дөп басып, болжап отырған мамандар да жоқтың қасы. Сондықтан, қашан болмасын сақадай-сай отыруға тиіс. Мұндай жағдайда тұрғындар да жауапкершілік танытқандары жөн. Әлбетте, арнайы мамандар қауіптің алдын алу қамын жасайды.
Оның үстіне, күн жылып, жаңбыр себелегендіктен, күре жолдарға көшкін түсіп, автокөліктердің қозғалуына шектеулер қойылып жатыр. Облыс орталығынан Катонқарағай, Самар, Қалбатау, Шемонаиха бағыттарына жолдар жиі жабылып, жолаушыларға ескерту хабарламалары түсіп отыр. Катонқарағай ауданында ауыл арасындағы жолдарға да көшкін түсіп, жолаушыларға тұсау болған. Өткен аптада Сөгір – Барлық арасындағы жол жабылып қалса, күні кеше Өскемен – Рахман қайнары тас жолының 437 шақырымын көшкін қар басып қалған. Айта кету керек, дайын тұрған техникалар жабылған жолдарды дереу қардан аршуға кіріскен. Әсіресе тауды бөктерлей жатқан жолдарға көктем шығып, күн жыли көшкін жиі түседі. Демек жүргізушілер де жауапкершілікті сезініп, шектеулерге бағынғандары абзал.
Шығыс Қазақстан облысы