Көңіл түкпірінде тұнып жатқан бүгінгі музыка өнері жөнінде ашық ой түюіме Мемлекет басшысының Қазақстанды қайта жандандыру жолына бастайтын жеңісті де жемісті істерінің түрткі болғанын жасыра алмаймын. Біздің мәдени-рухани байлығымыздың бірегейі – музыка (Ахмет Байтұрсынұлы оны «әуез» деп атаған). Саналы өмірінің өзегі – қазақ халқының мәдени-рухани болмысы болған, діні, тегі бөлек, орыстың этнограф-ғалымы Григорий Потанин «маған барша қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» дегені сондықтан болар. Иә, шетсіз-шексіз далада жыл құсындай көшіп-қонып ғұмыр кешкен, артық жүк алып жүрмейтін қазақ домбырасы мен қобызын қасынан бір елі кейін тастамады, өзімен бірге сапар шекті.
Академик Ахмет Жұбанов осы Ұлы дала үнін бойына тұндырған қазақтың 10 мың әні мен 5 мың күйін картотекаға тізіп, ұрпаққа аманат етті. Бұл – әлемдік өркениеттегі баға жетпес байлық. Құрманғазы бабамыз бар-жоғы 1 минут 30 секунд аралығына сыятын «Сарыарқа» күйімен адамзат өркениетінде теңдесі жоқ туынды әкелді. Даламыздың иесі мен киесі қазақ екенін әйгіледі. Осы байлықтан нәр алған ата, аға, бүгінгі буын композиторлар «Қазақтың композиторлық мектебі» деген ұғым-тұжырымдаманы өмірге әкелді.
Небір қиын жылдары «Қыз Жібек» (Е.Брусиловский, Ғ.Мүсірепов, 1934 ж.), «Абай» (А.Жұбанов – Л.Хамиди, М.Әуезов, 1944 ж.), «Біржан – Сара» (М.Төлебаев, Қ.Жұмалиев, 1946 ж.) опералары дүниеге келіп, сахнаға қойылып жатты. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, сол кезде өнерге, оның ішінде музыкаға ден қоятындай мүмкіндік болмағандай көрінеді: 30-шы жылдары қолдан жасалған ашаршылық апаты, ұлт зиялыларын, басшыларын түп-тамырымен қырып-жойды, атты...
Соның бір аса қайғылы көрінісі деп тұңғыш филология ғылымдарының докторы, профессор, әлемнің 16 тілін еркін меңгерген, тұңғыш «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қобыз», «сыбызғы», «толғау» атауларының этимологиясын ашқан Құдайберген Жұбановтың (Ахмет Жұбановтың ағасы) өмірін атауға болады. 1937 жылдың 23 желтоқсанында оны ату туралы үкім шығарылғанда, соңғы сөзінде, орыс тілінде былай деген еді: «...Байство – цвет и сила казахского народа, давали государству скот, мясо, шерсть, кожу и хлеб. Когда конфисковали байство, пустили по ветру нечислимые богатство страны, развалили веками сложившееся хозяйство, оставшись у «разбитого корыта», начали кричать о перегибах. Эта значит – смерть значительной части казахского народа, и только казахского народа. Русские в Казахстане не голодали и не умирали. Казахский народ стал жертвой социализма. Надо освободить его от этого социализма; а это мы можем добиться только путем создания независимого буржуазно-демократического государства».
Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын гобой аспабы бойынша және музыка тарихы мен теориясы факультетін үздік бітірген Ахмет Жұбанов, 1932 жылы оның аспирантурасына түсіп оқи бастағанда, Қазақстанды жайлаған ашаршылық алапатын естіп, қолынан келгенше халқының еңсесін көтеріп, залалын жеңілдетуге үлес қосу үшін еліне қайтуға шешім қабылдайды. Келе салысымен музыка техникумын ашып, кәсіби ұлттық мамандарды даярлауға бірден кіріседі. Ахмет Қуанұлының өзі оқыған Ленинград консерваториясының түлегі еврей Евгений Брусиловскийді, Мәскеу консерваториясының опера студиясын бітірген татар Латиф Хамидиді Алматыға арнайы шақыртады. Артынан Ахмет Жұбанов 1939 жылы Мұқан Төлебаев, Құддыс Қожамияровтармен бірлесе Қазақ композиторлар одағы шаңырағын көтерді.
1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақтың І Өнер декадасының аса жоғары деңгейде өткенін біз тарихтан жақсы білеміз. Міне, бұл шараны ғаламат ұйымдастырып өткізген (Күләш Байсейітованы Иосиф Сталин «Қазақ бұлбұлы» деп атап, оны бірінші рет тағайындалған КСРО халық әртісі атағымен марапаттады), талантты драматург, режиссер Жұмат Шанин де 1937 жылы «халық жауы» атанып, атылды.
«Қыз Жібек» операсынан кейін, 10 жылдан кейін «Абай», артынан іле-шала «Біржан – Сара» операсы дүниеге келіп, сахна жүзін көрді дедік. Бұл Қазақ елі үшін өте ауыр жылдар болғанына қарамастан, осы үштік – ұлттық опера өнеріміздің алтын қазынасы, қайнар бұлағы, классикасы.
Осы феноменнің сыры неде деген сұраққа сол кездегі ел басқарған азаматтардың елдік, ерлік ұстанымында, шынайы жасампаздық ісінде, биік ұлттық сана-сезімінде дер едім. 1950–1990 жылдары Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Базарбай Жұманиязов, Анатолий Бычков, Мансұр Сағатов, Алмас Серкебаев, Тілес Қажығалиев, Балнұр Қыдырбек, Серік Еркімбеков сынды композиторлардың опера, балет, мюзикл жанрларындағы музыкалық-сахналық туындылары көрерменнің көзін қуантып, құлақ құрышын қандырғанын жақсы білеміз.
Ал тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған шағымызда, яғни 33 жыл ішінде бірде-бір отандық музыкалық-сахналық жаңа туындының жарық көрмегені бізді қатты қынжылтады. Ел тарихындағы бұрын айта да, жаза да, маңайына жуи алмайтын қаншама тақырыптар сұранып, тіленіп тұр емес пе сахналық қойылымдарға?
Бұрын бізде Алматы қаласында бір ғана опера және балет театры болса, қазір, Құдайға шүкір, мұндай екі мекеме ашылды – елордамызда және Шымкент қаласында. «Астана опера» театры техникалық, шығармашылық әлеуеті жағынан дүниежүзілік стандартқа сай, ол ХХІ ғасырдың ғажайып архитектуралық көрінісі деп аузымызды толтыра айтамыз, сілекейімізді шұбыртып тамсанамыз. Неге бұның көркіне, шығармашылық әлеуетіне сай біздің композиторларға арнайы тапсырыспен жаңа, әдемі, түпнұсқалы туындылар жазғызып, сахнасына шығармасқа?
«Неге олай?» деген сауалымызға бұл салаға жауапты шенеунік, арнайы қаржы көзі қарастырылмағанын айтып, сұқ саусағын жоғарғы жаққа шошайтатыны белгілі. Сонда қалай, Ұлттық мәртебесі бар театр ұлттық композитордың шығармасын орындауға ықыласы болмай, пысқырмағаны ма? Жоқ! Мұндай рухани көрсоқырлықтан жедел арылуымыз керек!
Жаңа Қазақстанның мәдени-рухани кеңістігін байытамыз десек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бюджетінен жыл сайын осы мақсатқа тиісті қаржы қарастырылғаны жөн. Бұл – кезек күттірмейтін қажеттілік. Тек бұған басқарушы азаматтардың елдік пейілі мен берік ниеті, жасампаздық жауапкершілігі қажет.
Біздің отандық кәсіби музыкадағы тағы бір опырыла құлаған сала – балалар музыкасы. Адам бойындағы барша ұлттық құндылық балабақша мен мектеп жасында қалыптасатынын ескерсек, бұл мәселені де дереу қолға алмай болмайды.
Әлі есімде, кеңес одағы ыдырап, еліміз дағдарған 1988 жылы Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков қажетті қаржы көзін тауып, ондаған қазақ композиторына адрестік тапсырыс арқылы балабақша, мектеп оқушыларына қазақ тілінде әндер жазғызды. Осындай батыл қадамдар қазір де үлгі болуға тиіс.
1976–2010 жылдары Қазақ теледидары мен радиосы комитетінде, «Өнер» баспасында, Мәдениет министрлігінде музыка бөлімінің жауапты қызметтерінде болдым. Сондықтан бұл саланы кім қалай тұқыртқанын сырттай емес, іштей білетін адамдардың бірімін. Тек өз қалтасына жұмыс істеген сол кездегі басшылар қазір БАҚ-та, интернет көздерінде өздерін мемлекет қайраткері, сүттен ақ, судан таза жандар етіп көрсеткісі келеді.
Соның көрнекті өкілі – Лейла Бекетова-Храпунова (қашқын, қылмыскер В.Храпуновтың зайыбы). Ол Қазақстан теледидары мен радио корпорациясының президенті болған кезде осы мекемеге қарайтын «Қазақтелефильм» студиясын талқандап, таратты. Бұрынғы автобаза орнына Д.Қонаевтың тікелей қолдауымен 1969 жылы шаңырақ көтерген «Қазақтелефильм» студиясының жұмысы, әсіресе Камал Смайыловтың мемлекеттік теледидар мен радио комитетіне басшы болып келгенде ерекше жандана дамыды. Бұл шығармашылық мекеме 20 минуттан 60 минутқа дейінгі деректі фильмдер түсіріп, көрерменге ұсынды. Демек ХХ ғасырдағы қазақ өнері мен әдебиетінің шежіресін жасады: Мағжан, Мұқағали, Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, тіпті сол кезде «Ана туралы әнді» орындаған 14 жастағы Роза Рымбаеваның шығармашылық келбеттері...
Тимирязев пен Абылайхан көшелері қиылысының дөңесіндегі «Қазақтелефильм» студиясы орналасқан жер сатылды. Қазір онда көпқабатты тұрғын үйлер сорайып тұр. Ал жиырма жылдан астам тарихы бар студияның рухани-шығармашылық өнімі қажетсіз деп табылып, корпорация ауласындағы қоқысқа тасталды. Бұны көріп, жаны ашыған бөгде адамдар кейбір қораптарды қолтығына тығып, аман сақтап қалды...
Қазақ композиторларының, оның ішінде Нұрғисаның, Әбілахаттың, Шәмшінің, Әсеттің, Ескендірдің әндерін алғаш орындап, тыңдарманның жан азығына айналдырған қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі таратылып, оның партитуралары да қоқысқа тасталды... Корпорацияның бай кітапханасы тоналды. Бұл – Л.Бекетова-Храпунованың жасаған қылмыстық істерінің аз ғана бөлігі...
Қазақ теледидарының 1958–1990 жылдар аралығындағы алтын қорға енген ел шежіресі бар өнімдері цифрландыру мақсатында, Желтоқсан, 175 көшесінде орналасқан Алматы телестудиясының астыңғы қабатында жүйелі түрде дестелене жиналып қойылған еді. Бұлардың бірі қалмай Қасіретті қаңтар кезінде теледидар ғимаратына басып кірген қанішерлер қойған отқа жанып, күл болды...
Бұрын «СоюзГосцирк» бағынышында болған Қазақ циркі 1991 жылы Мәдениет министрлігінің меншігіне өтті. Бұл ұжым кірісті, табысты еңбек етті. Тек қазақ циркі ғана сол кезде тоқсан сайын өз қызметкерлеріне ақшалай сыйлық беріп тұрды. Ол қазақ циркінің ардагері, сол кездегі ұжым директоры, марқұм Қалдық Бегеновтің арқасы еді.
Міне, осы кезден бастап бұл өнер мекемесінің басына төнген қара бұлт сейілмей, қоюлана түсті. «Таң» телеарнасында (басшысы – Лейла Бекетова-Храпунова), «Караван» газетінде Қазақ циркі, оның директоры туралы жалған ақпараттар үзбей беріліп, халық санасына теріс ой салып, иландырды. 1997 жылдың көктемінде «Астана-холдинг» компаниясының президенті Мұхтар Әблязов Қазақстан үкіметіне Қазмемциркті «құтқару» жөнінде ұсыныс беріп, бұл мәселе атышулы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин тарапынан дереу қолдау тауып, Үкімет оң шешімді қаулысын шығарды.
Циркті 20 жылдық арендаға алып, түсетін пайданың 90 пайызын иемденген М.Әблязов келісімшарт бойынша 5 жыл ішінде циркке 1,5 млн доллардан астам қаржы құямын деген сөзінен тайқып, оған соқыр тиын бермеді. Смирнов деген жандайшабы Қ.Бегеновті қызметінен қуып, барлық шығармашылық топты таратты, хайуанаттар күтімсіз аштан қырылды... Жаңа басшылық тек қана шетелдік цирк топтарымен жұмыс істеді. Қ.Бегеновтің жан айқайына ешкім құлақ аспады. Батыр тұлғалы, өз ісіне тастай берік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өзі тұрғызған, қызғыштай қорғап аялаған Қазақ циркінің іші де, сырты да талқандалды, қайыршы қалпына енді. Бұны көтере алмаған ол ұзаққа бармай дүние салды.
Ал М.Әблязовтың тобы цирк ғимаратының маңдайына әлемге жар сала «Мужской клуб Арлекино» деген афиша іліп, жертөле қабатында алақандай ашылмалы терезелері бар кішкене-кішкене кабиналар тұрғызып, көруге – көз, естуге құлақ ұялатын «Лұт қауымының» мекені болды. Мұны мен циркті қайтарып алу комиссиясының мүшесі болғанда өз көзіммен көрдім...
«Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам – жамал, төрт адам – қамал» дейді халық даналығы. Міне, осындай жағдайларды болдырмас үшін Президентіміздің әділеттілік жолына топтасып, ауызбірлікте, туысқандықта, имандылықта тірлік жасасақ, еліміздің бүгіні мен болашағын жақсартарымыз сөзсіз.
Жоламан Тұрсынбаев,
композитор