Теннистен Дохада өтіп жатқан WTA-1000 додасында Елена Рыбакина (№4) табысты өнер көрсетіп жатыр. Ол алғашқы айналымда бос болып, келесі кезеңде қытайлық Чжу Линді (№57) ұтты.
Кеше еліміздің бірінші ракеткасы испаниялық Эмма Наварромен (№23) шеберлік сынасты. Бірінші сетте Елена қарсыласын оңай еңсергенімен, екіншісінде тай-брейкте есе жіберді. Десек те, шешуші кезеңде қарқынын күрт күшейткен отандасымыз бұл бәсекені өз пайдасына шешті – 6:1, 6:7, 6:4. Ширек финалда Рыбакина канадалық Лейла Фернандеспен (№38) кездеседі. Манамада ұйымдастырылған турнирде Михаил Кукушкин де (231) дәл межеге жетті. 1/8 финалда ол швейцариялық Александр Ричардтан (№181) басым түсті – 6:4, 6:1.
Ал Александр Бублик (№23) Роттердамдағы ATP-500 жарысының екінші кезеңінен аса алмады. Отандасымыз кезінде әлемдегі үздік үш теннисшінің қатарына енген, қазіргі кезде 309-сатыға тұрақтаған Канаданың өкілі Милош Раоничтен ойда-жоқта ұтылды – 4:6, 4:6.