• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Басылым 15 Ақпан, 2024

Жас жазушы ізденісі

175 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапха­нада жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабының таныстырылымы өтті. Әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, елордалық ақын-жазушылар, әдебиет сыншылары, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Жаңа кітаптың таныстырылымын жүргіз­ген ақын Бауыржан Бабажанұлы: «Халықара­лық «Букер» сыйлығын Қазақстанға осы бала әкеледі. Әдебиеттегі Димашымыз бола­ды!», деп қатты үміттендірді оқырманды. Өйт­­кені жаңа романның кітап болып шыққанына жыл толмаса да, еліміздің бірнеше өңірін­де тұсаукесері өтіп, оқырман ықыласына бөленді. Сонымен қатар бұл роман ағыл­шын тіліне ­аударылып та үлгерген. Көп ұзамай Еуропа­дағы оқырманға жол тартпақшы.

– Кітаптың таныстырылымы Алматы, Қонаев, Талдықорған, Ақтөбе қалаларында өтті. Енді Астанаға келдік. Шығарма туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірақ сын жоқ. Ал келесі кітаптарда бүгінгі қателігімді қайталамау үшін сын маған ауадай керек. Қазір «Африкадан Аляскаға дейін» деген роман жазып жатырмын. Осы күзге дейін аяқтап, сол кітаптың таныстырылымын жа­сауға алдарыңызға тағы келемін деп ойлаймын. Сосын 30 жасыма дейін 10 роман жазамын деп бекініп отырмын. Жылына осылай екі романнан жазып тұрсам, бес жылда орындаймын ғой. Кеше «Әдебиет порталына» сұхбат бердім. Жадыра Шамұратова апа­йым екеуміз ашық әңгімелестік. Ағаларымды да, өзімді де аяғаным жоқ. Егер өзімді аяған болсам ағаларымды мақтаған болар едім. Ал бүгінгі қолдарыңыздағы «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабым – адам құқығы жөніндегі роман», – деді жас жазушы Әлихан Жақсылық.

Кеште белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Әлиханның шығармашылығы, жалпы қазіргі әдебиет туралы тұшымды әңгіме айтты.

 – Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» туындысын бір демде оқып шықтым. Әрине, шығарманың жетілдіре түсетін тұстары, бір қайнауы әлі жетпей тұрған жерлері баршылық. Со­ған қарамастан автордың ізденісі, бүгінгі күннің шындығын беру үшін тыңнан түрен салуға ұмтылған талпынысы маған ұнады. Тыным таппай еңбектене берсе келешекте Әлиханның ірі суреткер бола алатын мүм­кіндігі бар. Әлихан шығармашылығына Кафка туындыларының қатты әсер еткенін байқағандай болдым. Ақылға қонбайтын абсурдтық дүниелерді өмірдегі шын болып жатқан оқиғадай суреттей білу – жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Әлиханның жеңіл емес, өнердегі осындай ауыр жолды таңдағаны мені қатты қуантты. Бұл туындыны оқи отырып, бүгінгі күннің шындығын айнадан көргендей әсер алдым», – деді ол.

25 жасында Жазушылар одағына мүше болып, 26 жасында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған қаламгердің бұл – үшінші кітабы. Жас жазушының 2019 жылы «Алты құрлық» кітабы, 2021 жылы «Төрт мұхит» хикаяттар жинағы жарық көрген. Ал «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы биыл оқырман назарына ұсынылды. Кеш барысында кітапты оқыған оқырмандар, ақын-жазушы­лар өз пікірлерін білдірді.

– Жасқа тән бұла күш пен бойын тепкен балаң ой, ыссылай қапқан жігері жарасымды нағыз жас жазушы екен. Небәрі 26 жаста. Ақын болса, бұл жас – лайық болар, проза үшін бұл – селт еткізер оқиға. Оның үстіне қазақ әдебиеті үшін. Көрдік. Байқадық. Сендік. Ойы мен сөзі түйдек-түйдек екен», – деді мәдениеттанушы Серік Ерғали.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ студенті