Жаһандану және барлық саланы цифрландыру кезеңінде халықаралық тәжірибемен және ресурстармен алмасудың маңызы мол. Шетелдегі әріптестерімен достық қарым-қатынас орнату еліміздегі кітапханалар үшін де пайдалы. Ынтымақтастықтың бұл форматы біздің кітапханаларға әлемдік даму үрдісін ескеруге, өз қызметін, жетістіктері мен мәселелерін өзге кітапханалармен салыстыра отырып бағалауға көмектеседі. Кітапхана қызметкерлері білім мен тәжірибе аясын кеңейтуге, кәсіби деңгейлерін арттыруға, жаңа тұжырымдамаларды әзірлеуге қатысуға мүмкіндік алады.
Оңтүстік Кореяның мәдениет, спорт және туризм министрлігі шетелдер арасындағы мәдениетаралық байланыстар мен өзара түсіністікті ынталандыру мақсатында 2005 жылдан бастап «Мәдени серіктестік бастамасы (CPI)» деп аталатын ұзақмерзімді мәдени алмасу жобасын жүзеге асырып келеді. Ал осы елдің Ұлттық кітапханасының «Мәдени серіктестік бастамасы (CPI)» бағдарламасы аясында «Шетелдік кітапханашыларға білім беру және оқыту бағдарламасы» 2006 жылы қолға алынған. Бүгінгі таңда бағдарламаға 23 елден 59 кітапханашы қатысқан.
Қазақстан Ұлттық кітапханасының цифрлық технологиялар қызметінің топ жетекшісі ретінде 2018 жылы Кореяның Кванджу қаласындағы Азия мәдениет орталығында «CIC Education and Training Program for Overseas Experts» (Шетелдік мамандарға арналған мәдени ақпарат үйлестірушілерін оқыту және даярлау) бағдарламасына қатысқан едік. Бағдарлама мәдениет және өнер мекемелерінің сарапшыларына қажетті қабілеттерді дамытуға көмектесетін көптеген бағдарлама мен іс-шараны ұсынды. Атап айтқанда, бағдарлама бойынша теориялық және практикалық білім алып, Азия мәдениет орталығына қатысты Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметімен таныстық, сондай-ақ Чонном Ұлттық университетінің Тіл білімі орталығы жанындағы Азия Мәдени институты үшін корей тілін меңгеруге және Корей мәдениетімен танысуға мүмкіндік жасалды.
Іссапар барысында Азия мәдени орталығының мұрағаттық жобалары, коллекцияларды жіктеу және озық технологияларды қолдану, материалдарды ұйымдастыру, сирек кездесетін құжаттарды цифрландыру және презервациялау саласымен танысып, Кореядағы жетекші кітапханалар мен мұражайларға, Кванджудағы мәдениет және өнер мекемелеріне сапарлар рухани байыта түсті. Тәжірибе алмасу барысында зерттеу жұмысын жазып, қорғаудың сәті де түсті.
Азияның мәдени орталығы – бұл халықаралық өнер ұйымы, сонымен бірге өткен, қазіргі және болашақтың мәдениеті мен өнерін инновациялық идеялар мен нанымдармен біріктіру арқылы құрылған Болашақтың жаңа өнімдерін шығаратын мәдени алмасу ұйымы. Ол Азиядан бастап, зерттеу (Research) – шығармашылық (Creation) – өндіріс (Production) кезеңдерінде әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылардың шекараларын жоюға, еркін бірігуіне және ой алмасуына ықпал ететін ортақ платформа рөлін атқарады. Жиналған зерттеулер мен ресурстар арқылы алынған нәтижелер бойынша Азияның мәдени орталығы, әртүрлі және динамикалық бағдарламалар (көрмелер, қойылымдар, тренингтер, фестивальдар және басқа да іс-шаралар) ұйымдастырады.
Бағдарлама аясында өткен жылы Сеул қаласындағы Корей Ұлттық кітапханасында Қазақстан, Филиппин және Вьетнам елдерінен келген кітапханашылар тағылымдамадан өтті. Қазақстан Ұлттық кітапханасының атынан Кореяның Ұлттық кітапханасы өткізетін мәдени серіктестік бастамасының құрамдас бөлігі «2023 Education and Training Program for Overseas Librarians» бағдарламасына қатысып, грантқа ие болдық. Бұл бағдарлама Кореяның Ұлттық кітапханасы мен шетел кітапханалары арасындағы халықаралық түсіністікке ықпал етуді, кітапхана тәжірибесін, озық технологияларды алуға мүмкіндік беруді көздейді, сондай-ақ кәсіби кітапханашыларға арналған бағдарлама ұсынды, Корей кітапханаларының қызметін пайымдауға арналған дәріс өтті. Бұған қоса Кореяның Ұлттық кітапханасында көшпелі тағылымдамадан өттік, жеке зерттеулер мен презентациялар жасалып, баяндамалар мен мақалалар жазылды, кітапханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды, корей тілі курсында оқып, Корей мәдениетімен танысып, мәдени мұра объектілеріне және далалық экскурсияларға қатыстық.
«Шетелдік мамандарға арналған мәдени ақпарат үйлестірушілерін оқыту және даярлау» бағдарламасының мақсаты – Корей мемлекетімен басқа елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, шетелдік кітапханаларда Кореяға қатысты ақпараттық қызметтерді ұсына алатын кітапханашыларды даярлау. Бағдарлама аясында үш кітапханадан барған мамандар ғылыми ақпараттық және кітапхана ісі саласында жеке зерттеулер жүргізді. Корей кітапханалары мен мәдениетіне қатысты құнды ақпараттың екі мемлекеттің Ұлттық кітапханалары арасындағы кәсіби байланысты дамытуға және олардың бұдан әрі өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.
Барлық ұлттық кітапхана сияқты Кореяның Ұлттық кітапханасының да мақсаты – азаматтарына қызығушылық танытқандарға қызмет көрсету. 1945 жылы құрылған Ұлттық кітапхана – Корея Республикасының зияткерлік және ақпараттық ресурстарының құнды қоймасы. Мұнда отандық басылымдар мен цифрлық материалдардың кең жинағы шоғырланған. Сонымен қатар азаматтардың әртүрлі қажеттілігіне бейімделу және кітапхана материалдарына тегін, оңай және ашық қолжетімді қамтамасыз ету үшін озық технологиялар енгізілген.
2020 жылы Қазақстан Ұлттық кітапханасында Корея Ұлттық кітапханасының бастамасымен және Алматы қаласындағы Корея Республикасы Бас консулдығының қолдауымен «Кореяға терезе – Window on Korea» атты кітап бұрышы ашылды. Мұндағы оқу залында корей тіліндегі ең үздік заманауи әдебиеттер, сондай-ақ Кореяның ұлттық қолданбалы өнерінің үлгілері ұсынылған. Кітап бұрышындағы ақпараттық терминалдан оқырмандар Корей Ұлттық кітапханасының қызметі туралы бейне-экскурсияға қатысып, Ұлттық кітапхана қорындағы корей тіліндегі әдебиеттері, Корея экономикасының дамуы, тарихы мен мәдениеті туралы бірқатар бейнебаянмен таныса алады.
Қазақстан Ұлттық кітапханасының қорына келіп түскен басылымдардың корей тілінен қазақ тіліне библиографиялық жазбаларының аудармалары жасалып, ғылыми библиографиялық жазбалары Ұлттық кітапхананың электрондық каталогтеріне енгізіліп, халықаралық кітап алмасу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. «Кореяға терезе – Window on Korea» кітап бұрышында қазақ және корей тілдерінде басылымдарға шолу жасалып, Корей елінен келген туристерге Ұлттық кітапхананың ішінде экскурсия ұйымдастырылады. Бұл бағдарламаға Ұлттық кітапхана атынан маманның қатысуының өзіндік сыры бар. Мәселен, корей халқы үшін Ұлттық кітапхананың сирек қорындағы ескі қытай (Вэньян жазуы) тіліндегі корей кітаптарының орны ерекше. Ол кітаптардың ішінде, әсіресе 146 томнан тұратын «Мунхон биго» қолжазбасының рухани құндылығы жоғары бағаланады.
Корей Ұлттық кітапханасының библиографиялық стандарттар орталығы – ISBN, ISSN және ISNI ұлттық агенттігі. Осы елдің Мәдениет, спорт және туризм министрлігі қоғамдық кітапханаларда цифрлық ресурстар орталықтарын құру жобасына қатыса отырып, Ұлттық кітапханасына 2003 жылдың желтоқсанында RFID жүйесін енгізді.
Әлемнің ірі кітапханаларының бірі саналатын Корей Ұлттық кітапханасы аумағымен де, бай кітап қорымен де ерекше әсерге бөлейді. Тәжірибеден өту барысында кітапхананың заманауи тартымды инфроқұрылымы, оның бай қоры, жаңашылдыққа толы қызметі, оқырманға қызмет көрсету бағытындағы жаңа технологиялар, цифрлық технологиялар, көрме экспозицияларымен танысып, көптеген маңызды және кәсіби саладағы дағдыға көз жеткіздік. Шетелдік кітапханалармен ынтымақтастық құру еліміздің Ұлттық кітапханасы мен отандық кітапханаларды әлемге танытуға, өз ресурстарын елден тыс жерлерде қолжетімді етуге жақсы мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу әртүрлі елдің халқы үшін әлемдік мәдени мұраның жауһарларымен танысып, әдебиеттермен алмасуға мүмкіндік береді.
Ұлттық кітапханалардың тәжірибе алмасуы отандық кітапханаларға серпіліс беріп, озық технологияларды тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Халықаралық тағылымдамалар кәсіби кітапханашы үшін аса қажет. Ал біздің көрген-білгеніміз қызметте қолдануға маңызды.
Гүлмира СМАҒҰЛОВА,
Ұлттық кітапхананың цифрлық технологиялар қызметінің топ жетекшісі