Былтыр «Amanat» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» дейтін қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жоба ауқымын кеңейтуде жол картасы бекітілді. Басты мақсат – берешегі бар қарыз алушылардың ғана емес, жалпы халықтың инвестициялық мәдениетін көтеру, бизнес жоспар құруға, жеке және отбасы бюджетінің қажеттілігін үйретуге дағдыландыру.
Әр өңірде жүргізілген курс биыл да жалғасын тауып, 750 мыңға жуық адамды қаржылық сауаттылыққа оқыту басталып кетті. Бұл жөнінде таяуда Астана қаласында 150-ден аса қаржы саласының сарапшысы бас қосқан жиында айтылды.
«Биыл қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқытуды қолға аламыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін оқу құралдары әзірленеді. Жоба аясы кеңейеді. Еліміздің барлық өңірінде 750 мың адамды, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушыны оқыту жоспарланып отыр», дейді партия хатшысы.
«Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, өтініш берушілерді іріктеу кезінде 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға басымдық жасалады.
«Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды. Ал 1,7 млн адамның несие төлеу мерзімі өтіп кеткен. Біз жұртшылыққа тек сан мен санауды үйретіп қана қоймай, таңдау жасау еркіндігіне жол ашамыз. Өйткені олар қаражатты қалай басқару керегін түсінген соң, алдағы күнге жоспар құра бастайды. Біздің жоба – қаржылық тәуелсіздіктің кілті», дейді ол.
Қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Жандос Әзімбай тыңдаушылар арасында түрлі жағдайға тап болғандар бар екенін айтты.
«Халықтың басым бөлігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді де несиеге рәсімдей бергенге үйреніп кеткен. Тыңдаушылар арасында орта есеппен бір адамға 2-3 тұтынушылық несиеден келеді. Ал несие көлемі 70 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі аралықта. Кейбірі қарызды қажеттіліктен емес, маркетинг айласына алданып қалып рәсімдеп жіберген. Тыңдаушылардың бірі тіпті 16 несиеге дейін рәсімдеп тастаған екен», дейді сарапшы.
Аталған жобаның мақсаты да сол – адамдарға өздерінің кіріс-шығысын есептеуді үйрету, қаржылық сауаттылық әліппесін меңгерту.
Тренер Айман Ақынбекова «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында дәріс алған әр адам жеке қаржылық жағдайын жақсарту жоспарын қоса меңгеріп шығады дейді.
«Иә, адамдар көбіне несиені той жасау үшін алады. Жалақысы 100 мың теңгеге жетпесе де, қарыз қамытын киюге асығып тұрады. Микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Екінші деңгейлі банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие алған адам оны еселеп қайтаратынын ойлай бермейді. Бұл да қаржылық сауаттылықтың аздығын көрсетеді. Жобаға қатысушылардың 95 пайызы банк пен микроқаржы ұйымдарында берешегі барлар», дейді Айман Ақынбекова.
«Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы қолға алынған 2023 жылдың мамыр айынан бері 65 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық курсынан өткен. 65 пайызының несиесі бар. Орташа жасы – 43. Қарызды қайтару мерзімі 90 күннен асып кеткен адамдардың үлесі – 18 пайыз. Әрбір екінші қатысушының отбасылық табысы 100 мың теңгеге жетпейтін көрінеді. Сонымен қатар дәріс алушылардың үштен бірінде кемі 2 несиеден бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де жеткілікті.
Жобаға қатысушылар қаржы кеңесшілерінің дәрісінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан бастап соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу мен берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі аралықта туындаған мәселелер бойынша көмек алады. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету жөнінде кеңес береді.