• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Ақпан, 2024

Зергерлік бұйымдар сынамасына сын

347 рет
көрсетілді

Зергерлік өнер әрдайым көненің көзі ретінде бағаланып келген. Бүгіндері әшекейлердің сатылымда сұранымы жоғары. Дегенмен соңғы кездері бағалы металдан жасалған бұйымдардың шет мемлекеттерге заңсыз саудалануы белең алды.

Өткен жылы Сауда министр­лі­гінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (ТРМК) кә­сіп­керлік кодекске сәйкес 2365 зергерлік бұйым өткізушіге тексеру жүргізген. Бақылау барысында 80%-дан астамы, оның ішінде 1921 кәсіпорынның сараптау, талдау және «Барыс басы» символының бейнесін білдіретін еліміздің сынамалық таңба басу міндетті рәсімдерінен өтпе­ген­дігі анықталған. Осы ар­қылы на­рықтағы зергерлік бұйым­дар­дың сапасы мен түпнұс­қа­лығын бақылау сала­сында күрделі мәсе­ле­лерге кезіккен.

«Шын мәнінде, отандық таң­баның жоқтығы біздің нарық­тағы алтын, күміс, платина және басқа да бұйымдардың сынамаларына күмән туғызған. Мәселен, тұтынушылар 585 сынамадағы сақинаны құра­мында 58,5% таза алтын бар деген үмітпен сатып алады. Бірақ олар іс жүзінде артық ақша төлеп, құрамында алтыны әлдеқайда аз бұйымды, көбіне алтын жалатылған әшекейлерді алып жатқанын қайдан білсін? Сөйтіп, сатып алушылардың құқықтары бұзылады. Қазір осы бағытта бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр», дейді комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Нарықты реттеу тетіктерінің бірі – биыл шілдеден бастап енгізуге жоспарланған зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау ісі. Оны енгізу арқылы елімізде әрбір өткізілетін зергерлік бұйым­ға тағылған тауар туралы белгісі, мекенжайы, атауы, артикулы, сынамасы, салмағы, өлшемі, са­лынған тастары туралы ақпарат беріледі. Ең бастысы, сараптама актілерін цифрландыру және цифрлық таңбалаумен байланыс­тыру жоспарланған.

Елімізде заңды түрде жұмыс істеп, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай брендпен тауарларды сатылымға шыға­рып отырған Қазақстан зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиев жазалау шараларын қатаңдатуды, оның ішінде қыл­мыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынып отыр.

«Таңбалауды енгізу нарықты ақтауға мүмкіндік береді. Бірақ адал зергерлер сынамалау кезінде орын алған жағдай бұл жерде де болуы мүмкін деп қорқады. ТРМК талдауына сүйенсек, 80%-ы сынамадан өтпеген. Егер мұн­дай бұйымдарды мемлекет кірісіне тәркілеу түріндегі әкім­ші­лік жауапкершілік күшей­тіл­месе, онда таңбалау да осындай жағдайға тап болады. Сон­дық­тан қабылданып жатқан шаралармен қатар бағалы метал­дардан жасалған зергерлік бұйым­дар­дың заңсыз айналымы үшін қыл­мыстық жауаптылықты енгізу­ді ұсынамыз», деп атап өтті Зер­герлер лигасының басшысы.

Иә, былтыр елімізде 1,2 млрд теңгенің зергерлік және со­ған ұқсас бұйымдар өндіріліп, бағасы да 4,3%-ға өскен. Осы жыл­дың қаңтар айының соңында қолсағаттар бір жыл ішінде – 10,1%-ға, неке сақинасы 2,9%-ға қым­баттаған.

Аталған бұйымдардың на­рық­тағы жаһандық табысы өткен жылы 374,2 млрд дол­лар­ға жетіп, алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 11,5%-ға артқан. Ма­мандар биылғы табыс 390,7 млрд долларды құрауы мүмкін екендігін айтады. 2028 жылға қарай әлемдік зергерлік бұйымдар мен сағат нарығының табысы 448,9 млрд долларға жетіп, оның 357,2 млрд доллары зергерлік бұйымдардан және 91,7 млрд доллары сағаттардан түседі деп болжам жасайды сарапшылар.