Өзбекстанда туып-өскен танымал боксшы Аман Қонысбеков атажұртқа қоныс аударып, алдағы дүбірлі додаларда өзінің тарихи отанының намысын қорғауға бел буды.
Науаи облысының Зафарабад ауылында дүниеге келген 19 жастағы қандасымыздың елішілік және халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері деген атағы бар. Былтыр қараша айында ұйымдастырылған Өзбекстан біріншілігінде 71 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Қонысбеков қола медальды мойнына ілді.
Аман Астанаға көшіп келгенімен республикалық деңгейдегі жарыстарда Түркістан облысының атынан сынға түседі. Бүгінде ол елдің ұлттық құрамасымен бірге Алатау баурайында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.