• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Ақпан, 2024

Бұрын «әкем біледі» дейтін еді, қазір «анам шешеді» дегенді жиі естиміз – депутат

207 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай дәстүрлі отбасы институтындағы ерлердің беделіне қатысты Ішкі істер министрлігі  мен  Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдеріне депутаттық сауалын жолдады. Қоғамда әйелінен қысым көретін ер азаматтардың да құқығы тапталмауы керек екенін айтты, деп жазады Egemen.kz төменгі Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда түрлі келеңсіздіктер байқалып жатыр. Солардың санатында өзінің ер азаматынан қорлық көрген әйел ғана емес, әйел затынан қысым көретін еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балалары соққыға жығатын қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын, әкемнен сұрайын» деген түсінігі бар буын едік. Қазір «анам біледі, анамнан сұранайын, анам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр.

Кеше ғана Қарағандыда болған 78 жастағы кейуананы өзінің ұлы ұрып-қорлау дерегі білегінен әл кетіп, бойынан қуат кеткен шағында туған баласынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатқанын айқындайды. Сондықтан қоғамдағы ер азаматтардың және ата-аналардың құқығын қорғау мәселесі шешімін табуы тиіс», деді А.Әлтай.

Депутат өз сауалында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілінен ақпараттық кеңістікте қазақтың жігіттерін, ер азаматтарын ез етіп бейнелейтін, қорқақ, жалтақ етіп сипаттайтын түрлі контенттердің артуы, комедиялық жанрдағы фильмдердің көбеюі ненің әсері екенін сұрады.