Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайына арнайы тоқталды. Расында, адам капиталын дамыту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру жайында сөз қозғағанда оның қозғаушы күші жастар екенін көбіне-көп ұмыт қалдырып жатамыз.
Жастар кейінгі жылдары ауыл десе ат-тонын ала қашып, әсіресе мал бағу ісінен қалып барады. Жасырып не керегі бар, шаруашылықтарда еңбек ететіндердің дені – жастары елу-алпыстан асқан жігіт ағалары. Қазіргі уақытта фермаларға мал өсірушілер, бақташылар, сауыншылар, мал дәрігерлері ауадай қажет. Мұның барлығы ауылдық жерлерде жастарды тартатын, ұстап тұратын заманауи тұрмыстық жағдайлар мен лайықты еңбекақының жоқтығынан.
Мемлекетіміз былтырдан бері «Ауыл аманаты» жобасын енгізіп, арзан несие таратуға кірісті. Алайда бұл арада біз сияқты жас шаруашылықтардың көңіліне жақпай отырған кілтипандар бар. Біріншіден, ауылдықтарға берілетін 5-8 млн теңге қаражаттың көлемі аз. Ол қаржыға қазіргі қымбат заманда көп мал-мүлік сатып ала алмайсың. Мысалы, бір бас симментал сиыры біздің өңірде 700-800 мың теңге тұрады. Бес миллионға шаруа иесі мал сатып ала ма, әлде қоражай сала ма? Ендеше, ісін жаңадан бастағысы келетін азамат үшін әлгі несие көмек бола қоймайды деп есептеймін. Сондықтан несиенің көлемін өсіріп, кемі 20 млн теңгеге жеткізсе, ол үлкен қолдау болатынына сенімдімін.
Екіншіден, несиені ресімдеудің машақаты көп. Ең әуелі ауылдықтардан кепілге мүлік сұрайды. Осы жайт әлгі бағдарламадан дәмеленген біраз ауылдықтардың меселін қайтарып тастады. Қаржыны көбіне малы, мүлкі бар үлкен шаруашылықтар иеленеді. Ал ұсақ фермерлердің көбі үшін әлі күнге мемлекеттік бағдарламаға үміт арту қиын мәселе. Жарайды, туысқанының, көршісінің мүлкін кепілге қойып, әйтеуір бағдарламаға ілігетін болды делік. Алайда осы жерде қаржы ұйымындағылардың мына құжатты әкел, ана анықтаманы жеткіз деген бір бітпейтін талаптары да жағдайды күрделендіріп жібереді. Ауылдағылардың барлығы құжатқа жүйрік емес. Олардан бизнес-жоспар сұрайды. Әрине, фермерлер оны өзге мекемелердің қызметкерлеріне жасататыны айдан анық. Бизнес-жоспарды жасату ақылы. Ал несиені ала алмай қалса, жұмсалған шығыны қайтарылмайды. Мұндай жайттар қолында капиталы жоқ жастардың талабын басып отыр. Кедергіге тап болғандар екінші рет мемлекеттік бағдарламаға қатыс десе, азар да безер болатыны содан. Сондықтан жастар қауымы үшін бұл несиенің талаптары жеңілдетілуге тиіс деп есептеймін.
Біздіңше, жергілікті әкімдіктер несие рәсімдегенде жастарға кепіл болуы керек. Бұл көп мәселені шешер еді. Бұған қоса жер комиссиялары конкурс өткізгенде жастар басқарып отырған шаруашылықтарға басымдық беретіндей жүйе қалыптасуы керек.
Ғайса ӘЛДИБЕКОВ,
«Балтабай» ШҚ басшысы, жас кәсіпкер
Павлодар облысы