Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент саяси реформалармен қатар, экономиканың барлық саласын дамытуға күрт бетбұрыс жасау туралы талап қойды, міндет жүктелді.
Салық және бюджет кодекстерін жетілдіру, әсіресе, мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік әріптестік туралы заңнамаларға жаңаша сипат беру керектігін тапсырды.
Бізге Премьер-министр Олжас Бектеновтің іле-шала Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде Үкімет мүшелеріне нақты мерзімі көрсетілген тиісті тапсырмалар бергені ерекше ұнады. Айталық, өзінің бірінші орынбасары Р.Склярдан мұнай-газ, көмір, химия, металды терең өңдеу, машина жасау сынды салаларымен айналысатын алпауыттардан 4-5-сатылардағы өнім өндіруге байланысты жоспар, жобаларын жасауды талап етті. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу туралы да айтылды. Ұлан-ғайыр даламыз, қазба байлығымыз, егін, мал шаруашылығымыз бола тұра соны ұқсата алмай отырғанымыз биік мінберден ашық айтылды және сол кемшілікті жою жөнінде бағыт белгіленгені байқалды. Өнім өндірмей өркендеу болмайтыны биліктің ең жоғары деңгейінде мойындалды деп санаймын.
Жаңа өнімдер шығаруға ғылыми да, өндірістік те қуатымыз жеткілікті. Көзделген мақсат жүзеге асырылатын болса, қосымша жұмыс орындарын ашып, қазынаны толықтыра түсетіні айтпаса да түсінікті. Бұл сайып келгенде еліміздің экономикасын көтереді, халықтың әл-ауқатын арттырады.
Президент Үкіметтің жаңа басшысы туралы өте жоғары пікір білдірді. Олжас Абайұлының сөзі нық, бағыты айқын екенін де байқап қалдық. Әрі жас, әрі білімді, әрі батыл, ең бастысы, сөзге ілікпеген азамат.
Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмалары, жаңа Премьердің алғашқы қадамдары кейінгі күндері көпшіліктің арасындағы негізгі әңгіме арқауына айналғанына куә болып жүрміз. Халықтың үміті мол, сенімі зор. Сол үміт ақталсын.
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның құрметті металлургі, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы