Жақында Алматы қаласында Сәулетшілер одағы мен Сәулет-қала құрылысы қоғамдастығы жиын өткізді. Онда сала мамандары қаланың сыртқы келбетінің эстетикалық және тарихи ерекшелігінен айырылуы, қала құрылысында бірыңғай саясаттың жоқтығы, ауқымды нысандардың орынсыз салынуы сияқты мәселелерді кеңінен талқылады.
Алматыда болған жер сілкінісі қала билігінің халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және зілзаладан кейін туындауы мүмкін зардаптарды жою мәселесіне дайын емес екенін байқатты. Әсіресе сейсмикалық талап күшейтілуге тиіс. Бүгінде елімізде 3,5 миллионнан аса адам осындай қауіпті аймақта тұрады екен.
Мамандардың айтуынша, қазіргі «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның қолданыс аясы тар. Оны жүзеге асыруда 70-ке жуық акті бекітілген. Құрылыспен байланысты мәселелер қолданыстағы 8 заңда қарастырылған. Жиында айтылған сын-пікірлердің басым көпшілігі заңдағы қарама-қайшылықтарға, ережелердің сәйкес келмеуіне, құрылыс саласы мәселелерін реттеудегі құқықтық алаңның жоқтығына, сілтемелік және бланкеттік нормалардың көп болуына байланысты болды. Жұмыс тобының қатысушылары заңнамалық актілер нормасының бытыраңқылығына көптеген мысал келтірді.
Қолданыстағы бұл салалық заңнама тікелей әрекет ететін акт болып танылмайды. Себебі бұларды жүзеге асыру үшін бірнеше кіші заң актілері қабылданған. Бұл құқық қолдану тәжірибесінде қайшылықтарға әкеліп, азаматтар мен инвесторлар үшін заңнамалық нормаларды түсіндіруде кедергілерге соқтырады. Ал арнаулы заңнаманы түбегейлі жақсарту үшін заңның басты қағидалары мен ұстанымдарын қайта қарау қажет.
Бұл ретте еліміздің құрметті сәулетшісі, халықаралық Сәулет академиясының академигі, «Градо» ЖШС басшысы Әркінжан Мәметов: «Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп, Үкімет Парламентке ұсынған Құрылыс кодексінің жобасында қала құрылысын реттеудегі, халықтың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру жағдайын жасаудағы кәсіби сәулетші және қала құрылысын салушының рөлі екінші кезекке ысырылып, елдің сейсмикалық аймақтарындағы жобалау мәселелері жалпы кәсіби тұрғыда жеткіліксіз, жалпылама сөздермен сипатталған. Облыстар, қалалар мен жекелеген аудандарындағы бас сәулетшілердің мәртебесі төмендетіліп, олардың орнына сәулет және қала құрылысы қызметінде тиісті кәсіби тәжірибесі жоқ адамдар тағайындалғандықтан, бекітілген бас жоспарлар, елді мекендердің егжей-тегжей белгіленген жобалары жергілікті билік пен инвесторлардың қысымымен негізсіз өзгертіледі», дейді.
Дайындалып жатқан кодекс жобасы қала мен өзге де елді мекендердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қамтып, бас жоспарды әзірлеу, ғылыми-техникалық және инженерлік-ізденіс жұмыстарын жүргізу, ірі өңірлерде өзіндік ерекшеліктері бар мамандандырылған ғылыми орталықтарды құру деңгейінде нақтылануға тиіс. Сондай-ақ халықтың толыққанды қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды орнықты дамытуға бағытталуы керек.
Әркінжан Ахметжанұлының айтуынша, Құрылыс кодексінің жобасы бірнеше рет талқылауға түсті. Аталған жобаны Мәжіліс қарауына енгізілген күйінде қабылдауға болмайды. Қазіргі жоба сәулет-қала құрылысы қатынастары мен құрылыс үдерісін құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін негізгі нормативтік құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне сай емес. Сарапшылардың да жобаның қойылған міндетке жауап бермейтіні, қолданыстағы нормалар жиынтығын қайталайтыны, жаңа тәсілдер мен шешімдерді қамтымайтыны туралы айтып жатқан сын-пікірлері орынды-ақ.
«Бұл жоба Қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметі саласында жаңа демократиялы, прогрессивті, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтін, монополиясыз қалыптасқан жүйені құру жөніндегі жалпы стратегиялық бағытынан туындаған. Кейінгі кездері құрылыс компанияларының аумақтарды кешенді дамытуға қойылатын нормативтік талаптарды, оның ішінде әлеуметтік мақсаттағы нысандарды елемей, құрылыс тығыздығын жиілетіп жібергені рас», дейді Ә.Мәметов.
Иә, қарастырылып отырған сегіз бөлімнен тұратын заң жобасында тек бір бөлімі қала құрылысы және сәулет қызметі саласына жатса, қалғаны – әзірлеу тәртібі туралы нұсқаулықтардың көшірмелері. Сонымен қатар деңгейі қала құрылысы кодексіне сәйкес келмейтін қолданыстағы заңға тәуелді актілердің мазмұнын қайталайтындары да бар.
«Бұл заң жобасына енгізілген үрдіс негізінен инерциялық форматта қызметтің құрылыс саласын дамытуға бағытталған. 4-бөлімдегі сәулет және қала құрылысы дербес бөлім ретінде әзірленуі керек. Қала құрылысы бөлімінен бастап, тиісті заңнамалық актілерге немесе нормативтік құжаттарға сілтеме жасай отырып, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының тарауы алынса, заң жобасында қала құрылысы қызметінің екінші аспектілері Мемлекеттік қала құрылысы кадастры ретінде, тұтастай алғанда қала құрылысы үдерісін артта қалдырып, әдейі бірінші орынға шығарылған», дейді Сәулет академиясының академигі.
Оның айтуынша, заң жобасының қарауына ұсынылған МҚК туралы баптар алынып тасталуы қажет. Қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметі саласындағы монополияны жоюға бағытталған заңға тәуелді және заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізу керек.
Сәулет-қала құрылысы қоғамдастығы Мәжіліске ұсынылған кодекстің жобасында сәулетшілер мен қала құрылысын салушыларды тарта отырып, елеулі түрде қайта қарауды әрі кең көлемде қоғамдық талқыға шығаруды қалайды. Содан кейін ғана Парламенттің қарауына «Қала құрылысы кодексі» деген атаумен ұсынылуы керек деген пікірде.