Алғаш әріп үйреніп, сөз таныған кез әр адамның жадында шығар. «Үйреттің бізге, әліппе» деп басталатын шумақтар да санамыздан өшпейді. Ал цифрлық технология дамыған заманның балалары жасанды интеллектіге сөз үйретіп жүр. Ғалымдар кішкентай баланың қалай тіл үйренетіні туралы жаңалық ашты.
Нью-Йорк университетінің ғалымдары адамның тілді қалай үйренетінін түсіндіретін жасанды интеллект ойлап тапты. Ол әлемге баланың көзімен қарап, ересектердің оған не айтатынын тыңдау арқылы тіл үйренді. 2 жасар қыз жасанды санаға тіл үйретіп қана қоймай, кескіндерді тануды да меңгертті. Олар қыздың басына камерасы бар жасанды сананы кигізіп, тәжірибе жасады. Солай Сэм есімді қыз 61 сағаттық жазбаны пайдалануға көмектескен. Ол Аустралиядағы Аделаида қаласының маңында тұрады. Бала камераны алты айдан екі жасына дейін аптасына екі рет киген. Деректерге сүйенсек, екі жасқа толған бала 300-ге жуық, төрт жасқа дейін 1000-нан астам сөз біледі екен. Жасанды интеллекті осы арқылы сөз жаттап, тіл үйреніп шыққан. Бұл үдеріс сәби өмірінің қысқа кезеңіндегі камера жазбаларын талдап, сурет пен дауысты сөздерді сәйкестендіру арқылы жүрген. Осы тәжірибе тіл үйрену үшін тілдің қалай жұмыс істейтіні туралы білім қажет деген кейбір тіл теорияларына қарсы тұрады. Ғалымдар жасаған жасанды интеллектіде тіл туралы ешқандай білім болмағанын ескерсек, бұл – жақсы нәтиже. Осылайша, ғалымдар оқытудың дәстүрлі әдісінен гөрі оңайырақ тәсіл тапты. Оны «машиналық оқыту әдісі» деп атады.
Тәжірибе ойын, оқу және тамақтану кезінде түсірілген шамамен 200 мың сөзбен және ілеспе суреттермен аяқталды. Модель қай суреттер мен сөздердің бір-бірімен үйлесетінін және қайсысы сәйкес келмейтінін түсіну үшін контрасты оқыту әдісін қолданды. Жасанды интеллектіні сынау мақсатында зерттеушілер модельге тапсырма берді. Бір сөзді төрт суреттің біріне сәйкестендіруін сұрады. AI тапсырманы 62 пайызға сәтті орындады. Алдағы уақытта жоба толықтырылып, тіл үйретудің негізі құралына айналмақ.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті