Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елімізде көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды Үкімет отырысында баяндады, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің сөзінше, қазір республикада су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша шаралар қабылданған. Осы бағытта «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілген.
Сондай-ақ Шыңғыс Әрінов су тасқыны бола қалған жағдайда халықты құлақтандыру, зардап шеккендерді жинау пункттері дайындалғанын айтты.
«Бұдан бөлек, елді мекендерде уақытша бөгендер салу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды», деді Төтенше жағдайлар министрі.