• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Ақпан, 2024

Топшылағаны – 9 жүлде

58 рет
көрсетілді

АҚШ-тың «Gracenote» сараптама агенттігі биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпия ойындарында қай мемлекеттің қанша жүлдеге қол жеткізетінін жорамалдаған екен.

Аталған агенттік сарапшы­ларының пікірінше, жалпыко­мандалық есепте АҚШ құра­масы жеке-дара көш бастайды. Фран­цияның бас шаһарында аме­рикалықтар 129 жүлдеге қол жет­кізеді. Оның 37-сі – алтын, 46-сы – күміс және 46-сы – қола. Екін­ші орынды Қытай олжалайды. Қытай елінің өкілдері 85 (35+28+22) медальді мойнында жарқыратады. Үшінші сатыға жарыс қожайындары (26+16+11) жайғасады. Сондай-ақ ТОП-5 ко­манданың қатарына Ұлы­бри­тания (17+22+25) мен Жа­пония (17+15+24) қосылады.

«Gracenote» ұйымының сарапшылары Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 30-орынмен қорытындылайды деп болжап отыр. Отандастарымыздың 2 алтын, 1 күміс және 6 қоланы қанағат тұтады-мыс. Барлығы – 9 жүлде. Бұл ретте біз ірге­лес Өзбекстаннан да қалып қоя­ды екенбіз. «Ала тақиялы» ағайын­дарымыз төртжылдықтың басты додасында 13 медальді (3+3+7) қоржынға салады.

Салыстырмалы түрде алсақ, 2021 жылы Токиода алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында АҚШ (39+41+33), Қытай (38+32+18) және Жапония (27+14+17) құ­ра­ма­лары алдыңғы лек­тен көрінді. Төртінші орынға Ұлы­британия (22+21+22) табан тіреді. Өз елінің олимпиадалық коми­тетінің туы астында өнер көрсеткен Ресейдің спортшылары (20+28+33) үздік бестікті түйін­деді. Иә, сол жарыста Қа­­зақ­­стан құрамасының тым сүрең­сіз өнер көрсеткені рас. Күн­­­­шығыс еліне аттанған 93 өре­­­німіз 19 спорт түрі бойынша бақ сынады. Өкі­нішке қарай, жер-жа­һанның жампоздары жиналған жарыста небәрі 8 қоланы қанағат тұтып, 83-орында қалып қойды. Жапонияның астанасында бізге қарағанда өзбектердің қарқыны күшті болды. Олар 3 алтын мен 2 қоланы иеленіп, жалпы есепте 32-орынды еншіледі.