• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2024

Екібастұзда алып мұздық неден пайда болды?

257 рет
көрсетілді

Екібастұз қала­сы ма­ңында ертегілер­дегідей мұздық пайда болды. Ішін­де кәдімгідей үңгірі бар таңғажайып мұз нысаны жақын жер­дегі су құбырының жарылуынан түзілгені анық­талды.

Бұл жайында ең әуелі танымал журналист Асхат Ниязовтың Instagram-дағы парақшасынан көрдік. Тех­ногендік апаттан пайда болған мұздық қалаға қарай өтетін үлкен су магистралі бойында тұр.

«Мұздық Екібастұздағы апаттан соң пайда болған тәрізді. Бұл жерде қаншама су аққанын елестетудің өзі қиын, жарық құбырлардан су әлі де ағып жатыр. Жу­ық уақытта ол ери бастай­ды, сондықтан оған жақын­дау қауіпті болар. Егер оны көр­сеңіздер, ішіне кірмеңіздер. Сыртынан қа­ра­ғанда да ол әдемі» деп жазды ол парақ­шасында.

Ойда-жоқта елсіз далада пайда болған «таңғажайып композиция» жөнінде Екі­бас­тұз қаласы әкімдігінен сұ­ра­дық. Белгілі болғандай, ол ауызсу құбыры бойындағы жа­рықтан аққан судан тү­зіліпті.

– Лесхоз ауданы ма­ңын­­­дағы бұл құбыр «Гор­водоканал» мекемесінің балансында тұр. Қыста бұл жерде ірі апат орын алып, аяздың салдарынан әлгіндей мұздық пайда болған. Құбырдағы жарық жамалып, қалпына келтірілді. Биыл аумақтағы магистралдық су құбырын реконструкциялау жоспарлан­ған. Алдағы уақытта мұндай залалдар пайда болса, бірден қалпына келтіріледі, – деп хабарлады Екібастұз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталған учаскені жөн­дейтін мердігер қазірден таң­далып қойған, күн жылына іске кіріспек.

Шаһар тұрғындары мен мұздықты көрген адамдар әлгі жерде көп мөлшерде су төгілгені анық деп отыр. Су­­дың үнемсіз жағдайда да­лаға ағып кеткен шығынын тұ­тынушылардан өндіріп алмай ма деген күдік те бар жұрт­­тың бойында. Ал сумен қамту мекемесі алдағы уа­қыт­та тарифте ешқандай өз­геріс болмайды деп сендіріп отыр.

2022 жыл­дың қараша айында қаланың жылу жүйесінде кешенді апат болғанда мұндай мұздықтар қаланың әр жерінде пайда болған еді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы