Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыстың» Қиыр шығыстан еңсесі түсіп оралды.
Владивостокта «Адмиралға» қарсы бәсекенің біріншісінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жеткен жерлестеріміз көп кешікпей Хабаровскіге жол тартып, «Амурмен» шеберлік байқасты. Алғашқы матчта 4:1 есебімен есе жіберді. Елордалық клубтың ойыншылары арасынан Евгений Рымарев қана нысананы дәл көздей алды. Арада екі күн өткеннен соң қос команда қайта мұз айдынына шықты. Бірінші кезеңнің соңғы секундтарында Кирилл Слепец есеп ашса, үзілістен кейін Александр Хохлачёв екінші шайбаны торға дөп түсірді. Оған «Барыс» тек Джозеф ЛаБейттің голымен жауап қайтара алды – 2:1. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталды.
ҚХЛ-да барлығы 23 команда өнер көрсетсе, «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 22-орынды қанағат тұтып тұр. 65 кездесуден кейін астаналықтар небәрі 48 ұпай жиды. Ал ең соңғы сатыға жайғасқан Подольскінің «Витязь» клубының бізден үш ұпайы кем.