Шығыс Қазақстанның таулы өңірлеріне омарташылар ауадай қажет. Олар ара ұстап, балды баптаумен ғана емес, оны түрлендірумен де шұғылдануға тиіс. Сондықтан да С.Аманжолов университетінде «Орман ресурстары, аңшылық және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасы аясында он студент білім алып жүр.
Біреу білер, біреу білмес, кешегі кеңес үкіметі кезінде Алтайдың балын бай-бағландар орталыққа аттай қалап алғызып отырған екен. Сапасы да, саны да өзге өңірлерден әлдеқайда алда еді. Алда болмағанда ше?! Таулы өлкенің мың түрлі гүлінен алынған бал – дәм ғана емес, ем де. Алайда брендті бизнеске айналдырумен шектелмей, оның сапасын ұстап тұруды да омарта шаруашылықтары күн тәртібінен түсірмеуі тиіс. Теориялық білім алған студенттер қазіргі уақытта омарта шаруашылығында арнайы практикадан өтіп жүр.
– Қыс мезгілінде студенттер бал өнімдерін арнайы құрылғымен қаттайды, қаптайды, жапсырма қағаздарын жапсырады. Біздің шаруашылықта омартаға қажетті техниканың барлық түрі бар. Демек, студенттер білікті маман болып шығады, – дейді «Пасека» омарта шаруашылығының қызметкері Раиса Қасымбаева.
Шығыста туризм саласы дамыған сайын балға сұраныс артып келеді. Сұраныс артқанымен, омарташы мамандар қат. Ертеңгі күні барымызды, балымызды жоғалтып алмау үшін арашыларды бүгін дайындап жатыр.
Практиканттар сонымен қатар жаз мезгілінде бал шайқауға қатысады. Омарталарды жабдықтап, араны күтіп-баптаумен айналысады. Айта кетейік, кейін студенттерде өздері қалаған тәжірибе базаларында жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Жалпы, С.Аманжолов университеті түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 98 пайызды құрайды.
Шығыс Қазақстан облысы