Шайқалған шаңырақ. Үзілген үміт. Тағдыр теперіші. Сәкен театрына жиналған көрермен бір сәт осындай күйді сезінді. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасы желісі бойынша сахналанған бұл қойылым қазақ қоғамындағы қасіретті жеткізгісі келді. Жеткізді де. Театрға жиналған жасы үлкендер де, жастар да, жалпы көрермен қауым орнынан тік тұрып, қошемет білдірді.
Біз ойладық та қойдық, ащы судың жетегінде жүргендерді жетектеп алып келіп көрсетсе деп. Бәлки, есін жиып, ел қатарына қосылар ма? Қанша айтқанмен, театр тәрбиенің ошағы ғой.
– «Қара пиманы» алғаш рет Өскеменде сахналық нұсқасын жасап, қойдық. Кейін Ақтөбеде қойылды. Ол жақта әлі жүріп жатыр. Енді Қарағандыға келді. Айта кетерлігі, поэмада шешесінің өлімі белгісіз. Ал қойылымда бала чемпион болуды армандайды. Туған күнін жасайды. Осыған бола анасының ауруханада жатпай, ем қабылдамай ерте шығып кетуі тромбтың жарылуына алып келді. Денсаулық – зор байлық. Мұны ұмыттық қазір. Ұйықтап қалып, оянбай қалып жатқандар көп. Жүйке шаршаған, аста да зиянды дүние көп. Тромбоэмболия ауруы бұрын 40 жастан кейін кездеседі екен. Қазір 13 жастағы бала да шалдығып жатыр. Бұл – ойланатын жағдай. Денсаулықты күту керек. Өзім дәрігер болған соң, осындай шешімдер қабылданды. Пиманы сатқан әкесі тойлап кетіп, төбелесіп, 15 тәулікке қамалады. Осы арада бала аяғын үсітті. Поэма мен драмалық нұсқа арасында осындай айырмашылық бар. Қойылым сәтті шықты. Десе де сахналанған сайын пісіп, жетіле түсетінін айта кеткен жөн, – дейді режиссер Айдын Абзалбекұлы.
Қойылымның режиссері бұл жолы жастарды шығарыпты сахнаға. Және де олар өзіне берілген рөлді сәтті орындап шыққанына бек риза.
Бала рөлін – Мерей Бақытбекұлы, әке бейнесін – Азамат Амантай, анасын – Сая Бекбосынова, көрші апаны – Гүлнар Базарбаева, әкесінің досын Жандос Шәкен сомдады.
Тәубесіне келген әке ауруханаға келіп, баласының жанына жайғасып, «Мынау саған әкелген жаңа пима» дей бергенде, баланың көңілі түсіп, «Маған енді пиманың қажеті жоқ», дейді. Әкесі аңтарылып қалды да, ақ көрпені ашып жіберді. Баласының аяғын балтырдан кесіп тастапты. Кешегі жүгіруден чемпион боламын деген баланың арманы астан-кестен болды. Осы сәттегі әкенің күйінуі де әсерлі шықты. Бәрі-бәрі ащы судың кесірі еді. Кеш те еді... Қойылымды бір деммен көріп отыр- ған көрермен орамалымен көз жасын сүртті.
«Бір байқағанымыз, басқа түскен ауыртпалыққа, қайғыға ердің ері төтеп береді екен. Жақын адамыңның қазасына қатты қайғырып, тіршіліктен баз кешпей, аманат өмірді жалғастыру – міндет. Неге енді осындай қарапайым қағидаттарды ұмытып, орны толмас қателікке ұрынамыз? Үйдегі бар бұйымның араққа сатылуы өкінішті. Басқасын қойыңызшы, қазақтың жанындай болған қасиетті қара домбыра да ішімдікке бола сатылды. Ал жалғыз баласының пимасын да ішкілікке айырбастауы – зор қасірет. Бірге күйініп, бірге жыладық. Пимасынан айырылған баланың аяғын үсік шалып, жанын аман алып қалу үшін дәрігерлердің кесіп тастауға мәжбүрлігін басқаша қалай атауға болады?», дейді театрдағы әр қойылымды қалт жібермейтін Жәлел Қуандықұлы.
Қарағанды облысы