...Ол бала кезінде оңашада тасқа отырып алып ағыл-тегіл жылайды екен. Соны сыртынан көрген бір қария: «Тимеңдер, бұл бала Жаратқанмен тілдесіп отыр» деп жанына ешкімді жолатпай, тәңірмен тілдескен талант бойынан ерекше қасиетті байқапты. Қарттың қырағы көзі қалт жібермепті. Арада жылдар өткенде сол «жылауық бала» қазақ өнерінің шын мәніндегі жанартауына айналды!
Иә, талант та табиғатына тартып туады. Баянауылдың көркем де бай табиғатынан нәр алып өскен Шаһкерім – Шәкеннің сірә да сұлулыққа селт етпеуі, айналасына махаббатпен көз тікпеуі мүмкін еместей көрінеді. Себебі оның өмірінің өзі тұнып тұрған өнер еді. Ал Айманов бойындағы алапат актерлік дарын сол бала күнінен-ақ айқындала бастаған болатын.
Кино өнерінің корифейіне баланып, қазақ киносының пірі атанған Шәкен Айманов туралы сөз болса, бірден әңгіме ауаны кино тақырыбына ауыса жөнеледі. Ол заңды да. Себебі Кенжетайұлының қазақтың жанына айналған шедевр шыңындағы ғаламат 14 фильмі барда, өз қолымен іргетасын қалап, бүгінде Айманов атымен аталатын «Қазақфильм» тұрғанда, әлбетте, ол қалдырған мәңгілік мұра ғасырдан-ғасырға жалғаса берері сөзсіз. Десе де, Шәкеннің кинодан бұрын тағдырының театрмен тоғысқанын, сырлы сахнада жүріп сан алуан кесек бейнелер тудырғанын да келешек ұрпақ ұмытпауға тиіс.
Айманов бойындағы әртістік дарын бала кезінде байқалып, мектеп кезінде даралана түскенімен, оны қыз-қыз қайнаған нағыз өнердің ортасына алып келген – Ғабит Мүсірепов болатын. 1928 жылы Семейге келіп, Казкоммуна мектебіне түскен таланттың көзіндегі отты ұлы жазушы сондағы өнер үйірмелердің бірінде байқап қалып, оны Алматыдағы қазақ драма театрына шақырады. Міне, осы сәттен бастап Шәкеннің жұлдызды шағы басталады.
Келбеті келіскен, жанары отты жасты театр әлемі жатырқамады. Ал Аймановтың өзі болса өнердегі алғашқы адымдарынан-ақ алысқа сілтер жарқын талантын танытты. 1934 жылы «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы батыр Есен рөлінен басталған өнердегі өрісі Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччио, Отелло, Хлестаков бейнелерін ақындық шабытпен, аса зор актерлік машықпен зерлеген Шәкен шын мәніндегі шығармашылықтың шыңына бет алды. Атақты актердің іргелі ізденіске толы жиырма жылы осылайша М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында өтті. Төл және классикалық драматургияларда, шығыс-батыс демей, кесек бейнелерді жарқыратқан адуын әртіс қабілеті көрерменін эстетикалық ләззатқа бөледі. Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен сөйлетсек, ол – қазақ топырағында романтикалық театр мектебін қалыптастырған актер. Ақ өлеңмен есіліп-төгіліп жататын эпостық, эпикалық сом дүниелердегі халықтық қуаты мол соқталы кейіпкерлердің хас шебері атанды. Ол сомдаған Отелло мен Петруччио – қазақ театры тарихында үлкен құбылысқа айналған рөлдер.
Әлемдік классиканың алтын қорынан ойып орын белгілеген ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Шәкен сомдаған Петруччио рөлі өнердің үлкен жаңалығы болды. Актер бойындағы музыкалық, пластикалық қасиет, интонация байлығы «Асауға тұсаудың» ажарын ашып, бәсін биіктеткен табысты ізденіс екені даусыз. Әсіресе Катарина рөлін ойнаған КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева екеуінің теңдессіз тандемі күні бүгінге дейін театр тарландары үшін тамаша тәжірибе мектебі десек, қателеспейміз. Тіпті кезінде «Асауға тұсау» комедиясы Одақ бойынша үздік деп танылып, Шекспирдің мерейтойында тамаша тандем осы спектакльмен Лондонға барып өнер көрсетіп қайтты.
Аймановтың актерлік қарымын даралаған тағы бір рөл – Ақан сері бейнесі. Ол туралы театртанушы Мирас Әбіл: «Ақан сері басындағы трагедиялық халді дұрыс түсініп, оны шебер ойнату үшін әртіске жалаң табиғи талант аз, ысылған шебер техника қажет. Біріншіден, өлеңмен жазылған пьеса мәтінін өлең екпінінің еркінде кетпей, дауыстың музыкалық ырғағына берілмей, өлең жолдарына қарасөздік ритм беріп меңгеру үшін мүлтіксіз дикция, сөйлеу шеберлігі керек. Екінші, драманың өн бойында жиі кездесетін төгілмелі ұзақ монологтерді қызу темпераментпен мүдіртпей айту кезіндегі ентікпейтін ептілік қажет. Үшіншіден, Ақан басындағы қайшылықтарды, философиялық ойларды дұрыс шешіп, жарқын жеткізу үшін биік сана иесі болу ләзім. Міне, осы айтылған талаптарға сай актерлік қасиет Ш.Айманов бойынан табылды», деп жазады.
Иә, Шәкен Айманов шын мәніндегі өнердегі құбылыс еді. Аймановпен серіктес, жұптас болып ойнау актер біткенге арман болғанын оның замандас әріптестері күні бүгінге дейін елжіресе әңгімелеп, тағылымды естелік қалдырды. Соның бірі марқұм ұстазымыз Әшірбек Сығай. «Шәкен Айманов сахнаға Ақан немесе Петруччио болып шыға келгенде, дауыл тұрып өткендей сезім билеуші еді көрермендер залын. Зал мен сахна арасында көзге көрінбес нәзік те сырлы бір өзгеше байланыс белең алар еді. Қыбыр етіп қозғалуға шамаң құрып, екі көзің сахна төріне қадалғанда, бейне бір денеңнен жан кетіп қалғандай халге ұшырар едің», – деп тамсана толғаныпты естелігінде театр білгірі. Актер феномені турасында бұдан асырып айту мүмкін емес... Сол бір жолы қария қастелеспепті. Шәкен Айманов – шын мәнінде тағдырдың таңдауы түскен талант!