• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 14 Ақпан, 2024

Қазақ киносының корифейі

227 рет
көрсетілді

«Шәкен Айманов – нағыз табиғи дарын иесі, тума талант. Жас кезінен-ақ ол өзін әртіс ретінде таныта білді. Ал бұндай біртуар табиғи дарын ешқашан бір жақты болмайтыны белгілі. Ол жан-жақтылығымен дами түседі. Тамаша сахна актері Шәкен аға театр режиссері болып, фильмдерге түсті. Кино түсіре жүріп ауқымды қоғамдық жұмыстар атқара білді», деген екен шәкірті, «Транссібір экспресі» фильмінің режиссері Эльдор Оразбаев.

Бұл – Аймановтың өзі туралы айтылып, жазылған дүниелердің және оның сан қырлы, жан-жақты істерін көріп, біліп жүргендердің сол кездегі сипаттамаларының жиынтығы іспетті. Тиіп кеткен жерінен жаңалық жасай білуі, қалыптасқан көзқарасты тосын өзгерте алатын қасиеті, қолына алған кез келген істің тамаша нәтижесін шығара алатыны жұртшылықтың Шәкен Айманов тұлғасына деген қызығушылығын үдете түсетін. Қызғаныш көз бен тар пиғылдардың пайда болғаны да белгілі.

Семей педагогикалық техникумын бітіртпей шақыртып алған Қазақ драма театрында Шәкен аға азды-көпті жиырма жыл еңбек етіп, жүзден аса рөл ойнады. Кейін бас режиссер қызметін атқарып, көптеген спектакль қойды. М.Әуезовтің «Абай» трагедиясын қойғаны үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Әрине, «Шәкен Айманов киноға қалай келді, кино өнерінің ерекшеліктерін қандай жағдайларда ажырата бастады?» деген сұрақтар туындауы заңдылық. Тұлғаның кино өнеріне деген талпынысы мен қызығушылығы ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңында, дәлірек айтсақ, 1937 жылы Алматы қаласының іргесінде негізгі көріністері түсіріле бастаған «Амангелді» фильмімен тығыз байланысты. «Ленфильм» киностудиясы жүзеге асырып жатқан бұл түсірілім туралы хабар Шәкен ағаға сырттан келмейді. Амангелді рөліне түсуге театрдың бас режиссерінің рұқсатын алуға келген Елубай Өмірзақовтан Шәкен Айманов түсіру тобының жетекшілерімен кездесу ұйымдастыруды сұрайды. Үлкен рөл алып, ізденуге уақыт тығыз болғандықтан, ол фильм режиссері Моисей Левиннен көпшілік көріністерге қатысуға рұқсат алып, тәжірибе жинақтай бастайды. Театр мен кино екеуі де драма өнеріне жататындықтан, көбіне кино түсірудің технологиясын түсінуге ерекше көңіл бөледі. Қастек ауылының маңындағы түсіру алаңына әрбір келгені кино түсіру тобына да өз пайдасын тигізбей қоймады. Тіпті фильм режиссері қазақ тұрмысы мен салт-дәстүрлері бойынша кеңесші ретінде жиі ақылдасып тұрғаны белгілі.

М.Левин «Амангелдіден» кейін келесі фильмі – «Райханды» түсіреді. Аймановқа осы фильмдегі байдың қолшоқпары Сәрсен деген зиянкестің рөлін ұсынады. Алғаш рет кинокамера алдында объективке тура қарап, рөл ойнауды ұлы актер осы фильмде үйренген. Кейін «Абай әндеріндегі» – Шәріптің, «Алтын мүйіздегі» – Жақанның, әйгілі Ефим Дзиганның Николай Погодин мен Әбділда Тәжібаевтың сценарийі бо­йынша түсірген «Жамбыл» фильміндегі Жамбылдың рөлін ойнау мүмкіндігіне ие болады. Бала кезінен ақындар мен жыршылар әлеміне жақын өскен Шәкенге бұл бейне аса қымбат қана емес, сонымен қатар көкейінде жүрген арманына біртабан жақындатқандай да еді.

Жамбыл рөліне Шәкен кездейсоқ жағдайда бекітілсе де, ол даңқты суырыпсалма ақын образын ойдағыдай орындап шығады. Әу баста байдың қолшоқпары болған жағымсыз кейіпкерді ойнауы керек болған актердің қосалқы рөлден басты рөлге бекітілуінің өзі қызық. Мәселе былай өрбіген еді: фильм режиссері Ефим Дзиган қарт ақынның рөліне орындаушы таба алмай әуре-сарсаңға түседі. Оның алдынан үміткер актерлер бірінен соң бірі өтіп жатады. Бірақ рөлге лайық әртіс табылмай қояды. Дәрменсіздіктен әбден қажып, үміті үзіле бастаған режиссердің құлағына кездейсоқ күмбірлеген домбыраның да­уы­сы естіледі. Байқатпай, сырттай барып қараса, жиналған адамдардың ортасында бір жігіт кейіпкер ақынның рөлін ойнаған болып, қалжың араластырып ән айтып отыр екен. Оның шeбeр ойынынан режиссер бір сиқыр байқайды. «Мен бұрын көрмеген орындаушының ойынынан ерекше қарқынмен шарықтаған екпін мен серпін сезілді, тіпті мені баурап әкетті, – дейді режиссер, – оның дарыны жылтылдап сыртына шығып тұрғандай болды. Әрине, бұл жерде әңгіме оның әншілік шеберлігінде емес – дауысы соншалықты күшті деуге келмейді, мені таңғалдырғаны – оның тұла бойынан ескен әлдебір күшті сезім, көздерінің оттай жануы, бүкіл сырт кейпі, домбырада еркін ойнауы, бет әлпеті болды. Осының бәрі біз қызықтап отырған адамның ерекше актерлік қабілетін байқатты. Таныстықтан соң Аймановты грим бөлмесіне ертіп келіп, Жамбылдың гримін жасатқыздым. Содан кейін де бес-алты рет сынақ өткізілді. Біз Аймановты жиырма мен жүзге дейінгі әртүрлі жасқа бейімдеп сынадық. Әйтеуір портреттік ұқсастыққа жеттік, Аймановтың қайталанбас қасиеті – әр ұсынылған жасқа өзінің актерлік кейпін түрлендіре білуінде еді».

Осы эпикалық бейнені сомдау барысында Шәкен ағаның актерлік дарынының кеңдігі мен тереңдігі айқындалды. Айманов қазақ халқының тарихында өзіндік даңғыл жолы бар Жамбыл ақынның тұлғалық және дарындық қалыптасу барысын жан дүниесінен өткізіп барып, ерекше ыждаһаттық, сүйіспеншілік һәм терең ой-сезіммен ойнап шықты. Осының нәтижесі әртістің ел алдындағы абыройының бір сәтте және мүлтіксіз асқақтауына жеткізді. Көрермен Шәкеннің сомдаған Жамбылын өте жылы қабылдады, себебі әртіс ұлы ақынның дарыны мен рухын мейлінше шынайылық­пен суреттей алды. Осы фильм Аймановтың кинорежиссерлік бола­шағына да жол ашты деуге әбден болады.

Өміріне түбегейлі төңкеріс жасаған айтулы оқиғадан кейін Шәкен Айманов шығармашылық қабілетіне сүйене отырып, кино өнерімен тыңғылықты айналысуды негізгі мақсаты етіп қояды. Көп ұзамай-ақ тәжірибелі режиссерлердің көмегімен фильм түсіруді бас­тап та кетеді. Алғашқы екі фильмін ленинградтық режиссер К.Гаккельмен бірге 1954 жылы түсіреді. Олар – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы өте белгілі эпос негізінде жасалған «Махаббат туралы аңыз» және көшпелі малшының қызының тағдырын баяндайтын «Дала қызы» болатын. Олардан кейін М.Володарскиймен бірге тың игеру тақырыбын арқау еткен «Біз осында тұрамыз» (1956) фильмін түсіреді. Ал бұдан кейін Шәкен Аймановтың өзінің қоюшы режиссерлігі басталды.

Аймановтың киноөнеріндегі шығар­машылық қарқыны замандастарын таңырқатпай қоймады. Ең бастысы, ол бір жанрлық бағытты ұстанбай, драманы да, трагедияны да, шытырман оқиғаны да, тіпті ең күрделі жанр саналатын комедияны да, музыкалық комедияны да қаймықпастан игергені көрерменнің зор қолдауына ие болғаны белгілі. Әсіресе 1957 жылы түсірген «Біздің сүйікті дәрігер» атты тамаша комедиясы көрерменнің көзайымына айналды. Ол фильм бүгінгі күнге дейін өзінің көңілді, жарқын атмосферасымен көрермен сұранысының жоғары деңгейінен түспейтін шығармалардың қатарында. Бұл түсінікті де, себебі ең алдымен, қазақ өнерінің хас шеберлеріне арналған фильм-ескерткіш деуге болады. Онда Елубай Өмірзақов, Шара Жиенқұлова, Серке Қожамқұлов, Хадиша Бөкеева, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Юрий Померанцев, Евгений Диордиев, Рахия Қойшыбаева секілді қазақ өнерінің тағы да басқа көптеген саңлақтарының қайталанбас бейнесі қалды.

«Тақиялы періште» (1968) атты режиссердің екінші комедиялық фильмі де еліміздің көрермендерінің, кинофестивальдардың аса зор ықыласына бөленді. Бұл фильм КСРО елдері шығарған үздік комедиялық туындыларының қатарына енді және әлі күнге дейін халық сүйіп көретін шығармалардың бірі. Шәкен ағаның кеңестік партияның үстемдігі шыңына жетіп тұрған уақытта партия қызметкерінің психологиясын қорықпай көрсеткен «Бір ауданда» (1960) атты фильмін де атап өтуіміз керек.

Суреткердің «Алдар көсе» (1964) және «Атамекен» (1966) фильмдері – қазақ киносының тарихында өзіндік орны бар, терең ойлы шығармалар. «Алдар көседе» режиссер басты рөлді өзі ойнады. Фильмнің мазмұны мен тақырыбы адамгершілік үшін күреске, жақсылық пен зұлымдықтың арақашықтығын түсінуге шақыратыны белгілі. Ал «Атамекен» фильмі Отан, туған жер деген қасиетті ұғымдарды соғыс тақырыбы арқылы көрсетеді. Олжас Сүлейменов фильм сценарийін Шәкен ағаның сұрауы бойынша «Атамекен» өлеңінің желісімен жазғанын айтады. Бұл оның алғашқы жазған сценарийі екен. Көптеген көріністер мен ойға жетелейтін диалогтардың сол кездегі цензураның нұсқауымен алынып тасталғанын айта келе, Шәкен Аймановтың осы мекеменің алыптарымен әр көрініс, әр эпизод үшін күрескені, сондағы батырлығына риза болғанын ерекше атап өтеді. Атақты ақынның да ата-тегі Баянауыл жерінен екені баршаға белгілі. Айманов осындай қиыншылықтарды бастан кеше отырып, поэтикалық негізі бар тақырыпты фильм-тәмсіл (фильм-притча) жанрында шешеді. Олжас Сүлейменов ол кезде «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы қызметін атқарды. Ақын сол кездегі киностудия атмосферасын былай суреттейді: «Мен сол алпысыншы жылдары студияның сценарлық алқасын басқардым, тұлға ретінде қалыптасуым да осы ұжымда өтті. Оның жаны, жетекшілері – Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов болатын. Кинодағы осындай мектептен Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, ал бізге дейін Ғабит Мүсірепов те өткен».

Жан-тәнімен театр сахнасын­ құрметтейтін Айманов осылайша­ киноға біржола ауысып кетеді. Жиырма жыл ішінде ол жиырма фильм­де актер,­ қоюшы-режиссер, сценарист болып қызмет атқарды. 1953 жылы «Қазақфильмнің» көркемдік жетекшісі, он жылдан соң Қазақстан кинематографистер одағын құрып, оның Басқарма төрағасы болады. Қазақ киноөнерінің күнделікті өмірінен бастап, оның дамуы үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Шәкен ағаның басты мақсаттарының бірі – кино үдерісіне шығармашылық интеллигенция мен жастарды тарту болды. Жастармен өзінің тәжірибесін бөлісуге, олардың кино саласының мамандары болып қалыптасуына көп көңіл бөлді. Мәселен, Мәскеу мемлекеттік кинематография институтының студенттері­мен мүмкіндігінше кездесіп тұруды ұмытпайтын.

«Шәкен Аймановқа апарар жолым­ның басында мен Ефим Ефимович Аронның «Ботагөз» және «Ертістің қолайсыз жағалауында» деген екі фильміне түстім, – дейді Асанәлі Әшімов, – мен ол кезде кино деген­нің не екенін, экранда бейнелер жасау, қай кейіпкерді қалай ойнау керек екенін білмейтінмін. Ауылдан келген менің жалпы өнер туралы түсінігім де аз болатын. Солай бола тұра «Амангелді» фильмін қайта-қайта көретінмін, әр көрген сайын Құдайдан сүйікті кейіпкерімді аман қалдыруын тілейтінмін. Сөйтіп жүргенде, 1962 жылы­ Айманов мені жас аудандық партия комитеті хатшысының рөліне шақырды, ал Шәкен аға мен Евгений Яковлевич Диордиев жасы үлкенірек хатшылардың рөлін ойнады. Бұл «Бір ауданда» фильмі болатын. Мен 24 жаста болсам да, ағаларымнан ұялатынмын. Қалай тұру керек екенін, қолымды қайда қоярымды білмей қиналатынмын. Айманов сол актерлік кемшіліктерімді кейіпкерімнің болашақ бейнесіне негіз етіп алды. Мeн ол кісінің айтқанынан шықпадым, өмірге, экранға қатысты көзқарастары мeн шығармашылық кеңістікті ұйымдастыру тәсілдері маған өзінен-өзі көше бастағандай көрінді. Ал «Жол қиылысы», «Ән қанатында», олардан кейінгі «Атаманның ақыры» фильмдерінде біржолата оған үйреніп кеттім. Тіпті «ірі пландарды» түсіргенде Шәкен аға объективтің өзі болып, дәл алдымда бажырайып қарап тұрғанда да қаймықпай ойнай беретін болдым. Түсірілгeн көрініс ойдағыдай болса жанданып: «Стоп» деген сөзді ерекше көңілмен айтатын. Менің де ішім жылып қоя беретін. Ол ұрысу дегенді білмейтін. Ұзақ түсіндіріп жатпайтын. Интонациясынан бәрі білініп тұратын. Бір сөзбен көп нәрсені айтатын. Менің «Атаманның ақырындағы» актерлік жұмысыма риза болатын. Көп мақтамайтын да. Бірде маған жақындап: «Жақсы, балам, Чадьяровың ойдағыдай!», – деп қысқа қайырды. Нәтижесін кейін Мәскеуде өз құлағыммен естідім. Кино үйінде болған фильмнің тұсаукесерінен кейін оған белгілі режиссер Григорий Чухрай: «О, Шәкен, сен детективті жақсы меңгеріпсің, мен саған ұқсас тақырып ұсынсам қалай қарайсың?, – дегенде: – Жоқ, Григорий, мен көптен бері «Абай» эпопеясын түсірсем деген ойда жүрмін, актерім де дайын» деп маған қарағанынан әңгіме мен туралы екенін түсіне қойдым. Бірақ өкініштісі, ол іске аспайтын жоспар еді... Актерлік шеберліктің қалыптасуы кезеңінде жолым болып Шәкен ағамен кездескенім бүкіл болашағымды айқындады. Арнайы маған сабақ бермесе де, ол – менің Ұстазым, бойымдағы шығармашылық болмыстың бәрі сол кісіден!» дeйді бүгінгі театр мен кино өнерінің абыз ақсақалы Асeкeң.

«Атаманның ақыры» Шәкен Айма­нов­тың да ақыры болды. Фильм Қазақ­станның Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Осылайша, өзінің де шеберлік шыңына көтерілгенін дәлелдеді. Фильм жалпы қазақ киносының сая­си детектив жанрын ойдағыдай игергенінің белгісі болды. Режиссерлік шеберлікпен жасалынған бұл фильм қазақ көркемсуретті киносын жаңа кәсіби деңгейге көтерді. «Атаманның ақырының» жалғасындай саналатын «Транссібір экспресі» фильмін Шәкен Аймановтың шәкірті, кинорежиссер Эльдор Оразбаев түсірді. Бұл фильм де көрерменнің зор ықыласына бөленді және көрермені көп үздік шығармалардың қатарына енді.

Енді «Абай» эпопеясына дайындала­мын деп жүрген Шәкен Кенжетайұлы «Ата­манның ақыры» фильмін кино өне­рін­­де қалыптасқан дәстүрлі тәртіппен КСРО кинематография бойынша мем­ле­кет­тік комитетіне ойдағыдай тапсырып, сырт­қа шыққан кезде, оны кездейсоқ жағ­дай күтіп тұр екен. Мәскеудің Горький көше­сінде автокөлік қағып кетеді. Алған жара­қаты дәрігерлерді шарасыз еткен осы өте қайғылы жағдай әлі де біздің қазақ киноөнерінің жадында зор қасірет болып қала береді.

Театр және кино режиссері, мәдениет майданының аты мен абыройы жер жарған қайраткері, біртуар дарыны, тасқындаған әртіс, ақын-жыршылардың ән салу дәстүрлерін жалғастырушы, қай ортаны болсын өзінің қызықты әңгімелерімен баурап алатын көпшіл, өткір сықақ пен қалжың ойындардың шебері, жомарт және мәрт азамат... – осының бәрі бір Шәкен Аймановқа тән қасиеттер. Шәкен Айманов – адам­гер­шілік пен қайырымдылықтың, адам­сүйгіштік пен ұлтжандылықтың ғалам­ша­ры. Қайталанбас фeномен! Оның жар­қын бейнесі, асқақ армандары мен жобалары әр қазақ киногерінің жадында, оның фильмдері мен рөлдері фотографиялар мен таспаларда мәңгілікке қалды. Ал ол қысқа өмірін сарп еткен қазақ киноөнері бүгіннің талаптарына сай бағытта дамып, жылдан-жылға өрістеп келеді.

 

Сламбек ТӘУЕКЕЛ,

кинорежиссер, продюсер,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері