Дзюдодан Әзербайжанның астанасы Бакуде өтіп жатқан Grand Slam турнирінің алғашқы күні ерлер екі және әйелдер үш салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. Еліміздің жеті балуаны татамиге шықты. Солардың үшеуі ширек финалға дейін жеткенімен, тек біреуінің ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ол – сол баяғы қазақтың әйелдер дзюдосын өрге сүйреп жүрген қаршығадай қызымыз Әбиба Әбужақынова.
Алғашқы кезеңде бос болған 48 кг салмақтағы Әбужақынованың келесі кезеңде Африка чемпионы, маврикалық Присцилла Мораннан мерейі үстем болды. Ширек финалда ол Швецияның жас жұлдызы, қыздар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Тара Бабулфатхқа жол берді. Бұл бәсекенің тағдырын «шидо» шешті. Үш ескерту алған Әбиба бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырылды. Сол 18 жасар Скандинавия түбегінің сұлуы Бакудегі жарыста қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Одан кейін жасөспірімдер Олимпиадасы мен Дүниежүзілік Универсиаданың жүлдегері, әзербайжандық Лейла Әлиева мен бельгиялық Лоис Петиттің аяғын көктен келтірген Әбиба қола медальді мойнында жарқыратты.
60 кг салмақ дәрежесіндегі Дәурен Сүйкенов алғашқы айналымдарда италиялық Самуэль Аверса мен үндістандық Виджай Кумарды қапы қалдырғанымен, ширек финалда грузиялық Темур Носадзеге есе жіберді. Жұбаныш кездесуінде ол өзбек Камолоддин Бахтиеровадан ұтылды. 66 кг салмақтағы Сұңғат Жұбатханның филиппиндік Кодо Накано мен израильдік Тал Флитчерге әлі жеткенімен, испандық Альберто Мартин Гайтероға қарсы айқаста осалдық танытты. Жұбаныш сайысында қандасымыз ресейлік Руфат Әләскеровке жол берді.
Бауыржан Нарбаев (60 кг) тұсаукесер кездесуінде тәжікстандық Мұхаммедсалах Қуватовтан, Алмас Ғалымов (66 кг) испаниялық Ньето Чинарродан, Ғалия Тынбаева (48 кг) аустриялық Катарина Танцерден, Балнұр Әбдешова (52 кг) хорватиялық Ана Виктория Пулизден, Толғанай Әбеуова (52 кг) италиялық Одетте Джуффридадан және Балнур Құсақбаева (57 кг) финляндиялық Пихла Салоннен алғашқы кездесулерінде-ақ ұтылды.
Жарыстың екінші күніндегі ең үздік нәтижеміз – 73 кг салмақ дәрежесінде күрескен Жансай Смағұлов пен Бақытжан Әбдірахмановтың үшінші кезеңге дейін жетуі. Алғашқы екі қарсыласын жеңген Жансай көп кешікпей әзербайжандық Рашад Мамадәлиевке жол берді. Бірінші айналымда бос болған Бақытжан екінші кездесуін ұтқанымен, үшіншісінде франциялық Бенджамин Габаға тізе бүкті. Ал Айбол Нысаналы мен Аңсарбек Гайнуллин (81 кг), Зарина Сарипова мен Есмигүл Куюлова (63 кг) және Екатерина Токарева (70 кг) «шу» дегенде сүрінді.
Кейінгі күні де Қазақстан құрама командасының мүшелері көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады. Әлбина Жангелдина мен Маргарита Гриценко (70 кг), Ермахан Әнуарбеков пен Мұхамедәли Мавлидов (90 кг), Әділет Сапарғалиев (100 кг) және Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев (+100 кг) алғашқы айналымнан аспады. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта айқасқан Кәмила Берліқаш үшінші кезеңде сүрінсе, 20 жастағы Карина Такиева жұбаныш бәсекесінде жеңіліс тапты. Солардың арасынан тек Ислам Бозбаевтың жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. 100 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан қазақ балуаны бастапқы бәсекелерде кипрлық Георгиос Круссианиотакис пен бразилиялық Рафаэль Аугусто Бузакариниден басым түсті. Ширек финалда оған грузиялық Илья Суламанидзе сан соқырып кетті. Жұбаныш белдесуде Ислам сербиялық Божан Досенді тізе бүктіргенімен, үшінші орын үшін тартыста нидерландтық Майкл Коррелге шамасы жетпеді.