Жуырда есімі әлемге әйгілі отандасымыз Димаш Құдайберген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына арнайы келіп, курсанттармен кездесу өткізді. Танымал әншіні академия басшысының бірінші орынбасары, полковник А.Исмаилов пен басшылық құрам қарсы алды.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Димаш бірде-бір мекемеде дәл осындай кездесу өткізбеген. Ең алғашқы жүздесуін Шекара академиясынан бастауы жас курсанттар үшін үлкен қуаныш болды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ата-баба тәмсілін берік ұстанған әйгілі әнші кездесуге қатысқан қонақтарды өзінің қарапайымдылығымен, мәдениеттілігімен қайран қалдырды.
Әншімен сұхбат барысында полковник Д.Белғожаев пен майор А.Достаев оған екі тілде сұрақ қойып, кездесуді жүргізіп отырды. Орыс тілінде қойылған сауалдарға да мемлекеттік тілде ғана жауап берген Димаш өзінің тіл жанашыры екенін байқатты. Курсанттар да оған көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Соңынан олардың бірі Димашқа жасыл күнқағарлы шекарашылардың фуражкасын сыйға тартса, енді бірі Александр Бектің «Арпалыс» кітабын тарту етті. Санаулы айдан кейін қос жұлдызды иығына қадап, лейтенант атанатын түлектердің бірі, курсант Н.Алдажұман Димашты маусым айында өтетін лейтенанттар кешінің құрметті қонағы болуға шақырып, өтініш жасады. Әрі қарай курсанттар Шекара академиясының әнұранын нақышына келтіре шырқады.
Кездесу кешінде «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де әншіге бір құшақ гүлі мен «Қазақстан» шоколадын сыйға тартты. Димаш Құдайбергеннің қызықты әңгімелерін мұқият тыңдаған курсанттар мен әскери қызметшілер мұндай қайталанбас кештің әрбір сәтін қалт жібермей, кезек-кезек естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды.
Кездесу соңында академия басшылығы кездесуге арнайы келіп, курсанттармен және әскери қызметшілермен тағылымды кеш өткізгені үшін Димаш Құдайбергенге ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтты.