Жасанды интеллект адам миының компьютерлік томографиясына қарап ой оқуды үйренді. Бұл инсульттан кейін сөйлеу дағдыларын жоғалтқан адамдарға көмектеседі.
Остиндегі Техас университетінің (UT Austin) зерттеушілері адамның ойын оқып, дереу мәтінге айналдыратын жүйе жасап шығарды. Ғылыми деректер «Nature Neuroscience» мамандандырылған журналында жарияланды.
Жасанды интеллект жүйесі «семантикалық декодер» деп аталады. Ойды оқу технологиясының ерекшелігі – миға имплантация жасаудың қажеті жоқ. Зерттеушілер функционалды магниттік-резонанстық томографияны қолданады. Яғни ми қызметінің инвазивті емес жазбаларын жазады. Олар 16 сағат бойы 3 адамды сөйлетіп, жасанды интеллектіге тыңдатып, эксперимент жасаған. Сонда жасанды интеллект адам миының сөздер тізбегіне қалай жауап беретінін дәлме-дәл болжаған. Демек ол мида жүрген ойларды сөзбе-сөз түсірмейді, тек түсіндіріп береді.
Бұл жаңалық өз ойын дұрыс жеткізе алмайтын адамды түсінуге мүмкіндік береді. Декодер жұмысының сәттілігінің кілті – адамның үдеріске ерікті қатысуында. Ой оқу үдерісін теріс мақсатта қолданбау үшін ғалымдар жобаға барынша мұқияттылықпен қараған.
– Миды оқыту кезінде қарсылық көрсеткендер, мысалы, берілген тақырып туралы емес, басқа нәрсе туралы ойлауға әдейі тырысқандар декодердің ойға қол жеткізуіне тосқауыл қоя алды. Мұны ғалымдар жүйенің артықшылығы деп санайды. Ойды күшпен оқудан сақтап, жеке өмір құпиялылығын қорғайды, – дейді зерттеудің жетекші авторы Джерри Танг.
Қазір зерттеушілер декодерді зертханалық ортадан тыс тәжірибелік мақсатта қалай пайдалану керектігі туралы ойланып жүр.