Неше күннен бері жарғақ құлағы жастыққа тимей ақ қар, көк мұзда күре жолдардың бойында қызмет етіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Қауіппен қатар жүріп, қар құрсауында қалғандарға алғашқы көмек қолын созатындар да – солар.
Қыстай жаумаған қар ақпанда жапалақтады. Борады, бұрқасындатты. Өскемен мен аудандардың арасындағы жолдар бір жабылып, бір ашылып тұр. Осындайда жол күрейтін ауыр техникалармен қатар, жол патрульдік полициясы әрқашан бірге жүр.
– Ауа райының қолайсыз күндері жол бойында жүру әрине, оңай емес. Кезегімізге қарай күн-түні қар құрсауында қалып қойғандарға көмек көрсету – күнделікті жұмысымыз. Оның бәрін айта беріп қайтеміз?! Кей-кейде жол бастап, елді мекендерге дейін жеткізіп тастаймыз, – дейді жол-патрульдік полициясының қызмет инспекторы Айбек Костубаев.
Күні кеше ғана құтқарушылар мен полиция қызметкерлері ақ түтек боранда қалып қойған автокөліктер колоннасына көмек көрсетті. «Өскемен – Тарғын – Самар» бағытындағы күре жолда, Жоғары Тайынты ауылының маңында боранның салдарынан жолда қалған 15 жеңіл автокөлік пен 30 адамның, соның ішінде 4 баланы Тарғын ауылына дейін жол бастап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жеткізіп тастады. Әрі қарай автокөліктер өздері қозғалыстарын жалғастырды. Ал қар алып қалған жолды тазалауға «ОблШығысЖол» ұйымынан ауыр техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ дәл осы күндері «Өскемен – Алматы» тас жолында тұрып қалған жолаушылар да құтқарушылар көмегіне жүгінген. Олардың арасында аяғы ауыр әйел, бір бала, екі қария болған. Көмекке ТЖД шұғыл құтқару жасағы «Камаз-Вахта» автокөлігімен келіп, 13 жолаушыны Өскемен қаласына жеткізді.
Қарға омбығып қалып, шыға алмай жатқан көліктер қаншама?! Оның бәріне мүмкіндіктеріне қарай полиция қызметкерлері, құтқарушылар көмек қолдарын созып жүр. Жүргізушілер де бір-бірін сүйреп әлек.
Ақпандағы ауа райының қолайсыз болуына байланысты ШҚО ТЖД қабырғасында жедел штаб құрылды. Олар азаматтарға 87232-55-38-19 телефон номері бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы, құтқарушылар, полиция қызметкерлері дауылды ескерту жарияланғаннан кейін тұрғылықты елді мекендерден алыс шықпау керектігін үнемі ескертіп отырады. Қаладан шыға берісте полиция патрульдік қызметкерлері жүргізушілерге ескерту қағаздарын да таратып, үнемі түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жүр. Сонымен қатар жолдардың ашық-жабықтығы туралы «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыра аласыз. Төтенше жағдайлар кезінде 112 нөмірі бойынша хабарласа аласыздар.
Десе де, ескертулерге құлақ аспай, айналма жолдар арқылы елді мекеннен шығып кететін жүргізушілер бар. Ауыл, қала іштерінде бұрқасын байқалмағанымен, сырт жақта ат құлағы көрінбес ақ боран соғып тұратынын ескермей жатады. Ондай жағдайда, Әкімшілік кодекстің 667-бабымен, яғни жабық жолға шыққаны үшін хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Айыппұлы да аз емес. 30 АЕК көлемінде немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Одан бұрын, жолдағы қауіп бар. Сондықтан ТЖД мамандары мен полиция қызметкерлерінің ескертуіне құлақ асқан абзал.
Шығыс Қазақстан облысы