• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Инвестиция 14 Ақпан, 2024

Іске асырылатын жаңа жобалар

109 рет
көрсетілді

Жуырда «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында инвестициялық ахуалды жақсарту және көлік-логистика саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға әсер ететін кедергілерді анықтау бойынша кездесу өтті. Онда осы бағыттағы бірқатар мәселе талқыланды.

Іс-шараға Көлік, Сыртқы істер, Қаржы министрліктерінің, «Kazakh Invest» ҰК АҚ-ның және бизнес-қауымдастық өкілдері қа­тысты. Кез­десу brainstorm фор­ма­тында өтті. Сөз кезегінде Кө­лік вице-министрі Талғат Ластаев ал­дағы бірнеше жылда көлік инфра­құ­рылымына қатысты қо­йыл­ған барлық міндетті іске асыру үшін, оның ішінде транзиттік қуат­тарды ұл­ғайтуға шамамен 40 млрд доллар қажет болатынын атап айтты.

«Министрлік көлік және логис­тика саласындағы инвестициялық жобалар пулын ұлғайту бойынша өзектендіру және шаралар қабылдау бойынша жұмыс жүргізді. Атап айт­қан­да, инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды бірнеше есе ұлғайту мәселелері бо­йынша жаңа тәсілдерді әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, көлік және логистика саласындағы мемлекеттік және жеке сектор компанияларының қа­ты­суымен ведомствоның инвес­ти­циялық жобаларын сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші оты­рысы өткізілді», деді Т.Ластаев.

Қазіргі уақытта министрлік өткіз­ген іс-шаралардың қорытын­ды­сы бойынша теміржол мен теңіз көлігі, авиация және автожол салаларында жалпы сомасы 31 млрд доллардан астам инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюро­­сының ресми деректеріне сәйкес,  2023 жылдың қорытындысында министрліктің жетекшілік ететін салалары бойынша негізгі капиталға инвестициялар жоспары 107,7 па­йыз­­ға орындалып, 2 233,6 млрд тең­гені құрағанын атап өткен жөн. Со­ны­мен бірге еуропалық инвесторларды тарту үшін отандық көлік саласы делегациясының Бельгияға, Ни­дер­ланд­қа және Румынияға жұмыс сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында министрлік өкілдерімен, халықаралық қаржы ұйымдарымен және негізгі еуропалық инвесторлармен кездесулер өткізіліп, көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірқатар құжатқа қол қойылды.