Атырау облысындағы жол сапасы жиі сынға ұшырайды. Ал жолды жөндеу жұмысы өте баяу жүргізіледі. Мәселен, мұнайлы шаһардан Ресейдің Астрахан облысымен шекараға дейін қатынайтын жолды жаңғырту әлі толық аяқталған жоқ. Жаңғырту жұмысы қолға алынғалы бес жылдан асты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрнағы жылғы қарашада келген сапарында өңірдегі жолдың нашарлығын сынға алды. «Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана – орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. «Атырау – Астрахан» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақтылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады», деген еді.
Ал жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Атырау – Астрахан» бағытындағы жолдың бес жылдан бері жөнделіп жатқанына тағы да назар аударды. Мемлекет басшысының назарындағы жолдың ел үшін қандай маңызы бар?
Мұнайлы өңірден төрт бағытқа – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ресей Федерациясының Астрахан облысымен шекараға дейін қатынайтын жол бар. Әсіресе тұрғындарды толғандырған, тіпті төзімін тауысуға айналған көрші елге шығатын жолдың ұзындығы – 277 шақырым. Бұл жолмен Құрманғазы, Исатай аудандарында тұратын 80 мыңнан аса тұрғын облыс орталығына қатынайды. Тіпті бұл жолдың халықаралық маңызы да бар. Өйткені Орталық Азия елдерінің көліктері Атырау арқылы Ресейдің Астрахан облысына, одан әрі Краснодар, Ставрополь аймақтары мен Волгоград өңіріне бағыт алады. Сонымен бірге бұл жолмен ауыр жүк көліктері де жиі қатынайды. Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» секілді кеніштерге әлемнің әр түкпірінен ауыр жүктер тасымалданғаны бар. Тағы бір деректі айтар болсақ, НАТО елдерінен Ауғанстанға гуманитарлық жүктер таситын көліктер ағыны да аталған жолға ауыр салмақ түсіріп тұр.
Мамандардың пікіріне жүгінсек, кеңес дәуіріндегі стандарттарға сәйкес жүк көлігінің бір өсіне 6-8 тонна салмақ түсуге тиіс. Ал қазір біздің елімізде 13 тоннаға арналған бірыңғай стандарт қолданылады. Аталған жолмен күні-түні тоқтаусыз өтіп жатқан жеңіл және жүк көліктерінің санында есеп жоқ. Қазір Атырау мен Астрахан аралығын жалғайтын бұл жолмен күніне 7 мыңға жуық көлік жүріп өтеді. Ал жол жөндеуден толық өткеннен кейін көлік саны 10-12 мыңға дейін жетеді деген болжам айтылып отыр.
Осындай маңызы бар жолды қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған. Мәселен, 2021 жылы Құрманғазы ауданының орталығынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырым жолды жөндеу аяқталған. Ал 2020 жылдан бері Құрманғазы ауылынан Атырау қаласына дейінгі 217 шақырым жол жөндеу жұмысы жалғасып келеді. Бұл жолды жөндеуді тезірек аяқтау мәселесін Мәжіліс депутаттары ұдайы көтеріп жүр.
Былтыр Көлік министрі Марат Қарабаев аталған жолдың құрылысын тексеру үшін екі рет келді. Мердігерлермен кездесіп, жұмысты жеделдету мәселесі көтерілген жиын өткізді. Бірақ одан еш нәтиже болмады. Биыл жолды жаңғырту тағы жалғасады.
«Тұрғындардың көкейіндегі ең өзекті мәселелердің бірі Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолға қатысты болып отыр. Осы орайда мердігер компаниялар қажетті материалды тасымалдау үшін вагондармен қамту, қосымша қаражат бөлу мәселесін бірнеше рет көтерді. Инертті материалдарды тасымалдау үшін 4 900-ден аса вагон бөлінген. Оның санын ұлғайтамыз», деген еді былтыр М.Қарабаев.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, өңірде республикалық автожол желісі – 1 126 шақырым. Өңір аумағымен Ресейдің Астрахань облысынан басталып, Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы Түрікменстан Республикасымен шекараға дейінгі, Орал-Атырау және Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол өтеді. Былтыр республикалық жолдарды дамытуға 36 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 18 млрд теңгені Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды реконструкциялауға жұмсау көзделген.
Жол саласындағы мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл жолды жаңғыртудың кешеуілдеуіне бірнеше түйткіл себеп болған. Оның біріншісі – құрылыс материалдары кешіктірілуі.
«Қиыршық тасты теміржолмен тасымалдау үшін 50 мың жартылай вагон қажет. Мұндай вагондар жетіспейді. Ал қиыршық тасты тасымалдайтын жүк пойызы өзге пойыздарды өткізу үшін тоқтап тұрады. Бір жүк пойызы жолда жеті-он күнге жуық жүреді. Өткен жылы 21,5 мың жартылай вагонмен инертті материалдарды тасымалдауды жоспарлаған едік. Бірақ тек 18 жартылай вагон алдық. Бұл 25 шақырым жол жабынының төменгі қабаты төселмей қалуына басты себеп болды», дейді Б.Айтбаев.
Былтыр 1,5 млн тонна қиыршық тас қажеттігі туындаған. Оның 90 мың тоннасы ғана Ақтөбе облысынан жеткізіліпті. Биыл тағы да 21 мың вагонмен материал тасымалдау қажет.
Мамандар екінші себеп ретінде коронавирус індетінің өршіген кезеңін алға тартады. Бұл да жол құрылысының кешеуілдеуіне әсер еткен. Пандемияның салдарынан жол құрылысына жұмысшыларды тартуға қиындық келтірген.
Үшіншісі – жол жобасындағы қателік. «Жаңа жол» ЖШС жобалау институты дайындаған жобада жол төсемінде жергілікті карьерлерден алынған топырақ қабаты бар. Бірақ оның құрамындағы гипстің мөлшері айтарлықтай көп болып шыққан. Ал бұл талапқа сай келмейді.
Тағы бір түйткіл – 2020-2022 жылдар аралығында инертті материалдар бағасы қымбаттауы. Соған байланысты жобаға түзету енгізілген. Жол саласын бақылап отырған сарапшылар биыл да бағаның тағы қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Баға демекші, «Атырау – Астрахань» жолын жаңғырту жобасына салынған қаржы аз емес. Бастапқы жобада оның құны 77,6 млрд теңгеге бағаланған. Қазір 87,4 млрд теңгені құрайтыны белгілі болып отыр. 2019-2021 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде Құрманғазы ауданының орталығынан Ресей Федерациясымен шекараға дейінгі 60 шақырымды құрайтын жол қайта жаңғыртылды. Оған 22 млрд теңге жұмсалған. Ал 2020 жылы Еуропа қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен қаржыландырылатын 217 шақырым жолды жаңғырту басталды. Мемлекеттік кепілдік берілген несиенің сомасы – 65,4 млрд теңге.
Осы кезге дейін жолдың 252 шақырымында көлік қозғалысына рұқсат берілген. Алайда 25 шақырымын жаңғырту әлі толық жүргізілген жоқ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Мұрат Мықтыбаевтың айтуынша, енді наурыз айында жол құрылысы қайта басталады. Нақтылай айтқанда, жоғарғы қабаттың асфальты салынады. Елді мекендерге кіретін жол, бояу жұмыстары, абаттандыру жүргізіледі. Жол бойындағы осындай жұмысқа төрт мердігер тартылған. Оның бірі – отандық, өзгелері Италия, Түркия және Әзербайжанның құрылыс компанияларымен бірлескен мекемелер.
Көрші елге бағыт алған жолды жаңғыртуды биыл толық аяқтау көзделіп отыр. Сол кезде бұл жолға халықаралық стандартқа сәйкес екінші санат беріледі. Бірақ облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайырденов халықаралық маңызға ие жолдың бірінші санатқа жатқызылмағанына таңданысын жасырмайды.
«Екінші санаттағы жолдың екі жолақты екенін білеміз. Егер бірінші санатқа жатқызылған болса, бірден төрт жолақты болатын еді. Мұндай санат көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл – бір. Екіншіден, көліктердің ағыны көбейер еді. Үшіншіден, жолдың кейбір бөлігін ақылы етуге мүмкіндік ашылар еді. Төртіншіден, ақылы жолдан ел бюджетіне бағытталған салықты көбейтетін, жолды күтіп ұстауға жұмсалатын шығынды жабатын мол қаржы түсер еді», дейді Н.Қайырденов.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, былтыр облыс аумағындағы 95 нысанға 524 рет тексеру жүргізіліпті. Тексеру нәтижесімен 260 ақау анықталды. Жол құрылысына пайдаланылған материалдардан алынған 2 229 сынама филиал зертханасында тексерілді. Оның ішінде 717 сынама мемлекеттік стандарттар талабына сәйкес келмеді. Сапасыз салынған жолдар мен мемлекеттік стандарт талаптарына сай келмейтін құрылыс материалдары жарамсыз деп табылды. Осыған байланысты мердігерлер мен тапсырыс берушілерден ақауларды қайта қалпына келтіру талап етілген.
«Мемлекеттік стандарттар талабына сәйкес келмейтін жол құрылысы материалдары сапалы материалдарға ауыстырылды. Жалпы көлемі 121 мың шаршы метр жолдың бетіне өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жолдың 7 385 шаршы метріне асфальтбетон жабындысы қайта төселді. Ал 10 текше метр темірбетонды конструкция, 1 167 көпір құрылымы, 2 571 тонна инертті материал жаңартылды. Бұл жұмыстарға мердігерлердің есебінен 418 млн 544 теңге жұмсалды», дейді Н.Жантурин.
Оның мәліметіне сүйенсек, Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 13 мәрте хат жолданған. Оның үшеуі бойынша техникалық қадағалаушыларға айыппұл салыныпты. Бір техникалық қадағалаушының аттестаты жарты жылға тоқтатылған. Ал 9 хатқа теріс жауап беріліп, біреуі жауапсыз қалған.
Сапаның нашарлығы Ресей шекарасына дейін салынып жатқан жол құрылысынан анықталып отыр. Аталған жол құрылысына пайдаланылған материалдарынан 390 сынама алынып, 65-і еліміздің стандарттарына сай емес екені анықталыпты. Мәселен, жол құрылысының кей тұсында ірі кеуекті қиыршық тас, қарақиыршық тас фракциясы мен керн кескінінің қалыңдығы талапқа сай келмеген. Жол жабындысы толықтай төселіп бітпей, көлік қозғалысы үшін ашылған кей бөлігі тегіс емес. Бұл жол жабындысының жоғарғы қабаты төселер алдында қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Атырау облысы